ТҮРКІСТАНДЫҚ БАЛАЛАР ҮШІН ЖАҢА МЕКТЕПТЕР САЛЫНБАҚ

ТҮРКІСТАНДЫҚ БАЛАЛАР ҮШІН ЖАҢА МЕКТЕПТЕР САЛЫНБАҚ

Демографиялық тұрғыдан республика бойынша көш бастап тұрған Түркістан облысында мектеп тапшылығын жою мәселесі қолға алынды. Бұл өз кезегінде балаларды қолдауға, олардың сапалы білім алуы үшін жасалатын зор мүмкіндік. Балалар – еліміздің болашағы. Сондықтан да балаларды қорғау, қолдау ісіне Түркістан облысында өте жоғары деңгейде көңіл бөлінеді.

Бүгінде облыс бойынша мектеп саны – 1029. Өңірде 908-і мемлекеттік болса, 121 жекеменшік мектеп бар. Білім ұяларында 519 904 оқушы білім нәрімен сусындап, оның ішінде жекеменшік мектепте 31 978 оқушы оқиды.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте жекеменшік мектептер салуға кәсіпкерлерді тарту мәселесі сөз болды. Жиынға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, кәсіпкерлер қатысып, осы мәелені шешудің жолдарын қарастырды.

– Түркістан облысы демографиялық өсім бойынша елімізде алдыңғы орында. Жаңа мектептерге деген қажеттіліктің күн тәртібінен түспеуі де заңдылық. Республика бойынша 2021-2025 жылдар аралығында салынып жатқан мектептердің төрттен бір бөлігі – Түркістан облысына тиесілі. 

Төрт жылда аймақта 199 мектеп салында. Жалпы білім беру мекемелерінің жетіспеушілігін жою мақсатында жекеменшік мектептерге жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі де жолға қойылған. Яғни, кәсіпкер мектеп салып, онда білім алатын әрбір оқушы үшін мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз қаржыға ие болады. Кәсіпкерлерді осы игі істі қолдауға шақырамын.

Білімге салынған инвестиция ең құнды инвестиция. Мұның ақталатыны сөзсіз. Түркістан облысында мектеп тапшылығы әсіресе аймақтарда білініп жатыр. Осы мәселені оңынан шешу үшін біз кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс атқаруға дайынбыз, – деді Бейсен Тәжібаев.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Асқар Ибраимов жекеменшік мектептерде оқушыларды жан басына қаржыландыру жүйесі қалай жүзеге асатынын мәлімдеді.

Түркістан облысы білім басқармасының бөлім басшысы Азамат Таңгатаров мектеп саны туралы ақпарат беріп өтті. Оның сөзінше, өңірдегі мемлекеттік 728 мектептің ғимараты типтік болса, 180 мектептің ғимараты ыңғайластырылған. 2023 жылдың өзінде өңірімізде 28 жекеменшік мектеп ашылды. Ал 2023-2025 жылдар аралығында облыста 96 мемлекеттік мектептің құрылысы жүргізілмек.

2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» жобасы аясында облыста 63 мектептің (жобалық қуаттылығы 49 000 орын) іс-шара жоспары бекітілді. Жаңа мектеп салу үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. 2024 жылы 29 мектеп, 2025 жылы 34 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. 

2024-2026 жылдар аралығында облыс бойынша 6512 оқушы орнының тапшылығын, апат алдындағы, үш ауысымды мектептердің және ғимараты ыңғайластырылған мектептердің мәселесін шешу үшін 23 мектеп салу қажеттілігі туындап отыр.

Жиында 100 - 300 орындық мектептер салу мәселесін жекеменшік инвесторлар есебінен және мемлекеттік-жекешілік әріптестік механизмі арқылы жүзеге аспақ. Мемлекет тарапынан жекеменшік мектеп салатын инвесторлар оқушылар санына қарай қаржыландырылмақ.

Кәсіпкерлер өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Осы бағыттағы атқарылу тиіс жұмыстарды жан-жақты саралап, әріптестік орнататындарын айтты.

qazaquni.kz