ӘЙЕЛДЕРДІҢ ЖҰМЫССЫЗДЫҒЫ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ
2023 ж. 15 қараша
254
0

Бүгінде Түркістан облысында 1 млн. 200 мыңдай әйел бар. Бұл – облыс тұрғындарының 49,2 пайызы.
Қоғам көшін алға сүйреу ісінде алдыңғы лекте жүретін әйел затының әрбірінің өз орнын табуы аса маңызды. Бұл тұрғыда Түркістан облысы әкімі жанындағы бала құқықтары, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия өзінің кезекті отырысын өткізді. Жиын барысында облыс көлемінде әйелдер жұмыссыздығын азайту мәселесі қаралды. Түркістан облысындағы аталмыш комиссия мүшелерінен құрылған секторлардың атқарған жұмыстары талқыға түсті. Мәжілісті Түркістан облысы әкімі жанындағы бала құқықтары, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Малика Жүсіпова жүргізді.
Басқосу барысында сөз алған Түркістан Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Тұрар Құдайбергенов:
– 2023 жылы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасын» жүзеге асыруға 84,0 мың адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған болатын. Атап айтқанда, нақты 97 686 адам жұмыспен қамтуға жолданды. Олардың арасында әйелдер – 50 450 адам. Тұрақты жұмыс орындарына 35 195 азамат жұмысқа жіберілген болса, оның 15 664-і әйел. Субсидиялау арқылы уақытша жұмыс орындарына 34 959 азамат жолданса, оның 18 923-і әйел екенін атап өту ләзім. Сонымен қатар, «Бизнес-Бастау» жобасы аясында кәсіпкерлікті игеруге ниеттенген әйелдердің қатары да күн санап артып келеді. Мәселен, кәсіпкерлік бағытта 21 708 адам білім алса, оның ішінде 12 660-ы әйел. Бұл тұрғыда грант 1 687 адамға берілсе, оның да 977-і әйел. Сондай-ақ қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 242 әйел жіберілді.
Статистикалық мәлімет бойынша, 2023 жылдың II тоқсаны қорытындысына көз жүгіртсек, жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,0% болса, әйелдер жұмыссыздығы 5,8%-ды құрап отыр, – деді.
Жиын қорытындысы бойынша Түркістан облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның қызметін жетілдіру жөнінде арнайы шаралар кешені қабылданды. Сонымен бірге күрделі әлеуметтік мәселелерді шешу кезінде азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауға бағытталған жаңа тәсілдерді қолға алу мәселесі қозғалды. Өңірдегі аталмыш комиссия жұмысын жетілдіре түсу бағытындағы ұсыныстар ортаға салынды.
qazaquni.kz