ӘЖЕЛЕР ӘЛЕМІ

ӘЖЕЛЕР ӘЛЕМІ

       Әже мейірімі, әженің аялы алақаны, әженің әлди әні, әженің ертегісі... Әже туралы айта берсек әңгіме ешқашан таусылмақ емес. Әсіресе ата-әжесінің бауырында өскен немерелер үшін одан асқан бақытты шақ болған емес, болмайтын да шығар...  

     Бағзы заманнан бері қазақ халқының өмірінде ата-әже тәрбиесі айырықша орын алып келген. Жас отбасының тұңғышы ата-әжесінің баласы болып есептелінген. Ата-әженің бауырында өскен баланың тәрбиесі де ерекше, өзгелерге қарағанда еркін болады. Өз ойын ашық жеткізіп, батылдық көрсетуге бейімделеді. Бала кезден бойын сіңген бұл қасиеттер ертеңгі күні адамның өмір жолында үлкен көмегін тигізеді. Әже – отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, ағайын-туғанның, абысын-ажынның бірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі.

       Ғасырларға жалғасып келе жатқан әжелерге деген құрмет бір мысқал кеміген емес. Бүгін де ақжаулықты әжелеріміздің отбасынан бөлек қоғамдағы орны да ерекше. Олар отбасының бірлігіне, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Әжелер алқасына» 10 жыл толуына орай «Аялы әже» форумы өтті. Іс-шара аясында ұлттық тағамдарымыз бен дәстүрімізге, қолөнерімізге арналған ауқымды көрме ұйымдастырылды.

         Киелі Түркістанда өткен бұл мерейтойлық жиынға қала тұрғындары белсене қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов және аудан мен қалалардан кеңес-алқа мүшелері қатысып, мерейтоймен құттықтады. Жиында ұлттық салт-дәстүрімізді жоғалтпай жалғастырып келе жатқан бүгінгі қазақ қоғамындағы әжелеріміздің рөліне арналған арнайы бейнефильм көрсетіліп, ақжаулықты әжелер ұлттық салтымызды сахналап, өз өнерлерін паш етті.

         Ауқымды жиында ел ішінде ерен еңбегімен танылған, озық ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеп жүрген әжелер «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың және облыстық ардагерлер кеңесінің мақтау қағаздарымен марапатталды.

- Түркістан өңірі - ұлттық дәстүрді ұлықтаған киелі мекен. Күнгей өлкенің әрдайым ынтымағы, бірлігі мығым. Қазақ қоғамында ұрпақ тәрбиеcі мен ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптейтін асыл әжелердің орны мен рөлі қашанда ерек болған. Бүгінгі жиын да осы мақсатта өтіп отыр. Біз ұлттық тәрбие беруде әжелеріміздің тәліміне көп сенім артуымыз керек. Бүгінде облыстық ардагерлер кеңесі, оның ішінде Әжелер ұйымы жаңаша бағытта жұмыстар атқарып келе жатыр. «Қарты бар үйдің - қазынасы бар» дегендей, ата мен әже – ел тұлғаларын өсіретін ұлттық мектеп, - деді Бейсен Тәжібаев.

        Түркістан аймағында әжелер мектебінің тамаша үлгісі қалыптасқан. Осы әжелер мектебінің үлгісін одан әрі дамыту тәжірибесін басқа өңірлерде де насихаттау үшін «Аялы әже» атты мүсін-таңба еліміздің барлық облыстарына эстафета ретінде табысталмақшы. Алғашқы эстафета «Аялы әже» форумында киелі Түркістан өңірінен әулиелі Жамбыл облысына салтанатты түрде тапсырылды.

     Айта кетуіміз керек, еліміз бойынша «Әжелер алқасын» құру осы қасиетті Түркістан өңірінде бастау алған-ды. Сонау 2012 жылы Қазғұрт ауданында «Ардагерлер кеңесі» қасынан алғашқы «Әжелер алқасы» құрылған болатын. Он жылдық мерейтойын былтыр атап өткен қазғұрттық әжелер он жылда көптеген игі істердің ұйытқысы болды. Әкімшілік өкілдері мен қоғам белсенділері алғашқыда бұл жоспарды іске асыру қиынға соққанын жасырмайды. «Ұлттық салт-дәстүрді сақтап, жас ұрпақты тәрбиелеуде әжелерсіз ісіміз алға баспайтынын түсініп, түрлі кедергілерді жеңіге тура келді. Сол талпынысымыз оң нәтижесін берді. Оған бүгін көз жеткізіп отырмыз» - дейді аудан ардагерлері бірауыздан.

    Қазығұрт жерінде өткен мерекеде әжелер жүн түту, алаша тоқу, киіз басу сияқты қазақтың көптеген қолөнерін көрсетті. Құрамында 130-дан аса мүшесі бар әжелер ұйымы былайғы уақтта да қолөнердің түрлері бойынша шеберлік сабақтарын өткізіп, жастарға үлгі көрсетуде. Қыз тәрбиесіне қатысты түрлі іс-шаралар да өткізіп жүр. «Біздің негізгі мақсатымыз жастарға ұлттық салт-дәстүрімізді ұмыттырмай бағалатып, қазақи тәрбие беру. Ұрпақтарымызды ұлтжанды, отанын сүйетін айтулы азамат болып қалыптастыру баршамыздың міндетіміз» - дейді «Әжелер алқасы» жетекшісі Бағила Исмайыл.

     Облыс бойынша танымал болған «Әжелер алқасы» қоғамдық ұйымдары әрбір аудаданда халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын бойға сіңіру арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне ақ жаулықты әжелер үлкен үлес қосуда. Олардың жұмысын көрсету және ынталандыру мақсатында байқаулар да өткізіліп тұрады. Мысалы, Отырар ауданында «Ақылман әже» байқау өткізілген болатын. Төрт бөлімнен тұратын байқау өте қызықты өтті. Байқау барысында әжелер халқымыздың ұлттық дәстүрлерін насихаттап, қазақтың түрлі тағам түрлерін дайындап, тіпті өздерінің өнерлерін де көрсете білді. Шара соңында өнерімен, өнегелі әңгімесімен көптің көңілінен шыққан ардақты әжелер арнайы номинациялармен марапатталып, сый-сияпат жасалды. 

       Аймақтағы «Ардагерлер кеңесі» мен «Әжелер алқасы» қаладағы, аудандағы, ауылдық жерлердегі барлық көпшілік іс-шарларға белсене қатысады. Осындай ауқымды іс-шараларда олар тәрбиелік мәні зор тақырыптарда түрлі көрмелер өткізеді.

        Жылдағы дәстүр бойынша биыл да Түркістан қаласында 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысып, ақсақалдар мен әжелерді құттықтады.

– Қадірлі ақсақалдар! Аяулы ақ жаулықты әжелер! Баршаңызды мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Қазақ бағзы заманнан қарияларды халықтың баға жетпес қазынасы санап, олардың батасын алуды мәртебе көреді. Бұл қасиет атадан-балаға мұра ретінде дәріптеліп келеді!» -деп баға берді. 

   Ия, бұл жоғары баға! Оған ақ жаулықты әжелеріміз әбден лайықты!

Қазақ үні