КӨПБАЛАЛЫ АНАНЫҢ КӘДЕСЫЙЫ
2023 ж. 21 қараша
144
0

Еліміздің экономикасын өркендетуге шағын және орта кәсіппен айналысатындардың қосып отырған үлесі аз емес. Дамыған елдердің өзінде шағын және орта бизнес ел экономикасының негізін құрап отырғанын ескерсек бұл біздер үшін де аса қажет. Оған жан-жақты қолдау көрсету үкіметтің басты назарында болуы да өте маңызды. Қалаларымызда кәсіпкерлік ауылдарға қарағанда анағұрлым жақсы дамығаны белгілі. Бүгінде ауылдық жерлерде де шағын болса да өз кәсібін бастап, табыс тауып отырған тұрғындар қатары көбейіп келеді. Бұл өте құптарлық іс.
Солардың қатарынан Түркістан облысы Ордабасы ауданының Шұбарсу ауылының тұрғыны Гүлшат Ақмұрзаеваны атауға болады. Жеті баланы оқытып, тәрбиелеп отырған Гүлшат Ақмұрзаева жеке шағын кәсіп ашып, түрлі кәдесый дайындап, сол арқылы табыс табуда. Кәсіпкер 2022 жылы «Бастау- Бизнес» жобасына қатысып, өзінің өзгелерге ұқсамайтын ерекше бизнес жобасымен қайтарымсыз грант (400 АЕК) ұтып алған болатын.
Осы тұста шағын кәсіппен айналысушылар үшін мемлекет тарапынан мүмкіндіктер жасалып жатқанын да айта кетуіміз керек. 2021 жылы қазанда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау бағыты бойынша бірқатар жаңа жобалар кешені әзірленген болатын. Солардың бірі ретінде Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы атай аламыз. Бұрынғы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мерзімі аяқталған болатын. Жаңа жоба соның жалғасы ретінде кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға, сонымен қоса бәсекелестікті дамытуға бағытталды. Осы орайда «Бастау Бизнес» жобасына жұмыспен қамту мен оқыту шаралары туралы біраз өзгерістер де енгізілді. Кәсіппен айналысуға ниет білдірушілерге бұл үлкен көмек болды. Мысалы, 2022 жылдың өзінде Ордабасы ауданы бойынша 170-тен астам азаматқа мемлекеттік грант берілген екен.
Бұрындар бизнеспен айналыспаса да Гүлшат Ақмұрзаева тәуекелге бел буып, жаңа істі бастап кетті. Алғашқыда, интернеттен үйренген ол гипстен түрлі бұйымдар, оның ішінде қарапайым көпшілік жиі қолданатын тиын жинайтын ыдыстар құйып жасады. Өзінің бизнес жобасына сай жасаған дүниелерін әлеуметтік желі, тамыр-таныстары арқылы саудалады. Уақыт өте келе Гүлшат Ақмұрзаеваның шығарған өнімдері көпшілікке танылып, арнайы тапсырыс бойынша сатып алатындар да пайда болды. Ол әрине, алдымен өнімінің сапасы мен шығармашылық ой-қиялының жемісіне байланысты екені белгілі. Алдағы уақытта кәсіпкер кішігірім цехты үлкейтіп, өндіріс алаңын кеңейте бермекші.
Ашығын айту керек кәдесый сияқты өнімдерді дайындайтын кәсіпкерлер саны айтарлықтай көп емес. Гүлшат Ақмұразаева неге осы кәдесый жасауды қолға алды деген сұрақ та туындайтыны бар. Өйткені басқа да өтімді, сұранысқа ие тауарлар да толып жатыр емес пе? Бұл жерде кәсіпкердің ұлттық ұстанымын алдымен айтқанымыз жөн болар.
Қазақ халқы ежелден салт-жоралғыны, ырымдарды, әдет-ғұрыптарды ұстанып, қуанышы мен қайғысына ортақтасқан жақын адамдарға сол қарым-қатынастың, сыйластықтың құрметіне орай алғыс айтуды, ризашылығын көрсетуді кәде беру дәстүрі арқылы білдірген. тіпті заңдастырған. Соңғы кезде кейбірі ұмытыла ьастағанмен, ұлтымыздың ежелден келе жатқан дәстүрінде кәде алу, кәде берудің түрлері көп болғаны да белгілі. Өкініштісі қазір тек қыз ұзату, құдаласу кезінде ғана бірен-саран кәде түрлері сақталған.
Қазіргі таңда ұмыт болған дәстүрлі мәдени-рухани және материалдық құндылықтарымызды жаңғыртып, оларды жас ұрпаққа танытып, ұлттық қазақы дәстүрдің қайта оралуына мән беріліп жатқанда кәденің тәрбиелік мәні де зор.
Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық құндылығымызды дәріптеу мақсатында қазақы нақышта, заманауи үлгіде кәдесыйдың мыңнан аса түрін жасап, тұтынушыларға ұсынып отырған көпбалалы ана Гүлшат Ақмұрзаеваның еліміздің дамуына, ұмытыла бастаған қазақи салт-дәстүрлерімізді жаңғыртуға қосып жатқан үлесі сүбелі деуге болады.
– Көпбалалы аналарға және өзге де әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына мемлекет тарапынан мүмкіндіктер жасалып жатыр. Соның бірі өзіміз пайланып отырған - қайтарымсыз гранттар. Бұл іс бастаймын дегендер үшін нақты көмек, үлкен қолдау. Қазір ісіміз оңға бассты, жұмыс барысында балаларым көмектеседі. Олар да бұл істің қыр-сырын игеріп жатыр. Отбасымызбен бірлесіп жасап, күніне 100-ге жуық кәдесый дайындаймыз. Қазақы нақышта дайындалған өнімге қызығып, тапсырыс берушілер қатары көп, - дейді кәсіпкер, көпбалалы ана Гүлшат Ақмұрзаева. «Берекелі отбасы деген осындай болар, қазағыңды кәдесыйларыңмен қуанта беріңдер!» демекпіз біз де.
«Қазақ үні»