ӘРБІР БАЛА АНА АЛАҚАНЫН СЕЗІНУІ КЕРЕК
2023 ж. 15 қараша
233
0

«Әлемді құтқаратын – мейірімділік» десек, мейірім ең бірінші кезекте аяулы аналардың жарқын жүзінен табылатыны сөзсіз. Бұл тұрғыда ана деген атты абыроймен көтеріп келе жатқан түркістандық Түймегүл Ердешованың жөні бөлек.
Бүгінде Кентау қаласында тұратын Түймегүл апай он сегіз баланы бауырына басқан абзал жан.
«Мынау жарық дүниенің сәні де, мәні де – бала. Өмірге шыр етіп келген әрбір сәби ананың аялы алақанын сезінуі керек деп есептеймін. Қазақ «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» пейілі дархан даладай кең халық. Тіпті, біздің аталарымыз алыстан келген өзге ұлттың өкілдерін де жатсынбай, құшағын айқара ашқан бауырмал халық. Сондықтан да біздің елімізде «Балалар үйі» болмаса екен деймін. Әрбір баланың өз отбасында бақытты да баянды өмір сүргенін қалаймын» дейді қамқор ана.
Кейіпкеріміз мұндай батыл қадамға баруының сырын өзінің де көпбалалы отбасынан шыққандығымен байланыстырады. Әу бастан-ақ балаларының көп болуын армандаған жаны ізгі жақсы адамның өмір жолы да өзгеше өрілді. Тағдырдың басқа жазғаны болар, оның маңдайына тұрмыс құру жазылмапты. Десе де, жүректегі мейірімнің шуағын ешкім сөндіре алмасы анық. Көкейіндегі арманына жетуді көздеген ол бала асырап алуға шешім қабылдайды. Бұл ұсынысын анасына айтқанда ол кісі де құптай жөнеледі. Өз кезегінде Түймегүл Ердешқызының бұл шешімі балаларды қорғау ісіне қосылған зор үлес болды. Осылайша ол әр жылдары Түркістан облысындағы он сегіз бала асырап алып, ардақты ана атанды.
«Отбасы – шағын мемлекет. Шаңырақта ата-ана мейіріне қанып өскен баланың алар асуы да зор болмақ. Отбасының жылуы да балаларға ерекше күш сыйлап, одан әрі жігерлендіре түседі деп есептеймін.
«Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» демекші, әр баланың өзінің ризық-несібесі болатыны сөзсіз. Балаларымның саны артқан сайын, қуанышқа ғана емес мол берекеге кенеле түскендеймін» дейді ақ жүректі ана.
Ең алғашқы балапанын перзентханадан шыққан бойда-ақ алақанына алған ана сәбиді қолына алған сәтте-ақ жүрегі елжіреп сала бергенін айтады. Әйтсе де, әрбір баланы өсіру барысында түрлі қиындықтардың кезіккенін де тілге тиек етті батыр ана. Әйтсе де алдынан шыққан кейбір кедергілер ананың балаға деген махаббатын одан әрі маздата түскендей. Әрбір баланы жетілдіру жолында көп күш-қайрат жұмсалғанына қарамастан Түймегүл апай шаршаудың орнына, өзінің одан әрі қуаттана түскенін айтады.
«Әр бала әртүрлі. Әрқайсысының денсаулықтары да әрқалай болды. Төрт бірдей баланы шала туғанына қарамастан қолыма алдым. Тіпті, салмағы жарты келіден аз ғана асып жығылатын баланы да адам қатарына қостым. Мұның барлығы, әлбетте, Алланың қалауымен, қолдауымен жүзеге асып жатқан игі істер. Бұл жолда талай тауқыметті тарттым. Бірақ ешбіріне мойыған емеспін. Өйткені мойныма үлкен жауапкершілік алғаннан кейін мен олардың әрбірінің дені сау, тәрбиелі, білімді азамат болып өсулері үшін бар-күш-жігерімді жұмсаймын» дейді ардақты ана.
