ӘРБІР ОТБАСЫ БАҚЫТТЫ БОЛУҒА ҚҰҚЫЛЫ

ӘРБІР ОТБАСЫ БАҚЫТТЫ БОЛУҒА ҚҰҚЫЛЫ

      Әрбір отбасы қоғамның ажырамас бөлігі, дәлірек айтсақ – қоғамның да мемлекеттің де негізі. Ата-аналар өз ұрпақтарына сапалы білім алуларына жағдай жасап, саналы тәрбие беріп жатса қоғамның болашағы жарқын болады. Сондықтан да «отан отбасынан басталады» деген ұлағатты ұғым қалыптасқан. Әрбір отбасы байлы-бақуатты, бақытты өмір сүрсе ғана мемлекет қуатты, қоғамымыз жан-жақты дамыған ел болып саналады. Бұл баршаға аян ақиқат.

     Біздің елімізде халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталыған түрлі мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеп жатқаны белгілі. Бұқараның әлеуметтік жағынан нашар қорғалған топтарын қолдауға тұрақты көмек көрсетіледі. Зейнеткерлерге, көпбалалы аналарға, мүгедіктеріне байланысты берілетін арнайы төлемақылар ай сайын жүргізіліп тұрады. Бірақ осыған қарамастан еліміздегі отбасылардың бәрі бірдей байлы-бақуатты тұрып жатыр деп айта алмаймыз. Бұл жағынан экономикасы дамыған мемлекеттердің өзі де мақтана алмасы белгілі. Әрбір отбасының өз мүмкіндіктері, өз өмірлік деңгейі болуы заңдылық. Өйткені отбасы мүшелерінің бәрі бірдей табысты еңбек етуге қол жеткізе бермейді. Ол әрбір азаматтың өзінің біліктілігңн, беленділігіне, ісерлігіне тағы басқа қасиеттеріне байланысты. Сол себепті оларды қолдау үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар іске қосылған. Сонымен бірге осы бағытта көптеген қоғамдық ұйымдар да жұмыс істейді. Мақсат біреу – тұрғындарымыздың өмірін жақсарту, оларға жан-жақты қолдау көрсету.

      Сондай белсенді ұйымдардың бірі – Түркістан қаласының әкімдігі «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Қамқорлық жанұя орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі өз жұмысын маусым айында бастаған болатын. Орталықтың негізгі мақсаты – әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту және Түркістан қаласында тұратын көпбалалы, аз қамтылған және толық емес отбасылардың қиын жағдайларын еңсеруге ықпал етіп, тап болған қаржылық қиын жағдайын барынша түзету болып табылады. Орталықтың ресми ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты. Облыс басшысы тұрғындарды «Қамқорлық жанұя орталығының» ашылуымен құттықтап, ұжымның жұмысына сәттілік тіледі.

      Аталған орталық өмірлік қиын жағдайға тап болған көпбалалы, толық емес, аз қамтылған, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларына қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда осы орталық арқылы аталған санаттағы тұрғындарға құқықтық, психологиялық кеңестер берілуде. Сонымен қатар орталық тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында үй жағдайында табыс тауып, өз кәсібін игеруге қолдау көрсету үшін әртүрлі бағытта курстар ұйымдастыруда. Қысқа мерзімде маман атанып, сертификат алған азаматшаларға мемлекет тарапынан ұлттық жобаның қатысушысы ретінде өтеусіз гранттар және қайтарымсыз негізде несие алуға мүмкіндік беріледі. Орталықтың сүйемелдеуімен кәсіптік курстатарды бітірген бірқатар үміткер қазірдің өзінде ұлттық жобаның мемлекеттік қайтарысмыз грантының жеңімпазы атанып та үлгерді.

      Жанұя орталығы тарапынан әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларын қолдау мақсатында «Азаматарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Отбасы» банк және «Азаматтық кеңсе» сияқты мекемелермен өзара меморандумдар жасалды. Бұл орталықтың жұмысының нәтижелі болуына мүмкіндіктер береді.

    Аталмыш орталық негізінен төрт арнайы бағыт бойынша жұмыс атқарады. Олар – кеңсе, қадам, нәтиже және қолдау деп аталады. Айталық, «Кеңсе» бағыты – əлеуметтік қызметтің бір терезе қағидасы арқылы жүзеге асырылады. Нақтыласақ, əлеуметтік қызметтер порталы арқылы көмек беру, мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдау бойынша кеңестер беру, жекелей сүйемелдеу жəне өзге ерекшеліктеріне қарамастан өз кəсібін ашуда-ғы құжаттар бойынша көмек беруге негізделген. 

     Ал «Қадам» – өмірлік қиын жағдайға тап болған көпбалалы, аз қамтылған, ерекше бала тəрбиелеп отырған отбасыларға жəне мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға кешенді кеңес беру және қызығушылығына қарай тегін қысқа мерзімді курстарда оқытуды іске асырады. Аталған екі бағыт бойынша да өз жолын қалыптастырып үлгерген орталық түлектерін одан әрі бақылап, хабардар болып отыруға үшінші «Нәтиже» бағыты қарастырылған. Бұл бағытта азаматтардың жеткен жетістігі, кездесе қалған қиындығы да ескеріліп отырады. Көмек керек бола қалған жағдайда орталық қосымша қолдау жасайды.

      Төртінші «Қолдау» бағыты аты айтып тұрғандай, өмірлік ұстанымдарды біріктіре отырып, қоғамдағы осал топ өкілдері мен қайрымдылыққа мұқтаж жандарға көмек көрсетеді. Орталық басшысы Жібек Әшірханованың айтуынша, аз уақыт аралығында орталық қызметі белгілі бір көрсеткіштерге жеткен екен. Айта кетуіміз керек, Жібек Әшірханова бұл салаға кездейсоқ келе қалған маман емес. Қиындығы мен жауапкершілігі жоғары әлеуметтік салада отыз жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі де білікті маман.  

