ӘР ҮЙЕЛМЕН ӨНЕР МЕН СПОРТТЫ СЕРІК ЕТСІН

ӘР ҮЙЕЛМЕН ӨНЕР МЕН СПОРТТЫ СЕРІК ЕТСІН

       Кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылықтың және балалардың қадағалаусыз, қараусыз қалуының алдын алу жөніндегі мемлекетіміз жан-жақты саясатты іске асырып келеді. Өмірлік тәжірибе көрсетіп отырғандай, жасөспірімдерді арнайы оқу-тәрбиемен қамтудан басқа, олардың бос уақыттарын тиімді, пайдалы өткізуі де өте маңызды. Соның бірі – отбасында балаларды жастайынан спортқа, өнерге баулу.

      Әсіресе, әр түрлі қоғамдық ұйымдардың, бірлестіктердің, клубтардың және өзге де ұйымдардың жұмысын осы тұста ерекше атауға болады. Себебі кәмелетке толмағандар құкық бұзушылығының алдын алу көбіне жасөспірімдердің бос уақытын ұйымдастыратын түрлі қызметтердің жұмыс сапасына байланысты. Мәдениет, ойын-сауық, спорт және туризм мекемелерінің әсірсе әлеуметтік қауіпті жағдайда тұрған кәмелетке толмағандарды көркемөнер, техникалық, спорт және басқа да үйірме, секцияларына тарту мен мәдениет құндылықтарына баулудың маңызы зор. Өнермен, спортпен айналысқан жасөспірімнің өзге іске назар аударатын уақыты да болмайды, құқықбұзушылық олардың арасында мүлдем болмайды деуге болады.

Күні-түні телефоннан көз алмайтын, қозғалмай отыратын балаларға спорттың пайдасын айтып жеткізу қиын. «Төзімділігі артады, тұрмыстық жарақаттардың алдын алатындай буындар нығайтылады. Мінез шыңдалады, бала үйінде ата-анасына еркелемей, «өзіне жауапкершілік алуды үйренеді. Мақсатқа ұмтылу мінезі пайда болады, өйткені жаттықтырушы балалардың алдына мақсат қойып, оларға қол жеткізуді үйретеді. Тәртіп пен қозғалыс белсенділігіне үйренген бала ересек жаста да қозғалысқа деген сүйіспеншілігін және мақсатқа жету қабілетін сақтайды. Жалпы денсаулығы нығаяды, қан айналымы жақсарады, өкпе сыйымдылығы артады. Сол сияқты ән салу, би билеу және басқа өнер түрлері де баланың жан-жақты дамуына ерекше әсер етеді. Дәрігерлік тексеруден өтіп, психологпен кеңесу қажет. Командалық спорт пен жеке немесе жұптасқан спорт түрлерінде үлкен айырмашылық бар. Баланың бейімділігін түсіну үшін психологпен сөйлесу артықшылық етпейді» - дейді білікті дәрігерлер мен психолог мамандар. Әрине, мамандар пікірі орынды, оны естен шығаруға болмайды.

        Бұл жерде ата-аналардың рөлі ерекше. Өйткені баланың таңдауын көп жағдайда ата-ана анықтап, құптап қолдайды, алдымен ата-ана баланың арман, қиялына, нені жаны қалайтынын ескеруі керек. Ал егер баланың әке-шешесі қалаған спорт немесе өнер түріне зауқы немесе қабілеті болмаса, бұл әрекеттен соңында ештеңе шықпайды. Керісінше баланың жүйкесіне де, физикалық жағдайына да теріс әсер ететін болады. Бұның бәрін ата-аналар жақсы білуге міндетті.

       Ашығын айтсақ бүгінгі күні балалардың спортпен айналысуға, өнер түрлерін үйренуге мүмкіндіктер жеткілікті. Басқасын айтпағанда, қазір кез келген қаланың аулаларында кішкентай балаларға арналған ойын алаңдары салынған. Бүлдіршіндер сол ойын алаңдарында спорттың алғашқы қадамдарын жасайды. Сол сияқты арнай спорт алаңдары да соңғы жылдары көптеп салына бастады. Рас кейбір спорт секциялары ақылы болып тұр. Еліміз бойынша балалар арасында спорттың көптеген түрлерінен жүздеген жарыстар өтіп жатады. Бұл да балаларды спортпен айналысуға ынталандырады. Сондай жарыстардың бірі Түркістан облысына қарасты аудан орталығы Жетісай қаласында өтті. Бұл еркін күрестен жасөспірімдер арасында халықаралық турнир аудандық ішкі істер басқармасының бастығы қызметін атқарған полиция полковнигі, Жетісай және Мақтаарал аудандарының құрметті азаматы Әбдіғаппар Серікбаевты еске алуға арналды. Дүбірлі жарыс Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің, аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен «Жастар» спорт клубы ұйымдастыруымен өтті.

       Шараның ашылу салтанатына Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен спорт ардагерлері мен қоғам қайраткерлері, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ғабит Жанаев, аудан тұрғындары қатысты. Жас балуандар өздерінің жастарына және салмағына қарай іріктеліп бөз кілемде өнер көрсетті.

        Мықтыларды анықтаған байрақты бәсекеде Қырғызстан, Өзбекстан республикаларынан, Түркістан, Алматы және Шымкент қалаларымен қатар аймақтың Төлеби, Сарыағаш, Қазығұрт, Түлкібас, Шардара, Сайрам, Келес, Мақтаарал және Жетісай аудандарынан келген 400-ге жуық жас балуан күш сынасып көрермендерін шеберліктерімен риза етті.

      Жарыс қорытындысымен командалық есепте өзбекстандық балуандар жүлделі ІІІ орынды, Жетісай аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі командасы екінші орынды иемденді. Ал басты жүлделі І орынды Жетісай аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі балуандары ұтып алды. Турнир соңында жеңімпаздар мен белсенді қатысқандар, жастарды спортқа баулып жүрген жаттықтырушылар арнайы дипломдармен, ұйымдастырушылар тағайындаған медальдармен марапатталды.

       Бұл жарыстан қандай ой түюге болады. Біріншіден, бұл халықаралық дәрежеде өтті. Жас спортшыларымыз көрші елдердің балуандарымен күш сынасуға мүмкіндік алды, аз да болса тәжірибе жинақтады. Екіншіден, спорттың бұл түріне деген тұрғындардың, әсіресе жастардың қызығушылығы жоғары екені байқалды. Осы жарысты тамашалаған талай жасөспірімдер өздері де боз кілемде өнер көрсетеді деген сенім бар. Үшіншіден, осы жас балуандардың арасынан ертеңгі күні Қазақ елінің атын әлемге айғақтайтын атақты спортшылар шығады деген үмітімізді де жасыра алмаймыз.

«Қазақ үні»