Қоғамды алға жылжыту үшін ең бірінші кезек ана мен балаға жағдай жасалуы тиіс. Бұл бағытта елімізде түрлі игі істер атқарылып келе жатқандығын айтады Түймегүл Ердешқызы.
«Қазіргі таңда көпбалалы аналарды қолдауға мемлекет тарапынан түрлі жағдайлар қарастырылған. Ай сайын арнайы жәрдемақы тағайындалып, түрлі жеңілдіктер жасалған. Президентіміз Қ-Ж.Тоқаевтың бастамасымен бүгінде бастауыш сыныптың оқушылары толықтай ыстық тамақпен қамтамасыз етілуінің өзі балаларды қорғауға бағытталған істің бір парасы деп білемін. Сонымен қатар, келесі жылдан бастап, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылмақ. Аталмыш жоба аясында еліміздегі 18 жасқа дейінгі балаларға Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы аударылатын арнайы шот ашылмақ. Мұның өзі балапандарымыздың жарқын болашағы үшін жасалып отырған ілкімді істің ірісі дер едім» дейді аяулы ана.
Түймегүл Ердешқызы қоғамда қолға алынып жатқан осындай игі істер көптеген жас аналардың көпбалалы ана атануына мұрындық болары сөзсіз екендігін алға тартады.
«Еліміздің демографиялық тұрғыдан дамуына әрбір ана зор үлесін қоса алады деп білемін. Бұл тұрғыда Түркістан облысы көш бастап тұрғаны көңіл қуантады. Алдағы уақытта да мемлекет тарапынан балаларымызды қорғауға, қолдауға бағытталған бағдарламалардың қарасы бұдан әрі көбейе түседі деп білемін. Қазақта: «Бір баласы бардың – шығар-шықпас жаны бар, Екі баласы бардың – өкпе, бауыр, жалы бар, Үш баласы бардың Бұқарада бұты бар, Хорасанда қолы бар» деген сөз тектен текке айтылмаған. Мұның барлығы әрбір отбасын өсіп, өнуге үндеп тұрғаны сөзсіз. Осы орайда ана мен баланы қорғау жолындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге аса беретін болса, туу көрсеткішінің қарқыны да өсе береді деген ойдамын» дейді Түймегүл апай.
Осы орайда біз жаны ізгі жаннан өз отбасындағы бала тәрбиесі қалай жүзеге асып жатқанын да сұрадық.
«Бала әрбір ата-ананың бауыр еті ғой. Олардың бүгіні қалай болса, болашағы да солай болмақ. Өзім өмір бойы сөздің емес, істің адамы болып қалыптасқанмын. Мынау ердің ісі, мынау әйелдің ісі деп бөліп жармаймын. Қолымнан келгеннің бәрін қисынсынбай істей беремін. Осындай ерік-жігерді, күш-қайратты әрбір баламның бойынан көргім келеді. Сол себепті оларға мейілінше үлгі көрсетуге тырысып келемін. Әрі кішкентайынан әрқайсысын еңбекке баулуды қолға алғанмын. «Еңбектің наны тәтті екенін» бойларына сіңіре білсем, ертеңгі күні қол қусырып қарап отырмасы анық» дейді еңбексүйгіш ана.
Түймегүл Ердешқызы өзінің балаларымен бірге толыққанды бір әскер тәрізді. Бүгінде асхана, наубайхана, азық-түлік дүкені сынды бірқатар кәсіпті ұршықша иіріп отырған іскер ана мұның барлығы да балаларының несібесі екендігін тілге тиек етті. Иә, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші бүгінгі таңы еңбектен атқан баланың ертеңі де жарқын боларына біз сендік. Түймегүлдей батыр ананың отбасындағы береке де бірлік те осынау еңбек деген сөздің артында жасырынып тұрғандай көрінді бізге...
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