ПОЛИЦИЯ БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚОРҒАЙДЫ

ПОЛИЦИЯ БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚОРҒАЙДЫ

      Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мен оқытуда отбасының маңызы зор екені белгілі. Сондықтан да елімізде отбасының түтастығын сақтауға баса назар аударылып отыр. Отбасында тұрақтылық пен береке болмаса, осыған байланысты мемлекеттік мекемелер, құқық қорғау орындары мен қоғамдық ұйымдар тарапынан көмек көрсетіледі.

Жасөспірімдер арасындағы заңға қайшы мінез-құлықтың алдын алудың неғұрлым тиімді жолдары қарастырылып, осы бағытта көптеген іс-шаралар атқарылады.

     Сондай іс-шаралар Түркістан аймағында, атап айтсақ Түркістан облысы Полиция департаментінің ұйымдастылуымен тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Жасыратыны жоқ, біздің бірқатар азаматтарымыз полияция қызметкерлері тек қана қылмыскерді ұстап, жауапқа тартумен ғана айналысады деген түсінікте жүр. Жоқ, олай емес, олар сонымен қатар қылмыстың алдын алу жұмыстарын да жүргізеді. Егер ондай іс-шаралар жүргізілмесе елімізде қылмыс саны бүгінгі күні екі есе, тіпті одан да көп болуы мүмкін еді. Қылмыстың алдын алу қоғамдағы тәртіптің сақталуына, адамдардың қауіпсіз өмір сүруіне жағдай туғызады. Бұл бағытта көптеген жұмыстар атқаруға тура келеді. Ал балалар, жаспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу полиция қызметкерлеріне екі есе жауапкершілік жүктейді. Сондықтан бұл іске ерекше көңіл бөлінеді. Ол Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің нұсқаулары мен атқаруға міндетті жоспарларында анық көрсетілген Соған сәйкес аймақтарда, аудандарда түрлі іс-шаралар өткізіледі.  

    Бұл ретте облыс бойынша «Мектеп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп тұратынын айтуға болады. Солардың бірнешеуіне тоқала кетейік. 

     Түркістан қаласының аумағында «Қауіпсіз мектеп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы қылмысты ескерту және оның алдын алу, оның ішінде мектеп оқушылары арасындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ балаларға қатысты қылмыстық қол сұғушылықтардың алдын алу.

Бұл күндері полиция қызметкерлері оқу орындарында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, алкогольдік ішімдіктерді, темекі бұйымдарын, оның ішінде электрондық аналогтарды және басқа да психоактивті заттарды пайдалануға тыйым салу туралы тәртіпке баса назар аударды.

          Түркістан облысы Полиция департаментінің басшысының тапсырмасына сайкес жүргізіліп жатқан «Мектеп» жедел-профилактикалық іс-шарасы Арыс қаласында жалғасын тапты. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған шараға Арыс АПБ полицейлері А.Сыздықов, аға учаскелік полиция инспекторы Б.Раев ауданға қарасты білім беру ұйымдарының жоғары сынып оқушылары қатысты.

Кездесуде жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу және болдырмау, түнгі уақытта ата-ананың бақылауынсыз үй-жайынан тыс жерлерде, компьютерлік ойынханалар мен мейрамханаларда болуларына тыйым салу, бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын ата-аналарды анықтап, тиісті шаралар көру мақсатындағы кезекті рейдтік шарасы барысында жеке кәсіпкерлерге түнгі 22:00-ден кейін кәмелетке толмаған жасөспірімдерді заңды өкілдерінсіз кіргізбеу керектігі ескертілді.

 Сонымен қатар кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерге темекі бұйымдары мен спиртті ішімдіктерді сатуға тыйым салынғандығын қатаң назарға алып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

        Полицейлердің бұл атқарып жатқан жұмыстарының негізгі мақсаты – балалардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету, жасөпірімдер жастықпен байқаусызда қылмыс жасап қойып отбасына қайғы-қасірет әкелуінің бетін қайтару. Осы орайда ПД тарапынан басшы құрам өкілдері, әрбір аудан, қалаға арнайы барып, кездесулер ұйымдастыруда.

      Мысалы, полиция подполковнигі Ерлан Асқаров Шардара ауданында жоғары сынып оқушыларымен кезекті кездесу өткізді. Күн тәртібінде кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтер, ерте жүктілік, олармен жасалған қылмыстық құқық бұзушылық деректерін талдау мен алдағы уақытта алдын алу бойынша атқарылатын жұмыс жоспарлары, жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол апаттарын болдырмау қаралды. Келелі кездесуде баяндама жасаған полиция подполковнигі Е.Асқаров: «Бала - біздің болашағымыз. Олардың амандығы, дұрыс жолда өсіп-өркендеуіне ата-ана, мектеп, құқық қорғау қызметкерлері, қоғам болып қорған боламыз. Осы орайда әрқайсымыз өзімізге жүктелген міндетті абыроймен атқарып, жұмыла жұмыс істегенде ғана, оң нәтижеге қол жеткіземіз!»-деп атап өтті.

