ЕШБІР АНА, ЕШБІР БАЛА МҰҢАЙМАСЫН

ЕШБІР АНА, ЕШБІР БАЛА МҰҢАЙМАСЫН

Мемлекеттің басты қазынасы – адам. Бұл туралы Ата Заңымызда да нақты көрсетілген. Ана мен баланы қорғау жөнінде мемлекет басшылары да өз Жолдауларынан тыс қалдырған емес. 

Қазақ елінде әйелдерді кемсітудің кез келген түрін жоюға бағытталған конвенция бекітілгені мәлім. Осы заң жобасы гендерлік теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Халқымыз «Қыздың жолы жіңішке» деп ежелден әйел баласына ерекше құрмет көрсетіп, сыйлай білген.

Иә, ақ жаулықтылар әрдайым біздің қоғамның тең құқылы мүшесі, ал Ана – осынау қауымның ең ардақты тұлғасы болып саналады. Сол секілді Президент Жолдауларының бірінде: «Балалар – қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі. Сондықтан олардың құқығы қорғалуы тиіс. Біздің жерімізде туған әр сәби – қазақстандық және мемлекет қамқорлығына алынуы керек» деп атап көрсетілді. 

Ұрпақ – ұлт болашағы. Ертеңіміз кемел болу үшін өскелең буынның лайықты келешегі бағытында атқарылар шаруа жетерлік.

Қазіргі таңда Қазақстан Респуб­ликасы бойынша әйелдерге заңды-психологиялық тұрғыда көмек беретін жиырмадан астам дағдарыс орталығы бар екен. Бұл орындарда стационар жағдайында әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әкеп соқтырған қатыгездікке ұшыраған әйелдерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. 

Еліміздің өрен, батыл әрі батыр қыздары қай кезде де ерлермен теңдей қызмет етіп келеді. Бұған – ілкі замандағы Томирис, Нарқыз, өткен ғасырдағы Әлия, Мәншүк, Хиуаз, кешегі желтоқсан құрбандары – Ләззат пен Сәбира сынды аруларымыз дәлел.

ХХІ ғасыр көз ілеспес жылдамдықпен дамып, заман технологиясы күн сайын өзгеріске ұшырап жатыр. Соған сай дәл бүгіндері бүкіл әлемде Ана мен балаға деген көзқарас та әрқалай құбылысқа түсіп, оларға түрлі қауіп төнетін жағдайлар жиі ұшырасады. Әсіресе, бұлар қилы әлеуметтік себептермен қысым көріп жатады. Сондықтан елімізде Ана мен баланы қорғау мекемелері осы мәселені бір сәт те назардан тыс қалдырмауы тиіс деп санаймыз. 

Осы орайда жалғыз ғана мысалға жүгінсек: таяуда түлкібастық бір азаматтың әйелін орындықпен ұрып жығып, он бес тәулікке қамалғанын білдік. 

Бірақ таяқ жеген келіншек жедел жәрдем қызметіне жү­гінбесе отағасының бейбас­тақ­тығы жабулы күйінде қала беретіндей екен. Жеңіл жарақатпен ауруханаға түскен әйелдің хабары дереу жергілікті полицияға да жетеді. Сонда үй қожайынының жұбайын орындықпен соғуымен бірге екі-үш мәрте тепкені де мәлім болып қалады. 

Құқық бұзушы сот отырысында өз кінәсін мойындады. Оның айтуынша, сол күні зайыбы үйге кеш оралыпты және ортақ шаңыраққа бейтаныс біреулерді ертіп келген көрінеді. Ал әйел: «Күйеуім мені қонаққа өзін күтпей жалғыз кеткенім үшін ұрды. Әмбе бұл оның мені соққыға жығуы бірінші мәрте емес, алдында да талай рет сабаған. Қорлығына көп жылдардан бері қорыққанымнан шыдап келемін» деп айтып салды. 

Қысқасы, сот қосағына зорлық көрсетушіні Қазақстан Респуб­ликасы ӘҚБтК-нің 73-1-бабының 1-бөлігінде көрсе­тіл­ген құқық бұзушылық бойынша «Отбасылық-тұрмыстық қатынаста тұратын адамның денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтірді» деп айыптап, жарты айға қамауға үкім шығарды.   

Қазір елімізде «Сіздің учаскелік полицей!» атты республикалық акциясы жүріп жатыр. Бұл іс-шараның мақаты – тұрғындармен қоян-қолтық араласып, өз аумағының тыныс-тіршілігімен жете танысу, сөйтіп сол жердегі құқықтық тәртіпті күшейту. Анығырақ айтқанда, учаскелік полицейлер жұртқа мейлінше жақын келіп, азаматтармен кездесіп, олардың ділгірліктерін зерттеп, оны шешудің жолдарын қарастырады; осылайша түрлі қылмыстың жолына тосқауыл қойып, халықтың тыныштығын сақтайды. Отбасылық-тұрмыстық кикілжіңнің, сан алуан құқық бұзулышықтың, ұсақ басбұзарлықтың, ішкілікке үйірліктің алдын алады. 

Бүгінде бүкіл ел бойынша үш мың учаскелік полиция пунктінде жеті мың қызметкер бар екен. Бұлардың 3,9 мыңы қалада, ал 3,4 мыңы ауылды жерлерде жұмыс істейтін көрінеді. 

Қазір «Сіздің учаскелік полицей!» шарасы Түркістан облысында да сәтті жалғасып жатыр. 

Алайда мамандар бұл өңір бойынша полиция қызмет­керлерінің жетпей жатқандығын да жасырмайды. Мәселен, мұндағы 2 миллион тұрғынға 2,5 мың қызметкерден ғана келеді екен. Сөйтсе де іске шынайы берілген полиция өз міндеттерін мейлінше жоғары деңгейде атқаруға тырысады.  

Жақында Шымкент Полиция департаменті Шұғыл әрекет ететін арнайы отрядының инспекторы Үсен Сиязбекұлы ерекше әрекетімен көзге түсті. 

Қас қарая жұмыстан үйге қайтып келе жатқан ол әлдебір әйел адамның шыңғырған даусын естіп дереу тоқтайды да, көлігінен түсе қалады. Сөйтеді де, көшеде әлдебір бір бойжеткеннің қол телефонын ала қашып, қараңғылық құшағына сіңіп бара жатқан қарақшыны қуып жетеді. Ұрыны шалып құлатып, қолын қайырған соң Тұран аудандық полиция басқармасының жедел әрекет ету тобын шақыртады. Олар да шұғыл жетіп, ұсталған адамнан қыздан тартып алынған қалта телефонын қайтарады.   

Бұл аралықта оқиғаны естіген бойжеткеннің анасы да құстай ұшып жетіп, мән-жайға қаныққан соң Үсен баласына: «Телефонның жарасы жеңіл-ау. Мынандай оңбағандар екі кештің арасында қызымды пышақтап кетсе қайтер едім. Қу дүние жолында ештеңеден тайынбайды ғой бұлар. Арнайы отряд жауынгерінің керемет кәсіби даярлығының арқасында қылмыскерді тез арада құрықтағандарыңыз үшін көптен-көп рахмет. Жас буын­ның арасында осындай әбжіл, ержүрек мамандардың жүргенін лайықты мақтан етеміз!» – деп шексіз ризалығын айтты. 

Ана – өмір. Бала – келешек. Сондықтан бұларға мемлекет тарапынан қолдау көр­сетіліп, қиын сәтте араша түсіп, әрдайым қамқор бола білгеніміз жөн деп ойлаймын.

Нұрилла АХИНА

Түркістан облысы