ОТБАСЫНДАҒЫ БАҚ-БЕРЕКЕ ҚҰПИЯСЫ
2023 ж. 21 қараша
275
0

Қоғам мүшелерінің заңдық, тұрмыстық мәдениетін көтеру, саналы ұрпақ тәрбиелеуде отбасының рөлін арттыру мен оларға жан-жақты қолдау көрсету аса қажет. Бұл жерде өзіміздің белсенді азаматтардан құрылған қоғамдық ұйымдардың атқарар рөлі ерекше.
Солардың қатарынан Қоғамдық келісім кеңестері мен Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты Аналар кеңесі өз қызметін еліміздің үлкен қалаларынан бастап әрбір шағын елді мекендерінде жүзеге асыруда.
Алғашқы құрылған 2014 жылдан бері небәрі тоғыз жыл болса да Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымы ретінде аймақтарда аудандарда, ауылдық жерлерде қызмет етіп келе жатқан Аналар кеңесі саны бүгінгі күні екі мыңға таяп, ондаған мың белсенді аналардың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдырып отыр. Аналар кеңесінің негізгі мақсаты – кең көлемде алғанда қоғамдағы ауызбіршілікті, келісімді нығайту. Ал қоғам жекелеген ұйымдардан, түрлі этнос өкілдерінен, мыңдаған отбасылардан тұратындықтан нақты атқаруға тиісті жұмыстар жетіп артылады.
Түркістан облысы еліміздегі халқы тығыз орналасқан, тұрғындарының саны жағынан алдыңғы қатарда тұрған аймақтардың бірегейі. Соған орай барлық аудандар мен ауылдарды қамтитын облыстық Аналар кеңесінің атқарар жұмысы да ауқымды. Жыл бойы түрлі іс-шаралар атқарылып, алдағы жұмыс жопарларына қатысты басқосулар жиі болып тұрады. Солардың бірқатарына тоқтала кетейік.
Түркістан қаласында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары аясында «Отбасы бақыты – татулықта» апталық іс-шарасының отырысы өтті. Жиынды Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова жүргізіп отырды. Отырысқа облыстағы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымдары мен мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ басшылығы мен қызметкерлері белсене қатысты.
Алдымен сөз алған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Э.Жанғазиева Мемлекет басшысының ҚХА Кеңесінде берген тапсырмаларының орындалу барысын баяндады. ҚР адам құқықтары жөніндегі уәкілінің Түркістан облысы бойынша өкілі Н.Қожабекова қоғамдағы аналардың рөлі мен жауапкершілігі және ұрпақ тәрбиесі туралы сөз қозғады. Сонымен бірге Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі Ш.Примбетова, Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары К.Мирова, Түркістан облысы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы, полиция подполковнигі, Түркістан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Ж.Қалабаева, Түркістан облыстық білім басқармасының бас маманы Әлия Досыбекова өз ұйымдарында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Басқосу барысында жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды. Кейбір түйінді мәселелрге қатысты сұрақтар қойылып, оны шешудің жолдары талқыланды.
Жиынды қорытындылаған облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Г.Тоққұлова отбасы құндылықтарын нығайту бағытындағы жұмыстар ұлттық дәстүрді негізге ала отырып жүйелі жалғаса беретіндігін жеткізді.
Аналар кеңесі өз алдарына қойған мақсат- жопарлары бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді.
Атап айтқанда, Түркістан қаласындағы Расул Исетов атындағы орта мектепте «Мәдениетті ұлт – мәдениетті ана» жобасы аясында Түркістан облыстық Аналар кеңесі төрайымы Г. Тоққұлова, Түркістан қалалық әжелер алқасы төрайымы А.Серім, «Ынтымақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Г.Малбаева іс-шара өткізді. Біртұтас тәрбие бағдарламасы бойынша облыс, қала көлемінде әр өңірде семинарлар өткізуді бастаған қоғам қайраткерлері кездесуде, ұлт болашағы, дәрілік есірті туралы,қыз тәрбиесіне байланысты бірқатар мәселелерді қамтып, жастардың қойған сұрақтарына жауап берді.
Отбасының бақытты өмір сүруіне анамен бірге әке де жауапты. Сондықтан әкелерді бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін көтеру де өте маңызды. Түркістан облысы Сауран ауданы Оранғай ауылдық Мәдениет үйінде «Өнегелі әке» байқауы өткізілді. Байқаудың мақсаты – ер-азаматтардың қоғамдағы бет-бейнесін, кескін-келбетін, шешендік сөйлеу өнерімен аз сөзбен көп мағына танытуын көрсету, үлгілі әкелерді дәріптеу.
