Түркістан облысында адам саудасымен күрес қалай жүргізіліп жатыр?!

Түркістан облысында адам саудасымен күрес қалай жүргізіліп жатыр?!

Адам саудасы мәселесі қазіргі өркениетті қоғамда да әлемнің басты проблемаларының бірі. Бейресми деректерге сәйкес әлемдегі үшінші ірі заңсыз бизнес түріне адам саудасы жатады. Болжам бойынша оның жылдық тауар айналымы 10-15 млрд. АҚШ долларын құрайды. Бұл болжам ғана. Өйткені нақты мәліметке қол жеткізу әзірге мүмкін емес. БҰҰ мәліметінше жаһандық адам саудасының көпшілігі Балқан түбегінде, ТМД елдерінде, Оңтүстік Америка құрлығында, Орталық Еуропада, Африкада, Шығыс Азияда орын алады екен.Ал әлемдегі адам саудасы құрбандарының 70 пайыздан астамын нәзік жандылар, яғни әйелдер мен қыздар құрайды. Ал жалпы құрбандардың үштен бірі балаларға қатысты екен.

Бүгінде Қазақстан – адам құқығы бойын­ша 60-қа жуық көптарапты келі­сім­нің қатысушысы. Оның 13-і адам саудасына тікелей қатысты. Қала берді, түрлі заңдар мен мемлекеттік органдардың бұйрықтары бар. Бірақ нақты заң жоқ. Зардап ше­гуші былай тұрсын, мемлекеттік орган мамандарының өзі толық ақпа­рат­тан бейхабар. Осы және өзге де проб­­лемалардың шешу жолдарын қарас­­тыру уақыт күттірмейді.

Елімізде алғаш рет Адам саудасына қарсы күрес туралы заң жобасы әзірленуде. Форумда жоба көпшілікке ұсынылып, бұл іске қатысы бар сала мамандары ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жария етті. 2023 жылдың сәуір айында заң жобасы Мәжілістің талқылауына ұсынылған.

Президент жанындағы Адам құқық­тары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішевтің айтуынша, заң жобасында шетелдік мигранттардың еңбек қатынастарын реттеу мәселесі қарас­тырылып, өзге де маңызды ба­ғыт­тар қамтылған. Заң қолданысқа ен­гізілсе, адам құқығы туралы ережелер халықаралық стандарттарға сай бол­мақ. Адам саудасының алдын алу және аталған қылмысқа қарсы ымыра­сыз күресте әлемдік тәжірибенің маңызы зор. Елімізде 2016 жылдан бері адам саудасының құрбандарына атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Алайда бұл көмекті тек Қазақстан азаматтары, елімізде тұрғылықты тұрып жатқан шетелдік азаматтар мен қандастар ала алады. Ал түрлі себептермен Қазақ­станға уақытша келген еңбек мигранттары адам саудасының құрбаны болғанда атаулы әлеуметтік көмек ала алмайды. Халықаралық сарапшылар бұл мәселені жиі көтеріп жүр. Жалпы, бұл бағыттағы заңнамалық құжаттардың болмауы Қазақстанның кейбір халықаралық рейтингтерде төменгі сатыдан көрінуіне себеп болып отыр. Білікті мамандардың қатысуымен әзірленіп жатқан заң жобасы осы сияқты түйткілдердің түйінін тарқатады деген сенім мол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында адам саудасы проблемасының өзекті­лігін, мұндай қылмыстарды тергеу жә­не кінәлілерді сот тәртібімен жазалау рәсімін жақсарту қажеттігін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестірудің маңыздылығын атап өтті. Осыны негізге ала отырып, бүгінде уәкілетті органдар дәйекті жұмыс жүргізуде. Ішкі істер министрлігі жүйелі негізде осындай факторларды анықтауға бағытталған республикалық жедел алдын алу іс-шараларын жүргізіп жатыр.

Елімізде адам саудасының ең көп таралған түрі – әйелдерді жыныстық қанау, сондай-ақ притондар ұйымдас­тыру мен жеңге­тайлық жасау. Ер адамдар әдетте, еңбек нарығында жапа ше­геді. Сонымен қатар жаңа туған нәрес­телер мен жас балаларды сату фактілері анықталады.

