АНАҒА ҚҰРМЕТ – БАРШАМЫЗҒА ОРТАҚ МІНДЕТ

АНАҒА ҚҰРМЕТ – БАРШАМЫЗҒА ОРТАҚ МІНДЕТ

      Бұл мақаламызды қуанышты жаңалықпен бастайық! «Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді, – деп құттықтады Қазақстан халқын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. 

       Әрине бұл еліміз үшін үлкен қуаныш! Мың өліп, мың тірілген қазақ ұлтының бастан кешпеген қиындығы жоқ. Түрлі соғыстар, қолдан жасалған ашаршылық, саяси қуғын-сүргін Алаш ұрпағын құртып жібере жаздаған кезеңдер де болды. Шүкір, Тәелсіз елміз! Бейбіт өмір сүріп жатқан халқымыздың саны өсіп келеді.

      Бұл жолғы Қ. Тоқаевтың қысқа ғана құттықтауынан көп нәрсені аңғаруға болады. «Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді» - деген сөзінің салмағы басым жатыр.Бұл бағытта елімізде көптеген заңнамалар, бағдарламалар қабылданып, соған орай барлық аймақтарда айтарлықтай істер атқарылып жатыр. Дегенмен «бес саусақ бірдей емес» демекші, отбасындағы зорлық-зомбылық жер-жерлерде көрініп қалатыны да жасырын емес.

       Жақында ғана Президент Ішкі істер министрі Ержан Сәденовпен, Бас прокурор Берік Асыловпен, Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевпен, сондай-ақ басқа да салалық ведомстволардың басшыларымен арнайы кездесті. Мемлекет басшысы заңның сақталуына, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруға баса назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев Заң мен Тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси берік ұстанымына айналуға тиістігін, көшедегі мәдениетсіздіктен бастап төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етті.

       Президент осындай келеңсіздіктермен тұтас қоғам болып күресу керектігін атап, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты құқықбұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажеттігін айтты. Әсіресе әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің батыл түрде жолын кесу керектігін қатаң ескертті. Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне елорда мейрамханаларының бірінде болған кісі өліміне қатысты резонанс тудырған оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.

        «Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі» -деп Президентіміз айтқандай, сол бақытты шаңырақтың ұйытқысы, берекесі әрине ана болып табылады. Адамдардың құқығын қорғайтын заң қажет екені белгілі. Бірақ табиғаттың да бұлжымас, ешкім жоққа шығара алмайтын өз заңы бар. Ол – тіршілікті жалғастыратын өмірге ұрпақ әкелу заңы. Онсыз жұмыр жер бетінде адамзат атаулы жоқ болар еді. Онсыз отбасындағы құндылықтарды қорғау туралы әңгіме де болмас еді. Сондықтан да анаға деген құрмет – бүкіл адамзаттың бірінші парызы болып қала бермекші.

      Халқымыздың саны 20 миллионға ілігіп, төбеміз көкке жетіп жатқан кезде өмірге ұрпақ әкелу еліміздің аймақтарында қандай деңгейде деген көрсеткіштерге көңіл бөле кеткен артықшылық етпес. Алдынала айтайық, еліміздегі демографиялық жетістіктерге үлкен үлес қосушы Түркістан облысы екенінде дау жоқ. Аймақтық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне қарасақ, өңірде тәулігіне 150-ге жуық бала дүниеге келеді екен. Орташа есепен алғанда олардың 60 пайызы ұл болса, 40 пайызы – қыз. Бұл еліміз бойынша орта көрсеткіштен анағұрлым жоғары. Демек, алдында айтқанымыздай Түркістан облысы бала туу көрсеткішінен республика бойынша бірінші орында тұр деп сеніммен айта аламыз.

         Облыс көлемінде үш ірі перинаталдық орталық бар. Ал, өңірдегі аудандар бойынша 22 перзентхана бөлімі тұрақты жұмыс істейді. Тағы бір айта кететін жетістік, Түркістан шаһары облыс орталығына айналғаннан бері қаладағы демографиялық өсім екі есеге ұлғайған. Екі миллионнан аса тұрғыны бар оңтүстік аймақта соңғы жылдың өзінде 237 762 сәби дүниеге келген. Бұл – жылына 60 мыңға жуық бөбек туылады деген сөз. Ал, биыл, жыл басынан бергі 6 айда 26 мың 706 нәресте өмірге келген. Мына бір көрсеткішті де айтпасқа болмайды, Түркістан облысы – елімізде үшем туу көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда келеді. Соңғы 5 айда 59 отбасы егіз балалы болса, 2 отбасында үшем туылған.

