Инара НАМАЗБАЕВА: АНАЛАРДЫ ҚОЛДАУҒА МЕН ҚАШАН ДА ДАЙЫНМЫН...

Инара НАМАЗБАЕВА: АНАЛАРДЫ ҚОЛДАУҒА МЕН ҚАШАН ДА ДАЙЫНМЫН...

«Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» десек өз отбасының ғана емес, қоғамның дамуына да өзінің үлесін қосып жүрген нәзікжандылар арамызда жетерлік. Солардың бірі – Түркістан облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Инара Намазбаева. Осы орайда біз халық қалаулысымен Түркістан өңіріндегі гендерлік саясаттың дамуы және ана мен бала қорғау ісінің жай-күйі турасында әңгімелескен едік.

Гендерлік саясат «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» атты заңдар арқылы реттеліп отырады. Біз тілге тиек еткен бұл заңдар азаматтардың мүдделері мен бостандықтарын, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесуде конституциялық құқықтарын қорғауға негізделген. Сонымен қатар, нәзікжандылардың өмірдің барлық салаларына қатысуын қамтамасыз етеді.

Қазіргі таңда әйел заты саясатта, бизнесте, экономиканың барлық салаларында ер азаматтармен қатар еңбектеніп, қабілет дарынымен, іскерлігімен көзге түсіп қана қоймай, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда.

«Гендерлік саясат Түркістан облысында өте жоғары деңгейде дамып келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Облыс көлеміндегі кәсіпкерлердің 50 пайызға жуығы әйелдер. Олар білім, денсаулық сақтау, сұлулық сынды салаларда белсенділік танытып келе жатыр. Бұдан өзге де түрлі қызмет көрсету салаларында әйелдер орта және шағын бизнестерін ашып, өз кәсіптерін дөңгелетіп жүргізуде. Осы арқылы олар табысқа кенеліп отыр. Түркістанның облыс атанғанына бес жыл толса, өңірдегі Іскер әйелдер қауымдастығының құрылғанына да биыл бес жыл. Бес жыл ішінде қауымдастық мүшелерінің саны да артып келе жатыр. Іскер әйелдер қауымдастықтың негізгі мақсаты – қыз-келіншектерді, жалпы әйел затына қолдау көрсету» деп сабақтады сөзін Түркістан облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы.

Қашан да аймақтағы әйелдердің жанашыры болып жүретін Инара Әбдіғаппарқызы аталмыш қауымдастықтың қызметі туралы толығырақ баяндап берді. Оның сөзінше, Түркістан облыстық іскер әйелдер қауымдастығында менторлық жұмыс істейтән көрінеді. Яғни кәсібін жемісті жүргізіп жүрген табысты кәсіпкерлер енді ғана өз ісін бастап жатқан кәсіпкерлерге кеңесін, бағыт-бағдарын береді. Кәсіпті жемісті жүргізудің құпия-сырларымен бөлісіп, өз тәжірибелерін ортаға салады екен. Сонымен қатар, «Іскерлік қарым-қатынас» бағдарламасы аясында облысқа қарасты барлық аудандармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу қолға алынған.

Кездесу барысында орын алып жатқан мәселелер болса оны шешудің жолдарын қауымдастықтың әрбір мүшесі ортаға салатын көрінеді. Сондай-ақ, бұл бағытта Қызылорда облысы, Шымкент, Тараз сынды облыспен іргелес жатқан өңірлермен байланыс орната отырып, көптеген дүниелерге қанық болады екен. Сонымен қатар, республиканың түкпір-түкпірімен іскерлік қарым-қатынас орнатып, әрқайсысы бір-бірінің кәсібінің ілгері басуына қолдау көрсетіп тұрады екен.

Мұның барлығы өз кезегінде қоғамдық негізде ерікті түрде жүзеге асатындығын айтқан іскер жан елімізде гендерлік саясаттың қарқынды түрде жүргізілуінің арқасында бүгінде нәзікжандылар қоғамда көптеген қолдауға ие болғандығын да атап көрсетті.

«Біз аймақтағы әрбір әйелге қолдау көрсетуге қашан да дайынбыз. Өкінішке орай, біздің Түркістан аймағында қалыптасып қалған стереотип бойынша әйел деген отбасы ошақ қасында келіндік, әйелдік міндетін атқарып отыруы тиіс деген. Қазіргі таңда «Жаңа Қазақстанда» жаңа көзқарас қалыптасты. Әйел де қоғамның белсенді мүшесі ретінде отбасының ғана емес, елдің дамуына өз үлесін қоса алады. Бүгінде әйелдердің де көзі ашық, көкірегі ояу. Қазір «алма піс, аузыма түс» деп жататын әйелдер аз. Әрқайсысы өмірден өз орындарын тауып, отбасындағы өмір сүру сапасын жақсартуға белсенді түрде атсалысып келеді. Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерліктің қарқынды дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан біздің аналарымыз, қыз-келіншектеріміз өз кезегінде өңірдің экономикалық тұрғыдан алға жылжуына да өз септіктерін тигізіп келеді» дейді Түркістан облыстық мәслихат депутаты Инара Намазбаева. 