Құқық бұзушылық қәмелет жасқа толмаған жастар арасында да орын алып жатады. Мысалы, облыстық тәртіп сақшылары өткізген іс-шаралардың нәтижесінде кәмелетке толмағандарға қатысты 110 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде ұсақ бұзақылықтың 77 фактісі, қоғамдық орындарда мас күйінде болудың 21 жайты және белгіленбеген орындарда темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салуды бұзудың 12 дерегі бар. Сондықтан тәртіп сақшылары елімізде жасөспірімдердің түнгі уақытта көшеде заңды өкілінсіз жүруіне, компьютерлік клубтар мен мейрамханаларда болуына заңға сәйкес тыйым салып, қадағалауда. Тәртібі қиын балаларды жергілікті жерлердегі ювеналды полиция тобының инспекторлары қатаң бақылауға алған. Ең бастысы әрбір жасөспірімнің қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі керек.

Түркістан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Асылхан Төрехановтың төрағалығымен, Сауран ауданындағы А.Байтұрсынов мектебінің мәжіліс залында кездесу өтті. Іс-шараға жасөспірімдер мен білім бөлімі мамандары қатысты.

Жиын барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен жол-көлік оқиғаларының алдын-алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар айтылды. Алайда профилактикалық шараларға қарамастан, кейбір кәмелетке толмағандар заңның жауапкершілігін сезінбей көлік құралын басқаратыны айтылып, мұндай бассыздыққа жол бермеу ұсынылды.

Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға самокаттар мен мопедтерді басқаруға тыйым салынатындығы ескертілді. Кәмелетке толмағандар арасындағы әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын-алу, қылмысты болдырмау, олардың ойын-сауық орындарында, түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген уақытта әкімшілік шара қолданылатыны ескертілді.

Жасөспірімдерге автомобиль жолдарындағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол апаттарының алдын алу бойынша қауіпсіздік шаралары айтылып, түсіндірме жұмыстары атқарылды.

   «Мектеп» жедел-профилактикалық іс-шарасы Ордабасы ауданында да өтті. ҚР ІІМ-нің тапсырмасы мен Түркістан ПД бастығы М.Қабденовтың нұсқауына сәйкес республикалық «Мектеп» профилактикалық іс-шарасын аудандық полиция бөлімі бастығы Ғ.Қуашбаев пен полиция бөлімі бастығының орынбасары Б.Маханбетов ауданға қарасты білім беру ұйымдарында арнайы кездесулер мен жеке сұқбаттар жүргізді. Жасөспірімдерге құқықтық кеңестер мен синтетикалық есірткі және басқа да зиянды заттарды тұтынудың қауіптілігі туралы көптеген мағлұматтар берді.

Сонымен қатар, мектеп пен колледж маңында орналасқан дүкен иелеріне жасөспірімдерге спирттік ішімдіктер мен электронды темекі бұйымдарын сатпауды ұсынып, «Үлгілі ауыл» жобасына белсенділік танытуға шақырды. Айта кету керек, аймақта ішімдік атаулыны сатпайтын «Үлгілі ауыл» жобасы бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Олардың қатары жыл санап толығуда. Мұндай ауылдарда қылмыстық істер мен жалпы құқықбұзушылық күрт азайғаны белгілі.

    Кентаулық полицейлер де кәмелетке толмағандармен жиі кездеседі.

«Мектеп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлер, Кентау қаласында орналасқан Д.Қонаев атындағы мектептің 9-11 сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Кентау қаласы ПБ бастығының орынбасары полиция подполковнигі Д.Түймебаев, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз қалуының алдын алу, жасөспірімдердің заңға мойынұсынушылық мiнез-құлқын қалыптастыру, олардың бойына имандылық пен салауатты өмiр салтының берiк негiздерiн дарытуға бағытталған тақырыпта кеңес берді. Айта кетерлігі, «Мектеп» профилактикалық іс-шарасына Кентау қаласының жеке құрамы толық қатыстырылуда. Яғни іс-шара барысында білім бөлімдерінде оқушылармен кездесулер өткізіліп, мектептер аумағында әкімшілік құық бұзушылықтар мен жол жүру ережелерінің қағидаларын бұзған құқық бұзушылықтарды анықтап, шара көру жұмыстары атқарылды. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу жұмыстары Түркістан облысының барлық қалалары, аудандары мен елді мекендерінде жүргізілуде. Мұндай кең көлемде өткізілетін іс-шаралар өзінің оң нәтижесін береді деп сенеміз.

Қазақ үні