ҰЛҒА ОТЫЗ ҮЙДЕН ТЫЙЫМ...
2023 ж. 21 қараша
206
0

Жасыратыны жоқ, еліміздің қай өңірінде болсын жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық оқиғалары орын алып жатады. Бұған әдеттегідей «балалар балалық жасаған болар» деп жеңіл-желпі қарауға әсте болмайды. Жасөспірім байқаусызда қылмыс жасап, сотталып жатса оның отбасы үшін, әкесі мен анасы үшін қаншалықты қайғы-қасірет әкелерін ойлаудың өзі ауыр. Төрт құбыласы тең, шаттыққа толы шаңырақтың да шырқы бұзылары анық мұндай жағдайдан соң. Сондықтан жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және оны болдырмау бір ғана отбасы үшін емес, бүкіл қоғам үшін маңызды мәселелердің бірі болып саналады.
Бұл бағытта еліміз бойынша құқық қорғау органдарының және қоғамдық ұйымдар тарапынан түрлі іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр, оны күнделікті тәжірибеден көріп те жүрміз. Алып шаһарларды айтпаған күннің өзінде, алыс аудан орталықтарында, өзге де елді мекендерде жасөспірімдердің құқықбұзушылығының алдын алу үшін көптеген істер атқарылуда. Мысалы, Түркістан облысы Сарыағаш аудан әкімдігінің жанынан құрылған қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топ мүшелері түнгі рейдтік кезекшіліктерді жиі өткізеді. Аталған іс-шараның мақсаты түсінікті – түнгі уақытта жасөспірімдердің беймезгіл жүруінің, қадағалаусыз қалуының алдын алу, сөйтіп оларды кездейсоқ қылмыстардан сақтандыру. Сондай-ақ құқықбұзушылыққа бейім жасөспірімдерді анықтап, есепке алып, олармен түсіндіру, сауықтыру профилактикалық жұмыстарын жүргізу.
Түнгі рейдік іс-шарасына аудандық прокуратура қызметкерлері, Сарыағаш АПБ ЖПҚ ЮПТ инспекторлары, «Жастар» ресурстық орталығының өкілдері, белсенді ата-аналар қатысып, алдын алу жұмыстарын жүргізді. Осы бір ғана соңғы рейдтік іс-шара барысында Сарыағаш қаласындағы «Самал» мөлтек ауданы мен С.Исмаилов, Б.Ермеков көшелерінің бойында, түнгі уақытта үйден тыс жерде жүргендері үшін бөлімшеге 12 жасөспірім жеткізілді.Олар қылмыс жасай қоймаса да түнгі уақытта үлкендерсіз жүруге болмайтыны түсіндіріліп, балалардың заңды өкілдеріне тиісті әкімшілік хаттамалар толтырылды. Әрине, мұндай шаралар өз нәтижесін береді. Алдағы уақытта ата-аналар балаларын қатаңырақ бақылауға алатын болады.
Облыс көлемінде де осы мақсатта түрлі шаралар ұйымдастырылады. Жақында Түркістан қаласында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырылды. Оған қалалық ІІБ полиция аға учаскелік инспекторы, майор И.Шадманов, полиция учаскелік инспекторы, капитан М.Оралов, жасөспірімдер инспекторы Т.Құрман, ТЖМК жалпы білім беру бөлімінің меңгерушісі Д.Кусембаева, жастар ісі маманы Б.Сейтжанов және жоғары сынып оқушылары мен университет студенттері қатысты.
Алдымен полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық жайында, біреудің мүлкін жымқыру, алаяқтық және өзге де қылмыстар туралы баяндап, одан қашанда сақ болудың жолдарын түсіндірді. Ондай қылмыстарға куә болған жағдайда құқық қорғау орындарына хабарлау керектігін ескертті. Сол сияқты түнгі уақытта үлкендерсіз жүрудің жасөспірімнің өміріне қауіпті екенін еске салды. Қазіргі кезде оқу орындарында да, қоғамдық орындарда да бейнебақылау камералары көптеп саналғанмен құқық бұзушылық азайған жоқ. Орын алған оқиғалар бойынша шаралар қолданып, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сұрақ-жауап түрінде еркін өткен кездесу барысында Түркістан қаласы бойынша полиция қызметкерлерінің қатысуымен «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» тақырып аясында жүргізілген рейдтер туралы бейнеролик көрсетілді.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмыстар тұрақты жүргізіледі. Ол заңнамалық тұрғыдан «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы», «Еңбек туралы», «Қазақстан Республикасындағы арнайы мемлекеттік жәрдемақы туралы», «Дене тәрбиесі және спорт туралы» сияқты көптеген заңдарда белгіленген және уақыт талабына сай дамытылып отырады. Бұл кәмелетке толмаған балалардың дамуын қамтамасыз ететін қолдау жүйесіннің кезделгендігін көрсетеді. Әсіресе бұл қауіпті жағдайда түрған және ерекше қорғау мен колдауға мұқтаж жасөспірімдерге аса қажет. Бірақ бұл кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстары үшін жауапсыз қалады дегенді білдірмейді. Жалпы кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығы туралы Қазақстан Републикасының Қылмыстық кодексінің VI бөлімінде кеңінен қарастырылған. Біздің қоғамның мақсаты жасөпірімдерді сол қылмыстық жауапкершілікке жеткізбеу. Бүгінгі күні жасөпірімдерге дұрыс тәрбие берсек ертеңгі күні қоғамда қылымыстық жағдайлар да азаятыны белгілі. Өйткені бүгінгі жеткіншек жастар еліміздің ертеңіне жауапты азаматтары болмақшы.
«Ұлға отыз үйден тыйым» демекші, бұл бағыттағы бүгін атқарылған жұмыстар болашақта өз нәтижесін берері анық.