ОТБАСЫНДАҒЫ ЗОРЛЫҚ ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ ЗАРДАБЫ АУЫР

ОТБАСЫНДАҒЫ ЗОРЛЫҚ ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ ЗАРДАБЫ АУЫР

          Қоғамда болып жатқан жағымсыз құбылыстардың бір бөлігі отбасынан бастау алады. Сондықтан түрлі жат мінез-құлықтарды, заңсыздықтарды тазарту үшін ең алдымен отбасындағы тәрбие мен сауаттылықты дұрыстауымыз қажет. Бүгінгі қоғамның үлкен бір кеселі – отбасындағы зорлық-зомбылық болып отыр, оның зардабы да ауыр. Одан әйелдер ғана емес, балалардың да болашағына кері әсер етеді. Бүгінгі күні зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары бүкіл еліміз бойынша іске асырылуда. Оған мемлекеттік құқық қорғау орындары мен түрлі қоғамдық ұйымдар да белсене атсалысып жатыр.

         Еліміздегі жалпы әлеуметтік және экономикалық ахуалдың қазіргі кездегі жағдайында отбасы ішіндегі зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әрекет проблемасы да өте өзекті. Сондықтан аталған мәселені бірлесіп шешкенде ғана нәтижелі болмақшы. Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселелері төңірегінде орын алған оқиғалардың аз болмайтынын қазіргі орын алған оқиғалар аңғартып отыр. Ол туралы күнделікті берілетін ақпараттарда, учаскелік полиция инспекторлары түскен шақырту шағымдарының бірқатар бөлігі дәп осы мәселемен байланысты екені айтылады.

         Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы көптеген іс-шаралар атқарылып жатыр. Түркістан облысының Ордабасы ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында «Отбасы құндылықтары. Зорлық-зомбылықсыз отбасы-бақытты отбасы» іс-шарасы ұйымдастырылуда.

     Оны аудандық «Әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Г.Тайтелиеваның ұйытқы болуымен аудандық полиция бөлімі, аудандық аурухана мамандары және түрлі сала мамандары бірлесе жүргізеді. Бүгінде іс-шара аясында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, тұрмыстық зорлық-зомбылық кезінде көмек алуға болатын орталықтар жайлы ақпараттандыру жұмыстары өтіп жатыр.

       Отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес шаралары бір реттік, науқандық шара емес, жыл бойына жалғасын тауып отырады. Мәселен, учаскелік полиция инспекторлары және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары бірлесіп, әкімшілік аумақтарда профилактикалық жұмыс жүргізу кезінде 8 айда отбасында құқық бұзған 149 тұлғаға «қорғау нұсқамасы» шығарылса, 24 азаматқа «ерекше талап» қойылған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі жағдаймен салыстырғанда жағдайдың әлі де түзеле қоймағанын көрсетеді.

           Отбасындағы зорлық-зомбылық оқиғалары түрлі жағдайларға байланысты орын алады. Бірі отбасындағы түсініспеушілік, әлеуметтік жетіспеушілік сынды проблемалар болса, енді бірі отбасы мүшелерінің мінез-құлқына қатысты. Бүгінге дейін отбасында құқық бұзушылыққа жол берген тұлғалардың ішінен 24 азаматқа мінез-құлқына байланысты сот арқылы ерекше қатаң талаптар белгіленді. Олар 3 айдан 1 жылға дейінгі мерзімге арнайы есепке алынды. Сонымен қатар, жүріс-тұрысына шектеулер қойылып, алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салынды.