Әңгіме барысында біз кейіпкерімізден аймақтағы ана мен баланың хал-ахуалы қалай екенін де сұрадық.

«Түркістан облысы демографиялық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқан аймақ. Халықтың қалаулысы ретінде перзентханаларды аралап, ондағы аналар мен балалалардың хал-ахуалын үнемі назарда ұстап келемін. Сондай-ақ, еліміздің 20 млн-шы тұрғыны дүниеге келген біздің облысымызда егіздер, үшемдер де туылып жатады. Осындай зор қуанышқа кенеліп жатқан әрбір шаңырақты құттықтап, оларға сый-құрмет көрсету де дағдымызға айналған үрдістің бірі. Қазіргі таңда ана мен баланың денсаулығы мемлекеттің басты назарында. Түркістандағы перзентханалар соңғы үлгідегі қажетті құрал жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жүкті әйелдердің аман-есен баласын бауырына басуына барлық мүмкіндіктер қарастырылған» дейді ол. 

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Инара Намазбаеваның жаны ғана емес жүрегі де нәзік. Көмек сұрап келгендердің басым бөлігі ризашылық білдіріп шығатын халық қалаусынан қоғамдық қабылдауына келетін аналарды қандай мәселе алаңдататынын да сұрап білдік.

«Менің қоғамдық қабылдауыма келетіндердің 90 пайызы әйелдер. Материалық тұрғыдан көмек сұрайтындар да жетерлік. Сонымен қатар, ерекше баланы дүниеге әкеліп, перзентінің денсаулығын жақсарту үшін қолдау сұрайтындар да бар. Олар көбіне түрлі күрделі оталар жасауға Алматы, Астана сынды ірі қалаларға бару үшін қаржылық тұрғыдан қолдау күтіп келеді. Өзім де ана ретінде, қиын жағдайға тап болған аналарды қолдауға қашан да дайынмын. Ана мен бала қолдауға зәру болып тұрған кезде қол қусырып отыру атыма сын деп білемін. Өмір болған соң меніңше барлығы да болады. Қиын жағдайға түсіп қалмайтыныңа ешкім кепілдік бере алмайды. Баласы ауырып, қиын жағдайға тап болған аналарды мен қашан да қолдаймын. Алдағы уақытта да қолдай беремін Өзімнің қолымнан келмесе, айналамдағы жандардан сұрап, ол кісілермен байланыстырып, әйтеуір тығырықтан шығатын жолды нұсқап жіберемін. Көпбалалы аналардың жұмыс іздеп келетіндері де көп. Сонымен қатпар, түрлі қоғамға пайдасын тигізетін жобаларды жүзеге асырудың жолдарын сұрайтындар да жоқ емес. 

Өкінішке орай бізде «Мен көпбалалы анамын, мемлекет маған не береді деп алақан жайып, дүниеге бала әкелгенін қоғамға міндетсінетіндер де кезігеді. Сонымен қатар, өзі көпбалалы ана екеніне қарамастан, жұмыс істеуге білек сыбана дайын тұратын әйелдер де бар.Мүмкіндігінше барлығына қаржылай қолдау көрсетпесем де, қолға алған жобасын іске асырудың жолдарын көрсетіп жіберемін» дейді ақ жүректі жан. 

Іскер әйел ғана емес, ардақты ана Инара Әбдіғаппарқызы сөз соңында отбасы атты шағын мемлекеттің қоғамдағы орны туралы да ойларымен бөлісті.

Отбасының татулығы мен бірлігінің бастауында ерлі-зайыпьылардың бір біріне деген сыйластығы жатқанын тілге тиек етті ол. Әйелі ерін құрметтесе, ері әйелін сыйласа онда бұл сыйластық махаббатқа ұласады. Әрі бұл сыйластықтың ғұмыры ұзақ болады дейді ол. Әрі ата-аналарының бір-біріне деген құрметін көріп өскен балалары да саналы ұрпақтардың санатынан болары анық екендігін алға тартты іскер әйел.

«Отбасы атты шағын мемлекетімізде бала тәрбиелеп, оған сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, Отанымызды жанымыздай сүюге, ел болашағының баянды болуына жан-жақты үлес қосуымыз қажет. Ол үшін әрбіріміз балаларымыздың тек қарты тоқ, киімі бүтін болуын ғана қадағаламай, олардың тәрбиелеуде де зор жауапкершілік жатқанын сезінуіміз керек.

Әрбір отбасының өзіндік қағидалары болуы тиіс. Бұл қағидалардың қоғамда алар орны ерекше. Олай дейтініміз, азаматтық қоғамның бір бөлшегі болып саналатын отбасы – барлық тәрбиенің бастау бұлағы. «Ел боламын десең –бесігіңді түзе» демекші, отбасында рухани тазалыққа, тәртіптілікке тәрбиеленген әрбір баланың болашағы жарқын, келешегі кемел деп білемін» деп түйіндеді сөзін Түркістан облысындағы іскер әйелдердің көщін бастап тұрған Инара Намазбаева.

Гүлмира САДЫҚ