Деректерге сүйенсек, еліміздегі адам саудасына қатысты қылмыстар көбіне жезөкшелік, притондарды ұйымдастыру және ұстау, «жеңгетайлыққа» байла­нысты. Жезөкшелікке салынған қыз­дардың орташа жасы – 18-25 жас аралығында. Отандастарымыз көбіне Бахрейн, Түркия және БАӘ елдерінде от басады екен. Сондай-ақ республикалық маңызы бар қалаларда жезөкшелік деректері жиі тіркелуде.

Естеріңізде болса, 2016-2020 жылдар аралығында қыздарды Бахрейн Корольдігіне жезөкшелікке тартумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ былтыр құрықталған еді. Қа­зақстан, Ресей және Бахрейн азаматтарынан құралған топтың құрамында 19 адам болған. Ал жәбірленуші ретінде 39 нәзік жан танылды. Олар – Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары. Белгілі болғандай, 6 әйел қылмыскерлерден қашып кеткенімен, елге орала алмаған. Ішкі істер және Сыртқы істер министрліктері бірле­се отырып, отандастарымызды Бах­рейн, Түркия және Біріккен Араб Әмір­ліктерінен елге қайтарған-ды.

– Бізді бөтен адам қарсы алды. Сосын қонақүйге апарды. Қонақүйге жайғастырғаннан кейін: «Құжаттарың менің қолымда болады. Мен сені сатып алғанмын», деді. Менен кейін де көптеген қыздың жезөкшеліктің жетегінде кеткеніне куә болдым. Олар­дың арасында кәмелет жасына толма­ғандар да бар. Әбден қиналып, өздеріне қол жұмсап, тамырларын кескен жағ­дайлар болған, – деп еске алады жәбір­ленушілердің бірі.

Әттеген-айы сол, кейбір қыздар шетелге не үшін бара жатқанын алдын ала білген. Яғни мұндай қадамға өз еркімен баратындар да кездеседі. Осы ретте, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова әлеуметтік сая­сат бағытындағы жұмыстарды жан­дандыруға шақырды.

Әлеуметтік әлсіз топтың мүшелері, қиын жағдайға тап болған қыз-келін­шектер қоғамнан алшақтап, оңай олжаға кенелгісі келеді. Көбіне бұл жолға алкогольге тәуелді және еркін жүріске салынған әйелдер түседі екен. Әлеуметттік саясат дегеннен шығады, еліміздегі отбасы институтын әлі де жандандыру керек. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын ұйымдастырумен іс бітпес. Ерте жүктілік, жасанды түсік, суицид сияқты деректердің көп тіркелуі кәмелет жасқа толмаған қыздардың мектеп қабырғасында жүргенде-ақ зорлық-зомбылыққа ұрынатынына дәлел. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, көбіне жалғызбасты аналар жезөкшелік, ал әкелер ішкілік жолды таңдап жатады. Толық отбасында өспей, ерте жастан психикалық қысымға ұрынғандардың басым бөлігінің де болашағы бұлыңғыр. Көбіне ондай отбасынан шыққандар жезөкшелік жолды таңдайды немесе ішімдік, есірткі секілді тағы басқа теріс қылықтарға бой ұрады. Сондықтан да әлеуметтік саясат, отбасылық институт бағытындағы жұмыстарды жетілдіре түскен абзал.

Ауылдың әкімі түгілі жақын туысы бара бермейтін шаруа қожалықтарында зорлықпен жұмысқа жегілген жігіттер жетерлік. Көбінің құжаты жоқ, ішкілікке салынған. Бұрын сотталғандар, балалар үйінен шыққандар, ақыл-есі кем не дұрыс жетілмегендер. Алланың назарынан тыс қалдым деп қаланың базарында жүрген өмірге өкпелі қаңғыбастар. «Жататын жерің болады, тамақ ағыл-тегіл» деген шаруашылық басшысының «қамқорлық» сөзіне иланып, ақ «Ниваның» салонына өздері-ақ секіріп мінеді. Әккі шаруалар әу баста жұмыскердің жағдайын жасайды. Уақыт өте келе арасында таңғы сағат 6-да тұрғыза бастайды. Содан түн ортасына дейін жұмыс істетеді. Сенбі мен жексенбі күндері қарастырылған демалысты жоя­ды. Ауырып, жатып қалса дәрігерге қаратпайды. Ақша беру былай тұрсын, тамақ бермейді де. Бұл – құлдық! Кейбір полицейлер: «Жұмыстың қиындығына қарамастан өзі істеуге келісті. Ұнамаса кетіп қалмай ма, қашып кетпей ме?» деп сылтауратады екен. Бірақ ол адамдар қайда қашады? Жапан далаға ма? Қашып, ауылдың біреуіне көмек сұрап барса да, оны иесіне тапсырады. Ашуланған иесі өлердей сабап тастайды. 2020 жылғы деректерге сенсек, мұндай жағдайлар Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы, Балқаш, Шу өңірлерінде, Түркістан облысында жиі тіркелген.

