Қаңыраған ауыл, аңыраған бауыр...

  Қазақстан Үкіметінің басшысы Серік АХМЕТОВтің, Павлодар облысының әкімі Ерлан АРЫНның назарына!    ҚАҢЫРАҒАН АУЫЛ, АҢЫРАҒАН БАУЫР АҚШИМАН АУЫЛЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕПТЕ 24 ОҚУШЫ ҒАНА ҚАЛДЫ Қазақ даласының ұлан-ғайыр кеңдігі – кезінде қазақты Ресей империясының отарлау саясатының жүзеге асуын мейлінше баяулатқан тәрізді. Оның үстіне ұлтымыздың рулық, тайпалық құрылымының беріктігі, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып, баба діні мен діліне деген ерекше құрметі, дәстүрді қатаң сақтауы да аталған үрдістің тереңдемеуіне ықпал еткенге ұқсайды. «Естіген құлақта жазық жоқ», мәселен, бүгінгі Павлодар облысына қарасты Май ауданындағы Ақшиман ауылындай шалғайдағы жұрттың қаймағын бұзу – кеңес билігіне аса қиынға түссе керек. Аса қонақжай, мейлінше бауырмал, айрықша ақкөңіл қазақты іздесеңіз – Ақшиманға барыңыз! Азын-аулақ малын бағып, ата кәсібін серік қылып, күнелткен, төл мұңын шағып, жеке шаруасын айта бермейтін табиғаты таза, момын ел де осында. Ауылдағы жұмыс орындары санаулы: мәдениет үйі, ауыл әкімдігі, мектеп. Ауылдың негізгі тұрғындары – зейнетақы жасындағы қариялар мен мектеп мұғалімдері мен шәкірттері. Күнкөріс қамын күйттеген жастар еліміздің түкпір-түкпіріне кетіп жатыр... Аудан орталығынан 125 шақырым қашықтықтағы елді мекенге қатынаудың өзі қиямет. Аудандық маңызы бар жолдар санатындағы Саты-Ақшиман бағытындағы ескі жолға жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, күрделі жөндеу көрген емес. «Мұндай күрделі қаржыны аудан бюджеті көтере алмайды» деседі жұрт. «Халық саны аз» деген желеумен Ақшиман мен Малайсары ауылдарына жалғыз дәрігер бекітілген. Бірақ, арасы 115 шақырым қашықтықты құрайтын екі ауылдың әудем жұртына жалғыз дәрігер тағайындаған адамның «ақылдылығына» қайран қаласың?!. Тозығы жетіп, тот басқан «жедел жәрдем» көлігінің жүргізушісі жолға шығарда, үнемі үреймен аттанатындығын айтады. Өткен қыста жолда көлік бұзылып, бейкүнә сәби анасының көз алдында шетінеген көрінеді. Таяуда ескі көлік жеткізе алмай, толғағы қысқан ана сәбиін ауылда босаныпты. Қазақ иісі бұрқыраған осы Ақшиман ауылы тұрғындарының есінде 90-жылдардың басында «Қазақ тілі» қоғамын құру туралы өткен жиын ұзақ сақталып келеді. Аталған уақиға туралы «Шамшырақ» газетінің тілшісі Советқали Арықбаев былай деп жазды: «Ауа-райының қар ұшқындап тұрған қолайсыз жағдайына қарамастан, жиын өтетін жерге жастармен қатар, соғыс пен еңбек ардагерлерінің және ардақты аналардың лек-легімен келіп, орын алғандарына еріксіз риза боласың. Қазақ тіліне шынайы жанашыр халқымыздың ыстық ықыласына қалайша тебіренбейсің?! 300 орындық мәдениет үйінің залында ине шаншыр бос орын қалмады. Бізді таңдандырған жағдай: осыған дейін бірнеше республика, облыс дәрежесіндегі өнер ұжымдары арнайы концерттік бағдарламаларымен келгенде, көрермендердің тым аздығынан қысылушы едік?..» Қазір осынау қазақ тілінің, түптеп келгенде, қазақ ұлтының сақталып қалуына себеп болған қазақы ауылдың іргесі сөгіле бастағандай. Сол кездегі 300 орындық Мәдениет үйі жоқ. Мектеп үйінің қыста суық бо­луына байланысты ата-ана­лар балаларын өзге ауыл­дар­дағы туыстарының үйіне тұр­ғызып оқытуда, қала­дағы мектеп-интернаттарға орна­ластырғандары да бар. Бүгінде Ақшиманда небәрі 500-ден астам ауыл тұрғыны қалған. 