«ӘКЕГЕ ҚАРАП ҰЛ ӨСЕР...»

«ӘКЕГЕ ҚАРАП ҰЛ ӨСЕР...»

               Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде «Аудандық, қалалық ардагерлер кеңесінің жұмысына мониторинг, даму жоспары және ұрпақ тәрбиесіндегі – бетбұрыс» атты облыстық көшпелі семинардың кезекті отырысы өтті. Жиынға аудан басшысы Арман Абдуллаев, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Ә.Сапарбеков, ауданның ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Сүлейменов, аудан әкімінің орынбасары А.Қозыбаев, ауылдық округтердегі ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған «әкелер мектебінің» мүшелері, білім саласының өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.

    Жиында отбасындағы бала тәрбиесі туралы кеңінен әңгіме болып, ұрпақ болашағы баршамызды толғандыратыны байқалды. Әрине, бала тәрбиесі отбасындағы ересектер үшін – әкеге, анаға, атаға, әжеге де ортақ міндет. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні бала тәрбиесіне келгенде әкелер жағы көп жағдайда бүл жауапты міндетті отанасына ысыра салатынын байқап жүрміз. Сондықтан бүгінгі қоғамда отбасындағы әкенің рөлі төмендеп бара жатқандығын байқау қиын емес. Бала тәрбиесіне араласпайтынын күні бойы жұмыста болатынын, үйге шаршап жететінін айтып ақталады олар. Оны жоққа шығара алмаймыз, бірақ бұл әкенің ұрпақ тәрбиесіндегі парызы мен міндетінен босата алмайды.  

       Туыстық жүйенің негізі – отбасы. Әрбір отбасы кіші-гірім жеке мемлекет деп жатамыз. Олай болса сол шағын мемлекеттің президенті – отағасы, әке. Отбасының рухани, материалдық жағынан құлдырамай, болуы әкеге байланысты. Әке әулеттің басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі. Бірақ, әке болу бар да, әке бола білу тағы бар екенін де ұмытпауымыз керек. Бұл жерде әке бола білу оның берер тәлі-тәрбиесін айтып тұр. Әке тек қана ақылымен, сөзімен ғана емес, баласына жүріс-тұрысымен, мінез-құлқымен, әрбір ісімен тәрбие беруге тырысу керек. Әке болып балаға жөн көрсету деген аса маңызды және жауапты міндет. Әкенің тәлім тәрбиесін, ақылын алып өскен ұл қашанда мінезді, намысты болып ер жетеді. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» деген босқа айтылмаған, әкенің ұлағатты тәрбиесін көрген бала ертең өз ұрпағын да дәп солай тәрбиелейді.       

        Жиында сөз сөйлеген аудан басшысы Арман Абдуллаев әкелер мектебін құрудағы басты мақсат – отбасының құндылықтарын сақтау, әкелердің бала тәрбиесіне жауапкершілігін арттыру, ата-аналардың жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын ұйымдастырудағы рөлін арттыру болып табылатынын алдымен атады. Отбасындағы әкенің міндеттері мен жауапкершілігін қалыптастыра отырып, балаларын ұлттық рухта, қазақи әдет-ғұрыпты, салт дәстүрді, насихаттап тәрбиелеу керектігін, әкелердің қоғамдағы алар орны мен бала тәрбиесіндегі рөлі жайлы кеңінен тарқата атап өтті.

           Көшпелі семинарда Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Ә.Сапарбеков облысымызда бұл бағытта қолға алынған жобаның тиімділігін және атқарылған іс-шараларды баяндап өтті. Өзге де қатысушылар бала тәрбиесіне қатысты өз ой-пікірлерін, атқарылуға тиісті іс-шараларға қатысты нақты ұсыныстарын ортаға салды.

         Тартымды өткен жиынға қатысушыларға ауданның өнерлі отбасылары дайындаған концерттік бағдарлама көрсетілді. Сонымен бірге семинарға қатысушылар Мәдениет үйінің фоесінде ауданның білім және мәдениет салаларында жеткен жетістіктеріннен сыр шерткен көрмені тамашалай алды. 

«Қазақ үні»