ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕГІ ҰТҚЫР ҚҰРАЛ

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕГІ ҰТҚЫР ҚҰРАЛ

Балаларға арналған контентті шығару – жас аудиторияның қажеттіліктері мен қызығушылықтарына ерекше назар аударуды қажет ететін маңызды және жауапты міндет екені мәлім. Өйткені, балалар – қоғамның маңызды бөлшегі, болашағымыз. 

Контент – мәтін, графика, аудио, бейнелер, анимациялар, суреттер түрінде кездесетін ақпарат түрі. Сондықтан оларға берілген кез келген контент түрі олардың дамуына, білім алуына айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

Балаларға арналған контентті өндірудің маңызды аспектілерін жіктеуге болады. Ең алдымен ол – контенттің тәрбиелік мәні. Ол интеллекттің дамуына ықпал етіп, жаңа білім мен дағдыларды үйретуі керек. Сонымен қатар контент біздің ұлттық құндылықтарымызды ұмытпауға, патриоттық сезімді жастайынан қандарына сіңуіне ықпал етуі керек. Контент материалы қызықты әрі қол жетімді түрде болса, ол балаларда қызығушылықты оятады деп ойлаймын. 

Екіншіден қауіпсіздік және құндылықтарға мән берулуі керек. Контент қауіпсіз және ата-аналар мен қоғам маңызды деп санайтын құндылықтарға сәйкес келуі керек. Онда зорлық-зомбылық, балағат сөздер және жағымсыз нәрселер болмауы керек.

Иллюстрацияларға келетін болсақ, балаларға арналған контенттің кез келген түрінде иллюстрация маңызды рөл атқарады. Мысалы, олар кітап оқыса, сюжетті елестетуге, кітапты тартымды етуге және мазмұнды оңай түсінуге көмектеседі. Иллюстрациялар балаларды қызықтыру үшін жарқын, түрлі-түсті және көңілді болуы керек. Ал контенттің тілі мен сөзіне келетін болсақ, ол балалардың даму деңгейіне және жас ерекшеліктеріне бейімделген болуы керек. Яғни, қысқа сөйлемдер және түсінікті тіл мен сөздер қолданылғаны жөн. 

Жас шектеулеріне тоқталсақ, аудиторияның жас ерекшеліктерін ескеру маңызды. Әр түрлі жастағы балалардың қажеттіліктері мен қызығушылықтары әртүрлі. Сондықтан балалардың дамуы мен қабылдау деңгейіне сәйкес келетін контентті жас санаттарына бөлу керек.

Педагогикалық құндылыққа да мән берілу керектігін ұмытпауымыз керек. Себебі, контент педагогикалық тұрғыдан балаларға әлеуметтік маңызды дағдыларды, адами қасиеттерге және т. б. үйрете алады.

Әртүрлілік және инклюзивтілік жағынан контент қоғамның әртүрлілігін көрсетіп, инклюзивті болуы керек. Балалар әрдайым жаңа нәрселерді үйреніп, қызықты дүниелермен білімдерін шыңдап, түрлі нәсілдердің, мәдениеттердің маңызды екенін түсінуге тиісті.

Балаларға арналған контентті шығару – бұл ерекше зейін мен жауапкершілік талап ететін мәселе. Ол қауіпсіздікке, этикаға және құндылықтарға назар аудара отырып, білім мен ойын-сауық арасындағы тепе-теңдікті сақтауы керек. Балаларға арналған сапалы контент олардың дамуы мен дүниетанымына айтарлықтай әсер етуі мүмкін, сондықтан оны жасау контент өндірушілер үшін маңызды миссия міндетін атқарады.

Таяуда Шымкент қаласында өткен «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының слеті бізді бірталай ойға қалдырды. 

Қоғамдағы талай жылдардан бері етек алып келе жатқан жемқорлықпен күресті діттейтін өскелең буынның дүбірлі іс-шарасында осынау контент өнімдерін тиімді пайдаланса деген ниет туады. Мысалы, слет кезіндегі жастарды адалдыққа, тазалыққа үндейтін театрландырылған қойылымдар, флеш-композиция, түрлі пікірсайыс диспуттарында осы контенттік бұйымдарды неге іске қоспаймыз деп толғанасың. 

Иә, жас ұрпақтың санасына игі әсер ететін көрнекілік атаулыны барынша қолдана білсек несі айып. Біздің ойымызша, контенттік өнімдердің бәрі әдебиетіміз бен өнеріміз секілді қастерлі Ұлттық мүдде бағытында ұтқыр қолданылуы керек.    

Айта кетейік, аталған слет жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Іс-шараға Адал ұрпақ» және «Саналы ұрпақ» ерікті клубтарының мүшелері мен жас өнерпаздардан құралған бір мың екі жүз оқушы қатысты.

Акция кезінде клуб мүшелігіне жаңадан қосылған тағы да жеті жүз елу жеткіншек салтанатты түрде ант қабылдады. 

Қазіргі таңда жемқорлық зұлматымен күресуге бел буған шымкенттік жас буынның қатарында жетпіс бес мыңдай мүше бар екен.

Ұлпан ҒАЗИЗ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Журналистика факультеьінің 4-курс студенті