ҚАЗАҚТЫҢ ДӘУЛЕТІ
2023 ж. 18 қараша
229
0

Бүгін әйгілі балуан, Әлем чемпионы, Олимпиаданың күміс және қола жүлдегері, Кеңес Одағының қатарынан 7 рет чемпионы болып, рекорд жасаған жалғыз спортшы, белгілі қайраткер Дәулет Тұрлыхан Болатұлы 60 жастың асуына шықты.
Құя салған қоладан сәулетіңе,
Сүйсінген ел зер салар әулетіңе.
Даласына сай болып дарабозы
Айналдың сен Қазақтың Дәулетіне!
Талай балуан татымай тақымыңа,
Арнады жыр Алаштың ақыны да.
Зобалаңда Халқы үшін атылса атаң,
Айналдың сен халықтың батырына!
Дархандық пен даралық
далаңа тең,
Қазақ бағы басқадан бола ма кем?
Бола гөр деп еліңнің мақтанышы,
Болаттай ғып өсірді Болат әкең!
Айқаста ешкім бола алмай қатар, білсең,
Алыптардан атақты бата алдың сен.
Қажымұқан бабаңның ізін басып,
Жеңімпазы Әлемнің атандың сен!
Көргеннен соң көзіңмен
көптің халын,
Парламентте көтеріп, еттің мәлім.
Аяғыңнан шалғандар аз болмады,
Аяқ асты қалдырып кеттің бәрін…
Туған жерден басталып
жолы әлемнің,
Жүлдеге алтын қоржыны
толады елдің.
Алпыс деген - алыпқа екі отыз ғой,
Екі есе енді қуатты бола бергін!
Көргенде ел құрметінің
ең ыстығын,
Бақытына жетеді ер жер үстінің.
Өмірдегі мәңгілік күресте де,
Тойлай бергін әрдайым Жеңіс күнін!
Құрметпен, Қазыбек ИСА
18 қараша 2023 жыл