        Мысалы өткен жылдың сегіз айында «102» нөміріне отбасылық жанжалдар бойынша барлығы 300-ге жуық шақырту түскен екен. Әрине, мұнда түскен қоңыраулардың барлығы қылмыс деген сөз емес. Оның ішінде өзара қақтығыстар, отбасылық кикілжіңдер, түсініспеушіліктер де бар. Әрбір түскен шақырту бойынша учаскелік полиция инспекторлары және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Ж.Мұратбекова профилактикалық жұмыстар жүргізіп, дер кезінде заң аясында құқықтық көмек көрсетіп келеді. Ал, отбасылық келеңсіздіктен зардап шеккен әйелдер мен балалары Түркістан облыстық және Шымкент қалалық «Дағдарыс» орталығына әлеуметтік, психологиялық, құқықтық көмек көрсету үшін жеткізіледі. Ол жерде білікті мамандардың көмегімен оңалып, түрлі заңдық, психологиялық пайдалы кеңестер алады. Соның нәтижесінде отбасындағы кикілжіңдер де азаяды.

           Ауданы АПБ басшысының орынбасары Айдос Арынбековтың бастамасымен «Отбасында зорлық – зомбылыққа жол жоқ!» акциясы Түркістан облысы Бәйдібек ауданында да жалғасын тапты. Ауданы АПБ басшысының орынбасары Айдос Арынбековтың бастамасымен брифинг өткізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, халықты осы бағытта қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар ету, отбасының қоғамдағы рөлін нығайту мақсатында өткізілген брифингке АПБ басшының орындасары А. Арынбековпен бірге Бәйдібек аудандық жастар орталығының басшысы Ж.Көрікбаев пен қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері қатысты.

          Шара барысында полиция басшысының орынбасары осы бағыттағы атқарылған жұмыстарымен таныстырды. Бұл брифингтің мақсаты отбасының әр мүшесіне заңды құқықтарын түсіндіру және сол арқылы құқықтық тәрбиенің негізін бастау екендігін де атап өтті. Атап айтқанда жыл басынан бері ауданда 82 қорғау нұсқамасы берілді. Оның ішінде 12 отбасы қолайсыз отбасы есебіне алынды. Сонымен қатар 65 әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданды және 18 азаматқа мінез-құлқына ерекше талап қойылды. Бұл шаралар өз кезегінде тоқтап қалмай, алдағы уақытта да өз жалғасын тауып отырады.

     Шынын айтсақ, отбасындағы зорлық-зомбылық, әлімжеттік көп жағдайда отағасы тарапынан болып жатады. Сондықтан болар оларды кінәлі деп санайтын ұғым да қалыптасып қалғанға ұқсайды. Бірақ барлық әке ішкіш, барлық әке шатақ шығарғыш емес қой. Ал шын мәнінде әкенің де бала тәрбиелеуге толық құқығы бар. Оны да ұмытпауымыз керек.

        Арыс ауданында «Білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қарасты коммуналдық мемлекеттік мекемелерінде «Әкелер мектебі» кеңесінің орта білім беру ұйымдарында әкенің рөлін арттыру бойынша жиналыс өтті.

Аталған жиынға Арыс аудандық «Әкелер мектебі» кеңесінің төрағасы Иманғали Қалиев, Арыс аудандық полиция инспекторы Айжан Мырзахметова, мектеп директорлары мен әкелер мектебінің төрағалары, ата-аналар қатысты. Жиынның мақсаты – бала тәрбиесіндегі әкелердің жауапкершілігін арттыру, жастарды имандылық пен қазақ халқының қадір-қасиетіне тәрбиелеу, салауатты өмір салтын ұстану және отбасының татулығы мен бірлігін сақтау. Жиналыс барысында отбасында бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін арттыру және ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру, жастарды имандылықпен қазақ халқының қадір-қасиетіне тәрбиелеуге, салауатты өмір салтын ұстануға, отбасының татулығы мен бірлігін сақтауға байланысты тақырыпта жергілікті тұрғындармен жұмыстар атқарылуы керек екендігі талқыланды.

       Түркістан облысының Сауран ауданында да тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, қоғамдағы отбасының рөлін нығайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы жұртшылыққа таныстыру «Отбасында зорлық зомбылыққа жол жоқ» атты республикалық акция өткізілді. Мұндай акция аймақтың бар аудандарында өткізілді. Облыста отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бұл қоғамдық індетті толық жойғанша тұрақты түрде жалғасады.

Қазақ үні