ӘЛХАМДУЛЛА, 20 МИЛЛИОНҒА ЖЕТТІК!
2023 ж. 16 қараша
373
0

Алаштың рухани көсемі, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 1917 жылғы санақтан кейінгі айтқан:«Әлхамдулилла, 6 миллион қазақпыз» деген әйгілі сөзін: “ӘЛХАМДУЛЛА, 20 МИЛЛИОНҒА ЖЕТТІК!”-деп, қуана өзгертіп айтар күн де келді!!.
Алла жар болсын Алашқа!
2023 жылы 16 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды халық санының 20 миллионға жетуімен құттықтады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Finprom.kz мәліметтері бойынша 2023 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқының саны 19,9 млн адамға жетті. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 1,41%-ке көп.
2020 жылы жаңадан ашылған Абайтв телеарнасында алғаш сұқбат берген сол кездегі Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев: “Жақында ұлттық санақ өтеді. Құдай қаласа, қазақтың саны 78 пайызға жетеді деп отырмыз” деген еді.
Біз бірнеше рет өзгертілген, күмәні көп статистикалық мәліметтен гөрі мемлекеттік хатшының шындыққа сай келетін бұл болжамына телеарналарға берген сұқбаттарымызда бірнеше рет сілтеме жасағанбыз. Яғни, ол кезден бері үш жыл өтті. “Үш жылда кем дегенде 2-3 пайыз қосылғаны анық. Қазір онда қазақтың саны 80 пайызға жуық екені анық” деп айтқан болатынбыз.
Қазір еліміз бойынша 20 миллион халық болсақ, оның 80 пайызы қазақтың саны 16 миллионға жуықтап тұрмыз-ау деп болжап отырмыз.
Бір аса өкініштісі, 4-5 миллионнан кем емес халықты құрбан қылған 1921 жылғы ашаршылық және 1931-33 жылғы ұлы жұт пен 1937 жылғы қанды репрессиялық зұлмат болмағанда, қазір қазақтың саны 60 миллионнан асып түсер еді…
2020 жылы жазған “Зұлмат! 4 миллион қазақтың азасы” атты толғауымызда:
Қарусыз-ақ қан қасапқа ең шебер,
Геноцид бұл!-
Ұлтты қырған майдан дер!..
4 миллионннан 40 миллион өрсе егер,-
60 миллион - атанар ек айбарлы ел!-
деп жазып едік.
Мемлекет халқының, яғни Қазақтың саны көп болуы ол ұлттық қауіпсіздік туралы заңда да баса назар аударылған басты мәселе!
Тәуелсіз елімізде берекелі бейбіт заман болып, бесіктің әлдиі көбейе беруін тілейік!
Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні