ҮЙДЕГІ ІСТІ СЫРТҚЫ АХУАЛ ДА БИЛЕЙДІ

ҮЙДЕГІ ІСТІ СЫРТҚЫ АХУАЛ ДА БИЛЕЙДІ

Ана мен баланы қорғау ісі қоршаған орта тазалығын сақтау мәселесімен де тікелей байланысты. Ішкен су, татқан тұз-дәм ғана емес, тыныстайтын ауа уланып, басқан жеріміз былғанған жерде салауатты өмір болмайтыны түсінікті шығар.

Түркістан облыстық Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының Бадам өзені суқорғау аумағында жүргізген рейді көңіл құлазытты. 

Бүкіл маңай тұрмыстық қоқысқа толып, төңірек әбден ластанған. 

Биылғы тамыз айында Экология министрлігі өткізген ғарыштық мониторинг деректері бойынша Шымкент өңірінде қоқысты рұқсатсыз төгу 100% тыйылды деп мәлімделген еді. Өкінішке қарай, бұл мәлімет шындықтан біраз алыстау болып шықты. Өйткені, расында да, кейбір ағайындарымыз тазалыққа мән бермей, айналасын күл-қоқысқа толтыруды әдетке айналдырып жүр. 

Ал жағымды жаңалыққа оралар болсақ, Сарыағаш ауданына қарасты Береке елдімекенінде ауыз су мәселесінің лайықты жолға қойыла бастағанын айтар едік. 

Мұнда ауыл тұрғындарына суды құбыр арқылы тарту жұмыстары жалғасып жатыр. Осылайша жүйе қолданысқа енгізілген соң берекеліктер сапалы суға қарық болады.  

Сондай-ақ Сарыағаш ауданындағы Құрама поселкесінде басталған жабық спорттық кешен құрлысының қарқыны көз қуантады. 

Еліміздің ертеңгі иелері – өскелең буын жастарға ғана емес, ауылдағы үлкендер үшін де аса маңызды бұл шаруа мемлекеттік «Ауыл ел – ел бесігі» бағдарламасы бойынша іске асырылуда.

Бокс, күрес, үстел теннисі, волейбол, баскетбол және басқа спорт түрлерін кеңінен қамту мұрат тұтылған сәулетті спорт кешенін алдағы жылы іске қосу көзделіп отыр. 

Мәди МАҒАЗ, 

Түркістан облысы.