ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ-ШАРТТАР ҚАШАНҒЫ ОРЫС ТІЛІНДЕ ЖАСАЛАДЫ? - Қазыбек Иса
2023 ж. 22 қараша
2587
5
Қазақ министрі қазақша сөйлесе қуанатын жағдайға жеттік отыз жылда!?.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі жалпы отырысында бірқатар маңызды мәселелермен қатар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы арнайы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қаралды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Энергетика министрі
Алмасадам Майданұлы Сәтқалиев баяндама жасады.
Осы заң жобасына байланысты екі елдің арасындағы келісім-шарт туралы ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса өткір сұрақ қойды:
-Мен ең алдымен Энергетика министрі Алмасадам Майданұлына баяндамасын қазақша, яғни мемлекеттік тілде жасағаны үшін рахмет айтамын. Жаңа мұның алдында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев та шамасы келгенше қазақша баяндама жасап, қазақ тілінде жауап беруге тырысты.
Осылай біздің министрлер бірте-бірте өз мемлекетінің тілін үйреніп алады деп үміттеніп отырмыз. Қазақ министрі қазақша сөйлесе қуанатын жағдайға жеттік отыз жылда!?.
Менің сұрағым, Қазақстан мен Франция арасындағы келісім-шарт былтыр 2022 жылы 30 қарашада Франция астанасы Парижде жасалыпты.
Келісім жасап отырған екі мемлекет Қазақстан мен Франция! Ал келісім шарт неге үш мемлекеттің тілінде қазақ, француз және орыс тілінде жасалған?
Келісім жасап отырған екі мемлекет қой - Қазақстан мен Франция! Бұл жерге үшінші мемлекет Ресейдің тілінің не қажеті бар!?.
Францияға Ресей тілінің түкке қажеті жоқ! Сонда орыс тіліндегі келісім-шарт біздің, Қазақстанның өзінің мемлекеттік тілін білмейтін Үкімет үшін жасалған ба?!. Қашанға дейін келісім-шарттарды орыс тілінде ғана түсініп жүрмекшісіздер?
Кеше де Сингапурмен келісім-шартта да орыс тілі жүр.
Тәуелсіздік алғанымызға 32 жыл болды ғой, орыс тілін қосу қашанғы жалғасады, тоқтататын уақыт жеткен жоқ па?
Депутаттың сауалына министрдің берген жауабы:
- Сұрақты өте дұрыс қойып отырсыз. Мәселе пайдаланушылардың ыңғайлылығы жөнінде. Негізгі құжат француз және қазақ тілдерінде, әрине. Орыс тіліндегі нұсқа банктер мен халықаралық қаржы институттары үшін. Сіз дұрыс айтып отырсыз, болашақта бұл норманы жоятын боламыз.