ҚОРЛАНҒАН БАЛА ҚЫЛМЫСҚА БЕЙІМ
2023 ж. 29 қараша
285
0

Титтейінен жапа шеккен бүлдіршіннің өмірі ит-қорлықпен өтуі мүмкін. Сондықтан баланы жәбірлеу бүкілғаламдық мәселе айналып отыр.
Қатігездік әрекеттері балдырғандарды ауыр күйзеліске түсіруімен бірге олардың миының дамуын қатты тежейтін көрінеді. Сондай-ақ жүйке мен иммундық жүйе күйрейді. Балбөбек шақта өткерген қысымның салдарынан адам физикалық та, психикалық тұрғыдан біртінеп бұзылады. Сөйтіп жастайынан-ақ шылым шегуге, ішкілікке, нашақорлыққа бейімделіп, бұзақылық жолға түседі.
Мұндай ұл мен қыз жыныстық қатынасқа да жастайынан үйірленіп, қоғамдағы өзге де көптеген келеңсіз жағдайларға ерте араласатды екен. Және бұлардың сабақты да дұрыс оқып жарытпайтыны түсінікті – қаршадайында жапа шеккен жастардың 13% мектепті бітірмейтіні анықталыпты.
Ең қиыны, болашағы бұлдыр келетін осылар қоғамдық ортаға зиян тигізумен қатар мемлекет қазынасына да орасан шығын келтіретін болып шықты. Өйткені, олардың психикасын емдеуге, салауатты өмірге бейімдеуге, оңалтуға, әлеуметтік жағынан қорғауға орасан қаржы жұмсалып отырады.
Осындай жағдайды жіті ескергендіктен де болар, Түркістан облысының Созақ ауданында заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тұрмыстық-отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы жұмыла қимылдауды ұйғарыпты.
Осылайша, шаңырақ астындағы өзара қысым мен қақтығыстың алдын алу жөніндегі меморандумына жергілікті сот, құқық қорғау, сондай-ақ әкімдік пен мәслихат өкілдері қол қойды.
Үй ішінде кішілерге көрсетілетін қысымға қоса жеткіншектердің құқын қорғау, сондай-ақ кәмелетке толмаған буын арасындағы қылмыстың алдын алу – күн тәртібінен түспей келе жатқан жәйт.
Міне, Түркістан облыстық прокуратурасы «Салауатты болашақ» жобасы бойынша дәл осы мәселені қолға алды. Бұл бағытта құрылған «Жасөспірім» ақпараттық жүйесі барлық мәліметті жинақтай отырып, келеңсіздікке тосқауыл қоятын шараларға кіріседі.
Қ.СӨҢКЕҰЛЫ