2011-2012 оқу жылында Ақшиман орта мектебінде 28 оқушы ғана білім алды. Оның ішінде мектепалды даярлық тобында 4 оқушы, 1-4 сынып оқушыларының саны 13, 5-9 сынып оқушыларының саны 14, 10-11 сынып болмады, жалпы мұғалімдер саны 14 болды. Ал, 2012 жылдың қыркүйек айындағы мәлімет бойынша, 2012-2013 оқу жылында небәрі 24 оқушы қалды. Білім ордасының қысқа әзірлігіне қаражат бөлінбейді. Бірер жыл бұрын мектептің жылу жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, қаржының аздығынан іс тиянақты ақтал­май, өткен жылы апатты жағдай орын алды. Қыс мезгілінде 10-12 градустық аязда тоңған мұға­лімдер сөйлей алмай, діріл­деп тұрды. Оқушылар сырт киімдерін қыс бойы шеш­пейді. Ақшиман орта мектебі­нінің мүшкіл жағдайынан мектеп­тердің материалдық-техни­калық жағдайына тікелей жауапты аудандық білім беру бөлімі де, санитарлық-эпиде­миялогиялық қадағалау басқар­масы да, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі де хабардар. Қаржы сұралғанымен, Ақшимандағы оқушылар санының аздығын алға тартқан облыстық білім басқармасы қаражат бөлмеген. Мектептің қаңырап қалуға шақ қалуы – Қалмаққырған тауының етегінде орналасқан сан ғасырлық тарихы бар ауылдың мұңына айналды. Мектеп жабылса, ауылдың да түтіні өшеді. Ауыл мектебінің директоры Шынар Жұмабекова Ақшиман орта мектебін «Бастауыш мектепке» айналдыра ма деп алаңдап, қатты қауіптенетіндігін жасырмады. Ең арғысы, республикалық үгіт-насихат топтарының өзі Ақшиманға баруды ауырсынып, жиынды аудан орталығына жақын ауылдарда өткізеді. Ап­тасына 2 рет ғана автобус қаты­найтын Ақшиман ауылы еліміздің Үкіметі мен облыс әкім­дігі тарапынан шұғыл қолдауға зәру. Қадым заманғы қазақ тари­хындағы Олжабай, Жасыбай, Малайсары батырлардың жоңғарларды ойсырата жеңіп, ту тіккен таулы өлкенің ерен жұртының айдың-күні аманында тауы шағылып, сағы сынуы – елдігімізге сын. *** Биылғы жылдың ақпан айын­да Павлодар облысының әкімі Е.Арынның халыққа есеп беру кездесуі кезінде Ақшиман ауылының тұрғындары атынан Қ.Көшкінбаева деген азаматша ұялы байланыс желісін орнату жөнінде мәселе көтерген еді. Аймақ басшысының орынбасары А.Әбдіхалықов: «Ақшиман елді мекеніне ұялы байланыстың да құрылғылары биыл орнатылады. Осы мақсатта қажетті қаржы да қарастырылды», – деп уәде берген болатын. Таяуда ауылға облыс орталы­ғынан мамандар келіп, ұялы байланыс желісін орнатуға қатысты тұрғындармен кездесуде бұл шаруаның маусым-қараша айларында толық жүзеге асатындығын айтыпты. Иә, «үмітсіз – шайтан» деген, ұлтын ұлықтауға табиғаты етене жақын аймақ басшысының берген серт, айтқан уәдесіне Ақшиман ауылы сенімін артып, үміт отын үрлеп отыр... Мейрамбек ҚЫЗЫР, Павлодардағы өз тілшіміз