ШАҢЫРАҚТАН ШАТТЫҚ КЕТПЕСІН

ШАҢЫРАҚТАН ШАТТЫҚ КЕТПЕСІН

      Әрбір отбасы қоғамның ажырамас бөлігі, дәлірек айтсақ – қоғамның да мемлекеттің де негізі. Ата-аналар өз ұрпақтарына сапалы білім алуларына жағдай жасап, саналы тәрбие беріп жатса қоғамның болашағы жарқын болады. Сол себепті де, «отан отбасынан басталады» деген ұлағатты ұғым қалыптасқан. Әрбір шаңырақ байлы-бақуатты, бақытты өмір сүрсе ғана мемлекет қуатты, қоғамымыз жан-жақты дамыған ел болып саналады.

Десе де, әр шаңырақтың өз мүмкіндіктері, өз өмірлік деңгейі болуы заңдылық. Өйткені үй ішінің бәрі бірдей табысты еңбек етуге қол жеткізе бермейді. Ол әрбір азаматтың өзінің біліктілігіне, беленділігіне, ісерлігіне тағы басқа қасиеттеріне байланысты. Сол себепті, оларды сүйемелдеу үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар іске қосылған. Әрі осы бағытта көптеген қоғамдық мекемелер қызмет етеді. Олардың да діттегені –тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын жақсарту.

Осындай мекеменің бірі –Түркістан қаласы әкімдігі «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Қамқорлық жанұя орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Маусым айында өз жұмысын бастаған ұйымның мұраты – түркістандық көпбалалы, аз қамтылған және толық емес отбасылардың қиын жағдайларын еңсеруге ықпал етіп, тап болған қаржылық қиын жағдайын барынша түзету болып табылады. «Қамқорлықтың» ресми ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты. Облыс басшысы тұрғындарды «Қамқорлық жанұя орталығының» ашылуымен құттықтап, ұжым еңбегіне жеміс тіледі.

Аталмыш орталық өмірлік қиын жағдайға тап болған көпбалалы, толық емес, аз қамтылған, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларына қолдау білдіреді. Бүгінгі таңда осы мекеме арқылы аталған санаттағы тұрғындарға құқықтық, психологиялық кеңестер берілуде. Сондай-ақ, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін үй жағдайында табыс тауып, өз кәсібін игеруі үшін әртүрлі бағытта курстар өткізілуде. Қысқа мерзімде белгілі бір саланың тізгінін ұстайтын мамандық иесі атанып, сертификат алған әйелдерге мемлекет тарапынан ұлттық жобаның қатысушысы ретінде өтеусіз гранттар мен қайтарымсыз негізде несие алуға мүмкіндік беріледі. 

«Қамқорлық» мекемесінің сүйемелдеуімен кәсіптік курстатарды бітірген бірқатар үміткер қазірдің өзінде ұлттық жобаның мемлекеттік қайтарысмыз грантының жеңімпазы атанып та үлгерді.

     Мекеме тарапынан әлеуметтік тұрғыдан көмекке зәру үйелмендерді демеу үшін «Азаматарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Отбасы» банк және «Азаматтық кеңсе» сияқты мекемелермен өзара меморандумдар жасалды. Бұл орталық ісінің нәтижелі болуына мүмкіндіктер береді.

«Қамқорлық жанұя орталығы» негізінен төрт бағыт бойынша еңбек етеді. Олар – «Кеңсе», «Қадам», «Нәтиже» және «қолдау» деп аталады. Айталық, «Кеңсе» бағыты – əлеуметтік қызметтің бір терезе қағидасы арқылы жүзеге асырылады. Нақтыласақ, əлеуметтік қызметтер порталы арқылы көмек беру, мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдау бойынша кеңестер беру, жекелей сүйемелдеу жəне өзге ерекшеліктеріне қарамастан өз кəсібін ашудағы құжаттарды әзірлеуге көмектесуге негізделген. 

Ал «Қадам» – өмірлік қиын жағдайға тап болған көпбалалы, аз қамтылған, ерекше бала тəрбиелеп отырған отбасыларға жəне мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға кешенді кеңес беруді, қызығушылығына қарай тегін қысқа мерзімді курстарда оқытуды іске асырады. Аталған екі бағыт бойынша да өз жолын қалыптастырып үлгерген түлектерін одан әрі бақылап, хабардар болып отыруға «Нәтиже» бағыты қарастырылған. Бұл бағытта азаматтардың жеткен жетістігі, кездескен қиындығы да ескеріліп отырады. Сондай-ақ, қажет жағдайда мекеме қосымша қолдау жасайды.

      Төртінші «Қолдау» бағыты аты айтып тұрғандай, өмірлік ұстанымдарды біріктіре отырып, қоғамдағы осал топ өкілдері мен қайрымдылыққа мұқтаж жандарғадемеу болады.Айта кетуіміз керек, Жібек Әшірханова бұл іскекездейсоқ келе қалған маман емес. Қиындығы мен жауапкершілігі жоғары әлеуметтік салада отыз жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі де білікті маман.  

«Біздің мекеме Түркістан қаласы «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне» қарайды. Орталық аналарға бейімделуді үйретумен бірге одан ары табыс тауып, белгілі бір кәсіп иесі атануға жәрдемдеседі. Мәселен, осы уақытқа дейін 1270 ана біздің көмегімізге жүгініп, оның қатарынан 207-сі оқыту курстарын аяқтады. Ал 140 анаға белгілі кәсіптік бағдарды игергендігі туралы сертификаттар табысталды» - дейді Жібек Әшірханова. 

Бастапқы бір айда, мекемеге жүгінушілер аз болған екен. Қала көлемінде танылған соң, сұраныс арта түскен. Мұнда психологиялық тұрғыдан қолдаумен қатар, әйелдердің қаржылық сауатын арттырып, кәсіптік бағдар беру көзделген. «Түркістандық нәзікжандылардың көбісінің тағдыры мен өмірі ұқсас келеді. Мен оны бізге келетін аналардың тмәселесімен жіті танысып, негізін анықтау барысында аңғардым. Ашығын айтсақ, бүгінде әлеуметтік мәселе тек моральдық жағдайға ғана емес, материалды теңсіздік салдарынан да туындауда. Біз қиналған отанасын моральдық тұрғыдан қолдап, әрі қарай өмірден өз орнын тауып, толық қалыптасуы үшін кәсіп иесі атануға септігімізді тигіземіз. Ол өз кезегінде отбасының материалдық жағдайын түзеп, ұрпақтарын қысылмай-қымтырылмай тәрбиелеуге жағдай туғызады» – деп сабақтады сөзін басшы.

      Қазіргі кезде орталық 11 бағыт бойынша оқыту курстарын өткізуде. Кәсіптік курстан өткен әйелдердің барлығы оқу біткен соң тест тапсырады екен. Оқыту курстары Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасымен бекітілген. Сертификат тағайындау тікелей солардың құзіретінде. Сондықтан тестті кәсіпкерлер палатасының өкілдері алады. Тестен өтпей, сертификат ала алмай қалған аналарды міндетті түрде қайтадан оқытылады. Ол белгілі бір себептермен оқуға жағдайы келмеген аналарға қосымша мүмкіндік береді. Сөйтіп маман иесі атануына жағдай жасайды. 

«Қамқорлық» мекемесінің көмегіне жүгінетін аналардың көбісі бала тәрбиесімен үйінен шыға алмайтындықтан, оларға баласымен бірге келіп, балаларын орталықтағы бала күтушілеріне қалдыратындай мүмкіндіктер қарастырылған. 

Одан бөлек, сол аналардың мектеп жасындағы балалары үшін оқу курстарын енгізілген. Мәселен ағылшын тілі, түрік тілі тегін курстары бар. Мұнда қатып қалған қағида, сіресіп қалған стандарт жоқ. Аналардың мүмкіндігі ескеріліп, олардың талап-тілегіне қарай жүйені жаңартып, қолайлы болатындай бағытталып отырады.

  Мекеме жүзеге асырып жатқан «Қадам» білім беру жобасы аясында жүзге тарта адам білім алды. Бүгінде олар 11 бағыт бойынша өз кәсібін ашып, еңбек етуде. Қысқа мерзім үшін бұл үлкен жетістік. Онда тігін, шаштараз, қолөнер, балалар массажы, тәрбиеші, аспазшы деген сияқты бірнеше мамандықтар бар. Айта кетерлік тағы бір артықшылық, курсты аяқтап, сертификат алған түлектер келісімге отырып, серіктес болған қала ішіндегі беделді мейрамханаларда қызмет атқара алады.

        «Айналып келгенде осының барлығы аналар сұранысының нәтижесінде іске асуда. Қазіргі кезде оқыту курстарын 3 айға создырдық. Себебі бір айлық курсты оқып бітірген аналардың дені сол саланың қыр-сырын толық игеріп шығуы мүмкін болмады. Ақылдаса келе оқыту курсын 3 айға созуды ұйғардық. Біздің орталық қазір сұраныс негізінде, стандарттық жүйеге бағынбай жұмыс істейді. Бұл меніңше өте тиімді жоспар» – деп түйіндеді сөзін Жібек Әшірханова.

Сондай-ақ, мекеменің ұйымдастыруымен түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Оның да кәсіпті игеруге ықпалы зор. Мысалы, Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, «Қамқорлық» 

жанұя орталығымен бірлесіп «Іскер ана» кәсіпкер әйелдер әзірлеген өнімдер жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеге облыстағы көпбалалы санатындағы аналар, мүгедектігі бар жеке кәсіпкерлер жасаған қолөнер мен зергерлік бұйымдары, түрлі тағамдар қойылды. Мұндағы мақсат – жаны қайсар еңбек адамдарын қолдап, кәсіпкерлікке бейімдеу. Жәрмеңке соңында белсенділік танытқаны үшін 22 анаға дипломдар табысталды. Бұл аналардың шеберлігін, өз кәсібіне деген құштарлығын арттыруға ықпал етері сөзсіз. Кәсіп бар жерде – нәсіп бар, әр шаңырақта береке орнап, бала-шағасымен бақытты өмір сүрсе аналардың да арманы орындалғаны ғой.

Гүлмира Садық, 

Қазақ үні