Тәрбиелік мәні зор байқау бес кезең бойынша ұйымдастырылды. Сайыста қатысушылар өзін-өзі таныстырып, мақал-мәтел жарысында бақ сынап, өзінің және ұрпағының қоғамдағы орны, белсенділігі жөнінде айтып берді. Сонымен қатар, бата жасау, ұлттық өнерге қатысты өздерінің шығармашылық бейнесін таныстыру сайыстарында өз шеберліктерін көрсетті. Сайыс қорытындысында Оранғай ауылдық округінен қатысқан Ж.Бекмұрзаев «Өнегелі әке» номинациясына лайық деп танылды. Ал «Мейірімді әке» номинациясын А.Бабашев және «Қайсар әке» номинациясын Н.Әлжанов иеленді. Сондай-ақ «Батыр әке» номинациясы Ө.Орынбекке, «Үлгілі әке» номинациясы Б.Қаражігітовке берілді. Өзге де үздік шыққан әкелер де сыйлықсыз қалған жоқ.
Біздер үшін отбасы құндылықтарын қалыптастыру, бала тәрбиесінде бір жаңалық ашамын деп сырттан үлгі іздеп әуре болудың түк те қажеті жоқ. Ол өзіміздің ұлтымыздың әдеп-ғұрпында, салт-дәстүрінде ғасырлар бойы орнығып, атадан балаға асыл мұра болып сақталып келеді. Ең басты сол ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпай, жаңғыртып отыруға, жастардың бойына сіңіруге міндеттіміз.
Ұлттық құндылықтарды ұлықтау, отбасы бірлігін сақтау бағытында Түркістан қаласындағы «Белсенді өмір сүру орталығында» облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлованың модераторлық етуімен, ақ жаулықты әже-апалар мен қоғам белсенділерінің қатысуымен «Ақ орамал» атты үлкен іс-шарасы ұйымдастырылды. ҚХА жанындағы медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев пен «Белсенді өмір сүру орталығының» психологы Г.Әкімқұлова және басқалар ұлттың болашағын, әсіресе қыз балаларды тәрбиелеу жұмысында ақ жаулықты әжелеріміз бен апа-аналарымыздың атқаратын рөлдерінің ерекше маңыздылығын атап өтті. Оған қаладағы, аймақтағы түрлі этнос өкілдері қатысты.
Бұл іс-шара аналық мейірімнің асқақ үлгісін көрсеткен акцияға жалғасты. Ұлт пен ұрпақ тәрбиесінің талбесігіне айналған Түркістан халқы бұл шараны жылы қабылдады. Себебі, аналық мейірім-шапағаттың нұрын сепкен, ұрпаққа тәлім мен тәрбие беретін іс-шараның маңызы жоғары. Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің қолдауымен және Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің пәрменді атсалысуымен аталған «Ақ орамал» акциясы бұл жолы ерекше мазмұнда өтті. Ақ жаулықты аналар Түркістан қаласының көпшілік орындарында әуелетіп ән салып, қазақтың қара домбырасымен күмбірлетіп күй шертті. Аналардың өнерін қала тұрғындары қызығушылықпен тамашалады. Шара барысында болашақ ана болар бойжеткен қыздар өздерінің қос бұрымын өріп, ата-баба салтын көрсетіп, көпшілік ықыласына бөленді. Шараға келушілерге ақ орамал кәдесый ретінде таратылды
Еліміздің әр аймағында «Қоғамдық келісім» мен «Аналар кеңесі» ұйымдары жұмыс істеп жатқаны белгілі. Олардың жұмыс нәтижесі де әртүрлі. Сондықтан, аймақтар арасында өзара тәжірибе алмасу тәжірибесі де бар. Осы орайда Түркістанда «Ұлы Дала елі» орталығында «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында ҚХА Түркістан және Жамбыл облыстары бойынша Аналар кеңестері бірлесіп игі шара ұйымдастырды. Аймақаралық шараға Түркістан және Жамбыл облыстары ҚХА Аналар кеңестерінің төрайымдары мен мүшелері, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшылығы және БАҚ өкілдері қатысты.
Түптеп келгенде, Аналар кеңесінің атқарып жатқан істері ауқымды. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» аналар мен әрқайсысы отбасының мәні болған балаларды қорғауға, оларды қолдауға бағытталған іс-шаралары алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