      «Біздің мекеме Түркістан қаласы «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағ-дарламалар бөліміне» қарайды. Орталық аналарға бейімделуді үйретумен бірге одан ары табыс тауып, белгілі бір кәсіп иесі атануға жәрдемдеседі. Мәселен, осы уақытқа дейін 1270 ана орталыққа жүгініп, оның қатарынан 207-сі оқыту курстарын аяқтады. Ал 140 анаға белгілі кәсіптік бағдарды игергендігі туралы арнайы сертификаттар табысталды» - дейді Жібек Әшірханова. 

       Бастапқы бір айда, орталыққа жүгінушілер аз болған екен. Қала көлемінде танылған соң, сұраныс арта түскен. Орталықта арнайы психологиялық көмек көрсету қызметі да толық қамтылған. Дегенмен басты мақсат әйелдердің қаржылық сауатын арттырып, кәсіптік бағдар беру. «Түркістандық әйелдердің көбісінің тағдыры мен өмірі ұқсас келеді. Мен оны орталыққа жүгінген әрбір ананың мәселесімен танысып, негізін анықтау барысында аңғардым. Ашығын айтсақ, бүгінде әлеуметтік мәселе тек моральдық жағдайға ғана емес, материалды теңсіздік салдарынан да туындауда. Біз қиналған әйелдерге моральды тұрғыда көмек беріп, әрі қарай өмірден өз орнын тауып, толық қалыптасуы үшін кәсіп иесі атануға септігімізді тигіземіз. Ол өз кезегінде отбасының материалдық жағдайын түзеп, ұрпақтарын қысылмай-қымтырылмай тәрбиелеуге жағдай туғызады» - дейді орталық басшысы.

      Қазіргі кезде орталық 11 бағыт бойынша оқыту курстарын өткізуде. Кәсіптік курстан өткен әйелдердің барлығы оқу біткен соң арнайы тест тапсырады екен. Орталықтың оқыту курстары Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасымен бекітілген және сертификат тағайындау тікелей солардың құзіретінде. Курсты аяқтаған әйел міндетті түрде арнайы тесттен өтеді. Оны кәсіпкерлер палатасының арнайы өкілдері алады. Тестен өтпей, сертификат ала алмай қалған аналарды міндетті түрде қайтадан оқытылады. Ол белгілі бір себептермен оқуға жағдайы келмеген аналарға қосымша мүмкіндік береді. Сөйтіп мамандық алып шығуына жағдай жасайды. Мысалы қазір орталық көмегіне жүгінетін аналардың көбісі бала тәрбиесімен үйінен шыға алмайтынын анықтап, баласымен бірге келетіндей, балаларды қарайтындай қызмет көрсетіліп, жағдай жасалған. Одан бөлек, сол аналардың балаларына да арнайы оқу курстарын енгізілген. Мәселен ағылшын тілі, түрік тілі тегін курстары бар. Орталықта қатып қалған қағида, сіресіп қалған стандарт жоқ. Аналардың мүмкіндігі ескеріліп, олардың талап-тілегіне қарай жүйені жаңартып, қолайлы болатындай бағытталып отырады.

  Орталықтың «Қадам» білім беру жобасы аясында жүзге тарта адам бекітілген 11 бағыт бойынша өз кәсібін ашып, еңбек етуде. Қысқа мерзім үшін бұл жақсы көрсеткіш деуге болады. Онда тігін, шаштараз, қолөнер, балалар массажы, тәрбиеші, аспазшы деген сияқты бірнеше мамандықтар бар. Айта кетерлік тағы бір артықшылық, курсты аяқтап, сертификат алған түлектер орталықпен арнайы келісімге отырып, серіктес болған қала ішіндегі беделді мейрамханаларда жұмыс істей алады.

        «Айналып келгенде осының барлығы аналар сұранысының нәтижесінде іске асуда. Қазіргі кезде оқыту курстарын 3 айға создырдық. Себебі бір айлық курсты оқып бітірген ана сол саланың қыр-сырын толық игеріп кетуі қиындап, кедергі келтірді. Ақылдаса келе 3 айға созып, оқыту курсын бекіттік. Басқа орталықтардың қалай жұмыс істейтінін білмеймін, біздің орталық қазір сұраныс негізінде, стандарттық жүйеге бағынбай жұмыс істейді. Бұл меніңше өте тиімді жоспар» - дейді Жібек Әшірханова.

   Орталық сонымен қатар түрлі іс-шаралар өткіуді қолға алды. Оның да кәсіпті игеруге ықпалы зор. Мысалы, Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, «қамқорлық» жанұя орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен «Іскер ана» кәсіпкер әйелдер әзірлеген өнімдер жәрмеңкесі өткізді. Жәрмеңкеге облыстағы көпбалалы санатындағы аналар, мүгедектігі бар жеке кәсіпкерлер жасаған қолөнер мен зергерлік бұйымдары, түрлі тағамдар қойылды. Мақсат – жаны қайсар еңбек адамдарына қолдау көрсетіп, кәсіпкерлікке бейімдеу. Жәрмеңке соңында белсенділік танытқаны үшін 22 анаға дипломдар табысталды. Желтоқсан айында тағы да үздіктер анықталып, жыл қорытындысымен дипломдар және арнайы сыйлықтармен марапатталатын болады. Бұл аналардың шеберлігін, өз кәсібіне деген құштарлығын арттыруға ықпал етері сөзсіз. Кәсіп бар жерде – нәсіп бар, әр отбасында береке орнап, бала-шағасымен бақытты өмір сүрсе аналардың да арманы орындалғаны ғой.

Гүлмира САДЫҚ