ЖЕТІМ-ЖЕСІР ЖӘБІРЛЕНБЕСІН

ЖЕТІМ-ЖЕСІР ЖӘБІРЛЕНБЕСІН

«Жетімдік» деген сөз – қазақ халқына жат жағдай дегенімізбен, қазіргі ең өзекті жәйттің бірі екені өтірік емес. 

Ал қоғамда жетім балалар не себепті көбеюде, осы жайында бір сәт ойланып көрейікші. Шынымен де, қазақ елінде «Жетім көрсең, жебей жүр» деген тәмсілге қарамастан жетімдер мәселесі күннен-күнге ушығып бара жатқан жоқ па? Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда өзінің кім екенін, әке-шешесінің, әсіресе, жеті атасын білмей өсу қандай қиын! Дүние есігін ашпай жатып, өмір сынымен арпалысып, тағдыр тауқыметін арқалаған бұл жеткіншектердің не жазығы бар?

    Кез келген адам жетімдер үйіне барып қайтқан кезде солардың көздерінен ата-анаға деген сағыныш сезімін байқайтыны анық. Тіпті, олардың терезеге телміре қарап, жәутеңдеп тұрған сәтін аңдағанда көзіңе еріксіз жас келеді. 

Бұл өмірде аяулы анамыздың ақ сүті мен асқар таудай әкеміздің мейіріміне не жетсін. Тіпті, олардың еркелетіп «құлыным, ботақаным» деген сөздерін естіген кезде, олардың мейірлене қараған жүздерін көрген сәтті байқау қандай бақыт! Ал, осындай ата-ана мейірімін, олардың жан-жылуын сезінбей, ананың ақ сүтін ембеген баладан қандай жақсылық күтеміз?..

     Еліміздің басына қиын-қыстау күн туғанда, яғни, соғыс жылдарында жетім балаларды туған-туысқандары, болмаса ауыл тұрғындары қамқорлыққа алып, ер жеткізген. Ал, қазіргі таңда базбір ата-ана өзгенің баласы тұрмақ, туған перзентін де сыртқа теуіп, қатыгездікке жол беріп жатады. 

Әрине, бір жағынан, барлық ағайынға кінә тағу мүмкін емес. Белгілі бір себепке байланысты ата-анасының екеуі де немесе жалғыз басты ата-анасы қайтыс болуы жөнін ескеруіміз керек.

    Жетім балалар тәрбиесіне қазіргі кезде тәрбиелік тұрғыдан көңіл бөліп, оларды тұлға етіп қалыптастыру – бүгінгі күннің ең маңызды талабы. Шынымен де, кейбір жетім балалар өздерінің болашақтары үшін қара нан тауып еңбектенсе, ал енді біреулері қылмыстық іс жасауға бой алдырады. Әрине, ата-ана мейірімін көрмей өскен бала қандай болмақ?! Өкінішке қарай, бозторғайдай боздаған жетімектер кәмелет жасқа толғаннан кейін балалар үйінен шыққаннан соң тауқымет шегетіні жасырын емес. Не тұруға баспана, не екі қолға бір күрек таба алмай, теріс жолға түсіп кетіп жатқандары қаншама?! 

Осындайда биылғы жыл басында Түркістан қаласында жетім балалардың себепсізден-себепсіз тұрғын үй кезегінен шығарылып тасталғаны туралы дабыл көтерілгені еске түседі. 

Есесіне осы шаһарда 2018 жылы екі жарым мыңдай адамның пәтер кезегінде тұрғанына қарамастан, 2019-2021 жылдардан бастап қана тұрғын үй кезегіне тіркелген біреулерді кезектен тыс баспанамен қамтамасыз ету оқиғалары анықталыпты. Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті өкілдері мәлімдеген. 

Демек, сол солақайлықтың сыртынан жетім-жесірдің мұң-зары қылаң бермей қалмайды-ау. Мұндайда Сұлтанмахмұт Торайғыровтың белгілі өлеңі ойға оралады: 

...Көргенде күміс кесе, алтын аяқ,

Бір сөзді тамағыма қойдым таяп.

«Қай момынның малы бар бұл аяқта?» –

Демейінше болмады, қарап жай-ақ.


Отырдым, көрсем жекіп тастар ма деп,

Шал айтты: «Көріңіздер, жасқанба!» деп.

Кесені қолыма алып қарай бердім,

Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп...


Әйткенмен, бұл – аталған аймақта жетім балалар мәселесі назардан тысқары қалып отыр деген сөз емес. Алдыңғы жылдары-ақ Түркістан облысының әкімдігі үш балалар үйін біріктіру жайында мәселе қойғаны есімізде. Өйткені, мамандар осы мекемелердің әр алуан мүмкіндіктерін мұқият екшей келе, бұлар жеке-жеке тіршілік етсе өз қарауындағы жүз алпыс тәрбиеленушіге лайықты жағдай туғыза алмайды деп шешкен-ді. Осылайша ойласа келіп, аталған үш орынды Төле би ауданындағы балалар үйі базасында біріктіру ұйғарылды. Таулы жерде орналасқан орынның табиғаты айрықша; ауасы таза, тұрмысқа жайлы. Әмбе маңайында қосалқы нысандар салуға қолайлы үш гектардай бос жері бар. Балалар мұнда балық аулап, ауыл шаруашылығы ісімен еркін айналыса алады. 

Одан соң былтыр облыс әкімдігі кезекте тұрған жеті жүздей отбасына тұрғын үй берді. Сөйтіп қаланың жаң ауданында орналасқан бес бірдей тоғыз қабатты жайға бес мыңдай адам қоныстанып, қуанышқа кенелді. 

Бұл игілікті іс биыл да сәтті жалғасып жатыр. Жаңа пәтер алғандардың қатарында, әрине, көптеген жетім балалар да бар. 

***

 Осындай жағдайларды сөз еткенде қазақ халқының қанша дегенмен де бойына сіңген мейірімділік, бауырмалдылық қасиеттері көз алдымызда жоғалып, жолдан тайып кетпесе екен деп тілейтініміз түсінікті шығар. 

Әрбір бала дүние есігін ашқан сәтте жетім болу үшін келмейді, барлық бүлдіршіннің терезесі тең. Сондықтан да ата-аналарға қатыгездікке жол бермей, керісінше, әрбір баланың жеке тұлға болуы үшін септігімізді тигізейік дегім келер еді.

Әлия Боранбай,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультеті 4-курс студнті.