       Қазақстандағы демографиялық ахуал қоғамдағы әлеуметтік жағдайдың тұрақтылығына байланысты екені белгілі. Ең алдымен балалардың денсаулығын сақтап, жас ерекшелігіне қарай арнайы әлеуметтік жобалар арқылы дамыту қажет. Ана мен баланың денсаулығын қорғау бiздiң мемлекетiмiздiң, денсаулық сақтау органдарының тiкелей назарында. Бала туу санының өсу динамикасын сақтап тұру үшін балалардың денсаулығына мән беріліп, олардың туылу кезіндегі денсаулығынан бастап, өсе келе пайда болатын түрлі ауыруды болдырмау үшін жағдай жасалады. Ол үшін еліміз бойынша 5 мыңнан аса педиатр дәрігерлер қызмет етеді. Еліміздегі бала денсаулығының сақталуы келешегіміздің кепілі болып табылады. 

     Балабақша мен мектеп балалар өмірінің маңызды кезеңдерінің бірі. Қазақстан бойынша балалардың мектепке дейінгі білім алуына арналған 11 мыңдай ұйым болса, олардың көбісі балабақшалар, шағын орталықтар. Соның қатарында Түркістан облысында 1,5 мыңдай балабақша бөбектерді тәрбиелейді.

       Әрине, балабақша мен мектептен бұрын бала алғашқы тәрбиені ата-анадан алады. Соңғы жылдарғы тәжірибе көрсетіп отырғандай бала тәрбиесімен көбінесе аналар айналысады. Таңертеңнен кешке дйін жұмыста жүретін әкелердің оған уақыты да бола бермейді. Еліміздің дамуына лайықты үлес қосатын болашақ азаматтарымызды аналарымыз дүниеге әкеліп, аналарымыз тәрбиелейді десек артық айтқандық емес. Сондықтан да анаға деген құрмет ерекше, ал отбасындағы әлі де кездесіп қалатын ана мен балаға деген зорлық-зомбылықты түбірімен жоюға міндеттіміз.

     Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданының мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары А. Қозыбаев алтын құрсақты аналарға Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік төсбелгілерін салтанатты түрде табыстады. «Еліміздегі айтулы Республика күні қарсаңында, осынау жарқын мерекеде «Алтын иегерлері» атанып отырсыздар. Сіздер еліміздің демографиясының өсуіне, халық санының көбейуі мен ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып келесіздер. Сіздерге мықты денсаулық пен отбасының амандығын тілейміз, жүздеріңізден күлкі кетпесін», - деп аудан әкімінің орынбасары игі тілегін білдіріп, ауданның 18 көпбалалы аналарын «Алтын алқа» мемлекеттік төсбелгісімен марапаттады. Айта кету керек, ағымдағы жылы аудан бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 112 ана «Алтын алқа» иегері атанып, 353 анаға «Күміс алқа» төсбелгілері табысталған екен.

Республика күніне орай Сауран ауданында да көпбалалы аналар марапатталған болатын. Сол жолы ауданда 6 ана «Алтын алқа», 14-і «Күміс алқа» иегері атанды. Аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев аналарды құттықтап марапаттарды табыстады.

          Сауран ауданында 2023 жылдың 3 тоқсаны бойынша әйелдердің саны тұрғындардың 50,7 % құрап отыр. Ал 18 жасқа дейінгі 4 және одан көп баласы бар отбасылар саны – 5050. «Батыр аналар» – 122, көпбалалы аналар саны – 7729. І, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған аналардың саны 235-ке жетіп отыр. Аудан көлемінде «Алтын алқа» және «Күміс алқа» атанып жатқан аналар жыл өткен сайын еселене түсуде. Бүгінгі күні ауданда «Алтын алқа» алған аналардың саны 494 болса, «Күміс алқа» алған аналардың саны – 1828. Сауран ауданы еліміздің демографиялық көрсеткішіне елеулі үлес қосып келеді.

   Мемлекеттік марапаттардан бөлек көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар да қарастырылған. Кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары бар немесе жиырма үш жасқа дейін күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға табыстарына қарамастан бала санына орай қосымша жәрдемақы тағайындалады. Мысалы, төрт балаға – 16,03 АЕК немесе 46 760 теңге, сегіз және одан көп балаға – 28,06 АЕК немесе 81 852 теңге төленеді. Бұл жәрдемақы көлемі елдің экономикалық жағдайы, инфляцияға байланысты қайта қаралып тұрады. Сонымен бірге «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайын 6,4 АЕК мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Осының бәрі аналарға көрсетілген құрмет, ұлтымыздың санын өсіруге, мемлекетіміздің қуатын арттыруға бағытталған игі шаралар деп түсінуіміз қажет. 

«Қазақ үні»