ӘР БАЛА – КӨЗҚУАНЫШЫМЫЗ

ӘР БАЛА – КӨЗҚУАНЫШЫМЫЗ

Қазақ қоғамын әрдайым ілгері жетелейтін – заман көшінен қалмай келе жатқан өскелең ұрпақ. Алайда соңғы уақыттағы келеңсіз жағдайлардың кесірінен қоғамда алаңдаушылық туындап тұр. 

Бірқатар қылмыстық фактілердің жылы жабылуы, ашық айтылмауына байланысты ресми дерек пен шынайы көрсеткіштің арасы алшақ болуы да ықтимал. Солайша көп іс ашылмаған күйі қалады. Отбасы институты, бала қауіпсіздігі, қоғам құндылығы, адам өмірі мен бостандығы, тағы осы сияқты заң мен тәртіп тұрғысынан әлі де тамыры тереңде жатқан мәселелер жеткілікті. Өңірлер бойынша айтатын болсақ, осы жарты жылдың ішінде балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен қылмыстың көбі Жамбыл, Павлодар, Атырау, Алматы, Қызылорда облыстарында болған. Қазақстандағы бүлдіршіндерге қатыгездікпен жәбір көрсеткендер, ең алдымен өздері танитын, жақын араласатын адамдар екені анықталған.

Бүгінде мемлекет қоғам қауіпсіздігі үшін арнайы бірнеше мекеме ашқан. Дегенмен, нақты деректерге сүйенсек, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы және Ақтөбе облыстарында отбасын қолдау орталықтары жоқтың қасы көрінеді. Егер әр өңірде арнайы қызмет орындары жұмыс істесе, зорлық-зомбылықтың алдын алуға септігін тигізеді деп ойлаймыз. Еліміздегі соңғы жайттарды ескерсек, отбасын қолдау орталықтары балалардың құқығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізуге тиіс.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, облыста 400 мыңнан астам отбасыда 900 мыңнан аса кәмелетке толмаған бала бар. Осы ақпаратқа сүйене отырып, бала құқықтарын қорғау саласында проблема жоқ еместігін көреміз. Арнайы есепке алу органының ресми дерегінде өткен жылы балаларға қатысты жасалған қылмыс 2021 жылмен салыстырғанда 21-ге азайғаны көрсетілген. Демек, қазіргі таңда балалар құқығын қорғау мен олардың қауіпсіздігін нығайту – басты назарда.

Біз үшін әр баланың өмірі қымбат. Балалар мен жасөспірімдерді зорлық-зомбылықтан және қатігездіктен қорғау, оларға қатысты қылмыстың алдын алу – әлеуметтік мәні зор және қоғамдағы өткір мәселелердің бірі болып қала бермек. Салауатты ұрпақ өсіру – тұтас қоғамның міндеті.

Нұрханым ЕРБОЛАТҚЫЗЫ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 4-курс студенті