Сәби сату мен сатып алуға қатыс­тылар – жеке адамдар, яғни баланың анасы мен заңсыз жолмен балалы бол­ғысы келгендер. Бала саудасымен айналысамын деп басы бәлеге қал­ған медицина қызметкерлері де кезде­седі. Мамандардың айтуынша, көбіне жас қыз-келіншектер баласын саудалайды. Ал «тірі тауарды» сатып алушылардың дені – ана болу бақытынан айырылғандар. Құқық қорғау органдары дүние есігін енді ашқан сәбилерді саудаға салғандардың кінәлары толығымен дәлелденсе, екі жақ та жазасыз қалмайтынын ескертеді. Иә, жаңа туған нәрестелерді сату ауыр қылмысқа жатады. 2019 жылы елімізде адам саудасымен айналысқандар үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша Қылмыстық кодекске бірқатар өз­герту мен толықтыру енгізілген. Мәсе­лен, кодекстің 135-бабы бойынша қаралатын істер ауыр қылмыстар сана­тына жатқызылып, кәмелетке тол­ма­ғандарды саудаға салып, пайда көз­дегендерді он сегіз жылға дейін бас бос­тандығынан айыру жазасы енгізілді.

Бұл іске қатысты деректерді сүзіп шықсақ, жаңа туған нәрестелердің құны 1 миллионнан басталып, 3-4 миллион теңгеге дейін бағаланады екен. «Әлі жарық дүниеге келмеген сәбиін анасы интернеттегі түрлі сайттар, әлеуметтік желілер арқылы сатып, ақша тапқысы келеді. Бала асырап алудың сан талаптарын орындап, уақытын жоғалтқысы келмейтін сатып алушылар да көбіне осы тәсіл арқылы «болашақ баласын» іздейді», дейді мамандар. Бала асырап алу үшін тиісті құжаттарды рәсімдеу керек. Бұл – заң талабы. Оның үстіне кезекке тұру және біраз уақытқа созылатын бюрократиялық кедергілерден өту қажет. Қамқоршы органдар онсыз да туа салып, тағдырдан теперіш көрген сәбиді кім көрінгеннің қолына ұстата салмайтыны тағы түсінікті. Осындай кедергілерді аттап алу үшін ана бақытын сезіне алмай жүргендер түрлі қулыққа барады. Баласын асырай алмайтынына көзі жеткен қыз-келіншектер де сол жолды таңдайды.

Бұрындары әлеуметтік желілердің бірінде мынадай хабарлама жарияланыпты: «Үшінші баламды көтеріп едім, асырай алмаймын. Күйеуім жоқ. Балалар үйіне өткізіп, далаға тастағаннан гөрі бір мейірімді жан асырап алса деймін. Екі балама нан болуы үшін қаржылай көмек болса» депті. Астына «Мен алайыншы», «Бала асырай алмай жүрміз, маған беріңізші», «ЭКО-дан жол болмады, мен алайын, қаражатпен көмектесемін» деген мәндегі пікірлер көп жазылыпты. Соған қарағанда бала сату бір бөлек, заңсыз жолмен сатып алғысы келетіндер аз емес сияқты.

Жоғарыда шетел жайлы айттық. Шетел­де мұндай оқиға күн санап тірке­леді. Тіпті криминогендік ахуал тұ­рақсыз мекендерде сәби саудасы негізгі табыстың көзі болып саналады. Біздің ойымызға бала бақытын сезіне алмай отырғандар асырап алады деген ой сақ ете қалады. Шын мәнінде арам пиғылды жандар сәбиді ағзасын сату үшін, құлдыққа салу үшін, сексуалдық мақсатта пайдалану үшін асырап алуы да әбден мүмкін. Осы ретте, БҰҰ-ның балалар саудасының жолын кесу бағдарламалары шеңберінде көптеген мемлекетте кешенді жұмыстар қолға алынып жатыр.

