ӘЙЕЛ САБАУ ҚАЗАҚҚА ЖАРАСПАЙДЫ

ӘЙЕЛ САБАУ ҚАЗАҚҚА ЖАРАСПАЙДЫ

Бүлінген тағдырлар. Тепкінің құрбаны болғандар. Шарасыздықтан бұғып, барар жері, басар тауы болмай сенделгендер. Әлімжеттік көрсетіп, әйелінің арын, намысын, құқығын аяққа таптағандар. Бассыздыққа салынып, баласын сабайтындар. Міне, осылай қаншама әйел үрей мен қорқыныштың жетегінде өмір сүріп, енді бірі құрбан болып жатыр. 

Өкінішке қарай, жылдар жылжыған сайын елімізде шырқы бұзылмаған отбасылардың саны азайып барады. Әрине, ұрыспай, керіспей кереге кер деп отырған ешкім жоқ. Әрі-беріден соң «отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген сөз әлімсақтан сайтылып келеді. 

Жер бетінде қанша адам болса, соншама мінез-құлық бар. Алайда ашудың соңы әлімжеттікке ұласса қайтпек керек? Статистика бойынша жыл басынан бері елімізде тұрмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін 19 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Ақпараттық технологиялар дамыған сайын ондай ұрыс-керісті, жаға жыртысқан жанжалды, ең сорақысы – ұрып-соғуды интернет желісінен күнде көретін болдық. Әлі де желіге жетпей қалған әлімжеттіктің саны қаншама десеңізші. Бұл сорақылық қашанға дейін жалғаса бермек? Оның алдын алудың жолдары қандай?

     Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың соңы ажырасумен аяқталмай қоймайды. Ажырасу көбейген елде демографиялық ахуал да жақсармайтыны белгілі. Шаңырақ шайқалды дегенше Қазақ елі дейтін қарашаңыраққа уық болып қадалған бір отбасының ойраны шықты десеңізші. Бұл күрделі мәселенің күрмеуі жақын арада шешіле қоймасы анық. Заңды қатаңдатып, жазаны күшейту – атқарылуы тиіс ауқымды жұмыстардың алды ғана. Ең бастысы, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесімен ұлт болып күресіп, жұрт болып жұмылып, жүйелі жолға қоюымыз қажет. Санада сілкініс, ойда өріс болмай, осы мәселенің шешімін таба алмаймыз. Бәлкім, ең ұлы рухани жаңғыруымыз да осы болатын болар... Кейде біздің Қазақстан әйел құқығын қорғайтын заңға баса назар аудара қоймай ма деген күмән тумай қалмайды екен... Қашанда әйелдің құқығы тапталып жататындай. Мемлекет басшысы Заң аясында зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын жүргізуді тапсырады, бірақ осының орындалып жатқаны шамалы... 

Иә, отбасының берік болуы, сайып келгенде, тәрбиеге байланысты. Бала кезден ұлдарымызға қыз баласына қол көтермеуді, ал қыздарымызға ер адамға қарсы шықпауды үйретсек бұндай жағдай болмас еді деп ойлаймын. 

Бізге ұлттық тәрбие мен ұлттық педагогика керек. Бұл отбасына және балабақшадан басталады. Баланың бағын тайдырып, әйелдің сағын сындыратын олқылықты жайттар айрандай ұйып отырған бүтіндей бір отбасының тағдырын тас-талқан етіп, көп жандардың тағдырын тәлкекке салады. 

Қазақ елінде, оның ішінде Түркістан облысында жүзеге асқан тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету қызметі бар әмбе осы оң нәтиже беріп отыр. Түркістан облысының тәжірибесі негізінде қолға алынған жоба барлық өңірде қолдау тапқанын байқаймыз. 

Түркістанда жыл сайын 500 әйел соққы мен зорлық-зомбылықтың құрбаны болатындығын анықтапты. Бұл тарапта арнайы зерттеу жұмысы да жүргізілген. Сараптама нәтижесі көрсеткендей, ауыр қылмыстардың 30-40 пайызы «отбасы, ошақ қасында» орын алады. Қисынсыз емес пе...

Әдетте, біздің ер азаматтар «батырдың ұрпағымыз» деп мақтануға бейім екені аян. Ал батырларымыз осындай нәрсеге барды ма? 

Ал әйелдер жұбайының қатыгездігіне душар болуда. Соңғы кездері экономикалық және әлеуметтік қысымның күшеюіне байланысты отбасындағы зорлық-зомбылықтың әлем бойынша жылдам өскені байқалуда. Жаһанда қалыптасқан жағдаят осындай дейді. 

Осы орайда әлем елдерінде тұрмыстық зорлық пен озбырлыққа қарсы қандай шаралар жүргізілуде? Оспадарлыққа тағайындалатын жаза қандай? Тоқталып өтуді жөн санадым. 

АҚШ-та отбасында зорлық көрсеткен адам жәбірленуші полициядан өз арызын қайтарып алған жағдайдың өзінде жазаға тартылатын көрінеді. Құрама Штаттардың құқық қорғау қызметкерлері тұрмыстық әлімжеттік туралы хабарламаға жауапкершілікпен қарап, шағым түскен кезде бірден оқиға орнына келеді. Жәбір көрсетілгені туралы дерек анықталып, айғақ табылған жағдайда кінәлі 24 сағатқа түрмеге қамалады. Осы уақыт аралығында тергеу жүргізіліп, сот үкімі шығарылады. Шағым қайтарылып алынған күннің өзінде іс мұқият қарастырылады. Қажетті жұмыстар жүргізіліп, кінәлі азамат арнайы орын өкілдерінің бақылауына алынады. 

Ресейде де тұрмыстық кикілжіңдер көптеп орын алады. Көршілес елде жылына 16 миллион адам зорлықтың құрбаны болады екен. 2019 жылғы тамызда ресейлік қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңды күшейту үшін арнайы петиция дайындап, оған 700 мыңнан астам адам қол қойған. Десе де, бүгінде Ресейде жанұядағы күш көрсету қылмыстық жауапкершілік болып саналмайды. Туысы немесе жақынына қол көтерген жағдайда айыпталушы әкімшілік жазаға тартылады. Егер де осы тақілеттес оқиға оның қатысуымен бірінші рет болған жағдайда. 

Түркияда да тұрмыстық зорлық жасаған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Ресми мәліметтер бойынша, Анадолы елінде 2022 жылы отбасындағы озбырлықтан 238 әйел мен 4 қыз, ал 2023 жылы 440 нәзікжанды қайтыс болған. Статистика легі осындай. Көңіл көншітпейді.

***

Әйел – отбасының ұйытқысы, шаңырақтың шырақшысы. Бабадан балаға мирас болып келе жатқан осы ұғымға бүгінде сызат түскендей. «Анаға қарап – қыз өсер, әкеге қарап – ұл өсер» деген тағылымды тәмсілді көздің қарашығындай сақтауға кедергісін келтіріп отырған жайттардың бірі һәм бірегейі – отағасылардың залым әрекеті мен қаніпезер істері екендігін жоққа шығара алмаймыз. Аталы сөзді ескермейтін ерлердің әйелдеріне қол жұмсауына, бала-шағасының мазасын алуына, өрескел қатыгездікке баруына тосқауыл қою кезек күттірмейтін мәселе екендігі рас. Себебі, отбасы – қоғамның ұясы, мемлекеттің өзегі. 

Гүлнұр Сақыш,  

ҚазҰУ-дың 3 курс студенті