Кей депутаттар вейпке тыйым салуға неге қарсы?!.

Кей депутаттар вейпке тыйым салуға неге қарсы?!.

Өңірлерге шыққанда “осы вейпке тыйым салуға қарсы депутаттар да бар ма?” деп ел сұрағанда, “ашық қарсылары жоқ” дейтін едім. Бар екен. 

Бүгін Мәжіліс қабырғасында вейпке тыйым бойынша заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша кезекті отырыста кәдімгідей кедергі жасағысы келген үш-төрт депутат болды (барлығы жігіт ағалары): Саурықов Е.Б.,Стамбеков Е.Д., Искандиров М.З. және Базарбек Б.Ж. (Бақытжан, шатаспасам). 

Алғашқы екеуін бірінші көруім, соңғысы туралы пікірім оң еді, бүгін “тірілей” көріп, өзгердім. Осы танымал соңғысы өзі екіпіндеп сөйлеп, жұртты тыңдауға шыдамы жетпей қала беретін сабырсыз болып шықты. Сөз бөлу, килігу, айқай салу әдеттегі әрекеттері ме, айналасы үйренгендей көрінді…., керуен көшті. Уәждері “вейптің зиян екенін дәлелдейтін нақты зерттеулер жеткіліксіз”. Зиян емес екені дәлелдеуді қажет етпейтіндей. 

“Вейп индустрияның мүддесін қорғап отырсыз” дегенге кәдімгідей “ар-ұжданыма нұқсан келді” деп қомпаңдап, ежірейіп, екпіндеп қалды. Осы күні кейбір адамдар ары мен амбициясын шатастырып алған ба дерсің?! 

Аллаға шүкір, Еділ Жаңбыршин, Жұлдыз Сүлейменова, Nurgul Tau, Гаухар Танашева, Ринат Зайтов, Нартай Аралбай, Дәулет Мұқаев тағы да басқа депутаттардың ұстанымдары ұлттық. Әсіресе, Еділ Жаңбыршин ағамыз ерге тән мінезімен үшемнің мысын басып, мерейімізді өсірді. 

Осы істің басы қасында жүрген Жамилә Садықованың сауатты жауабын толық тыңдауға сабыры жетпеген үшеуі бірінен соң бірі қолдарын сілтеп, “көңілдері қалып”, күңкілдеп шығып кетті. 

Кетсе кетсін. Ал, вейпке тыйым болады. Ринат Зайытов айтқандай “жасөспірім күнімде темекіге тыйым болғанда мен шекпейтін едім, енді міне қоя алмай жүрмін”. Таңдау, танымы қалыптасып үлгермеген үлбіреген балалардың мүддесінің жанында бизнес мүддесі деген не ол, тәйірі…

Солай. “Ұлтқа қызмет мінезден” деген…

P/S бүгінгі посттағы ақпаратты менің жеке азаматтық ұстанымым, субьективті пікірім деп біліңіздер, сәл “эмоушн” болды).

Қосымша

Ерболат Саурыков деген депутат бойынша “ЖОО басшысы бола тұра қалай қарсы?” деген жекеме хаттар келуде. Мен бұл кісіні бұрын соңды еш алаңда көрмеппін. Білім ұйымын басқарып отырған басшы студенттерінен аноним сауалнама алса болады, өзі ақ зерттеу жүргізіп, қолында тұтас алаң тұр. Аманат алаң. Вейпті қолдамас бұрын балаларға қолдау шараларда атыңыз аталсын деп тілек білдіремін.

Баян Ахатай, 

Фейсбук парақшасынан