Елде 75 мыңнан астам адам құлдыққа жегілген. Осылайша, Қазақстан адам саудасы антирейтингісінде 83-ші орынға тұрақтаған. Бұл Walk Free үкіметтік емес ұйымының зерттеуінде көрсетілген. Бір ғана Түркістан облысында 2018 жылы құлдық қамытына түскен 600-ден аса адам көмек сұраған. Айзада Төребекқызы құлдықтан аман құтылғандармен тілдесіп қайтты.

Айгүл төрт ай бойы құлдықта болғанын айтады. Ол бір кезде қалаға шалғай ауылдан жұмыс іздеп келген. Наурызда дәмханалардың біріне даяшы болып орналасқан. Тәп-тәуір жалақы, жатын орынымен қоса ұсынған қожайын бір аптадан соң көрмегенді көрсетті, дейді ол.

Солодких кеде телеарналардың біріне сұхбат берген Айгүл былай деп еді: 

Бір-ақ мезгіл тамақ берді. Ол да әркімнен қалған, сондай тамақтар берді. Документ алғаннан кейін олар бізге, ойына не келді, соны істей бастады. Кәдімгі құл, адамды құлдықта ұстағандай ұстады. Даже бізді магазинге де шығарған жоқ. Телефонымыздың бәрін алып қойды. Саунаға жіберді, одан кейін гостиницаларға жіберді. «Жұмыс жасайсың. Мен саған ақшаңды берем» деп, тіпті ұрып, қолдарына не түседі сонымен ұрып, шаштан тартып, өздерінің қалаған нәрселерін істеді.

Айгүл қайырымды адамдардың арқасында түнделетіп қашып шыққан. Қазір оның құжаттары әзірленіп жатыр. Ал Геннадий Петровты еріктілер қаңтар айында қала сыртында жатқан жерінен тауып алған. 25 жыл бұрын Қазақстанға Ресейден күнкөріс қамымен келген ол ширек ғасыр бойы біреудің малын тегін баққан. 68 жастағы қарт өзінің қай ауылда, кімнің қолында құл болғанын да білмейді. Осы уақыт аралығында туыстарына амандығын да білдіре алмай келген.

Если вас сейчас смотрела бы ваша семья, что бы вы им сказали? Что бы вы им передали? - Большой, огромный, огромный привет.

Лилия Халиулина, «Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығы қоғамдық бірлестігінің заңгері:

Оған медициналық көмек мүлдем көрсетілмеген. Қашып кетуге де мүмкіндігі болмаған. Өйткені ол бөтен елде, бөтен жерде. Оның үстіне құжаты да жоқ. Геннадийдің халі нашарлағасын, қожайыны оны керексіз мысық секілді жол жиегіне тастап кете салған. 

Шымкенттегі «Сана сезім» құқықтық орталығына 2017 жылы 299 адам көмек сұрап жүгінсе, биылғы жарты жылда 630 адам хабарласқан. Соңғы екі жылда 93 жанға нақты көмек көрсетіліпті.

Раушан Худайшукурова, «Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығы қоғамдық бірлестігінің әлеуметтік қызметкері:

Жұмыс берушілер көп жағдайда жалданушының іздеуші-сұраушысы жоқтығынын пайдаланады. Құжатын алып қояды. Құқығын қорғай алмайтынын білгесін тегін жұмысқа жегеді. 2017 жылы біздің бірлестіктің араласуымен адам саудасы, құлдыққа қатысты арыз бойынша 6 қылмыстық іс қозғалды. 

Шетелдік сарапшылар адам саудасы бойынша 167 елдің ресми көрсеткішін жасаған. Оған сүйенсек, әлемде құлдықтың қамытын киген 40 миллионнан асатын адам бар. Оған балалар еңбегі, сексуалдық тұрғыда пайдалану, мәжбүрлі некеге тұру сынды жағдайлар да есепке алынған. Ал көшті Солтүстік Корея бастап тұр. Мұнда әрбір 10-шы адам құлдыққа тап болған. 

Айзада Төребекқызы, тілші:

Шымкентегі құқықтық орталықтағылар қазір тағы 25 өзбекстандықты еліне қайтаруға әрекет жасап жатыр. Олар Алматыға жұмыс іздеп барып, құлдыққа түскен. Қоғамдық бірлестік өкілдерінің дерегінше, адам саудасының құрбаны болатындардың дені - Өзбекстан азаматтары. Бұдан бөлек қырғыз, ресейлік, тәжікстандықтар да бар екен. Мамандар шетел аспас бұрын әуелі баратын елінің еңбек нарығын жіті зерделеп алуға кеңес береді.