Миллиардтаған қаржы бөлінген “Түркістан-Шығыс” айналма жолы неге орындалмады? - Қазыбек Иса

Миллиардтаған қаржы бөлінген “Түркістан-Шығыс” айналма жолы неге орындалмады? - Қазыбек Иса

Бүгін ҚР Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасы заңының жобасы қаралды.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса ҚР Көлік министрі Марат Қарабаевқа бюджеттен миллиардттар бөлінген «Түркістан қаласының Шығыс айналма жолының құрылысы» жобасы неге орындалмағаны туралы сұрады.

- Менің сұрағым Көлік министрі Марат Кәрімжанұлына арналады.

Бюджет - халық қазынасы, сондықтан оның әр теңгесі орынды жұмсалып, дұрыс игерілуі тиіс.

“Ақ жол” фракциясы бұған дейін бір ай бұрын «Жол саласындағы жолға қойылған жемқорлық»  атты депутаттық сауалымызда еліміз үшін аса маңызды жолдардың қаншама жылдардан бері бітпей жатқанын өткір сынаған едік. Ал жоғары аудиторлық палата да өз қорытындысында қаржыландыру бола тұра, жол салу жөніндегі жобалардың іске асырылу мерзімдері кешіктірілетіні және бірнеше рет ауыстырылатыны жөнінде атап өтті. Бұған айқын мысал ретінде «Түркістан қаласының Шығыс айналма жолының құрылысы» жобасын айтуға болады.

Жобаны іске асыру туралы шешім 2020 жылы қабылданды және оған 2022 жылы бюджеттен 4,4 млрд. теңге бөлініп, ол толық көлемде игерілмеді. 2023 жылы тағы да бюджетке 5 млрд. теңге көлемінде қаражат енгізілді, бірақ ол да пайдаланылмай қалды.

Яғни, 10 млрд-қа жуық теңге игерілмей қалған. Ал басқа қаншама маңызды жобаларға ақша жетпей жатыр. Сонда игере алмасаңыздар, істей алмасаңыздар жыл сайын ол миллиардтарды несіне бюджеттен бөлдіріп жатсыздар?!.

Бұл қаржылар бөлінерде бұған қызметі өте қымбат сараптама және жобалау-сметалық құжаттамаға миллиондаған қаражат жұмсалатынын, алайда бұл құжаттардың бүгінгі күнге ескіргендіктен, оларға кезінде жұмсалған миллиондар далаға кеткені анық.

Осыған байланысты сұрақтар бар:

1. Неліктен бұл жоба орындалмай қалды?

2. Сметалық құжаттаманы дайындауға қанша шығын кетті?

3. Сіздің министрліктегі лауазымды адамдардан жауапкершілікке тартылып, жаза қолданылғандар бар ма? Жоқ, сіздерде миллиардтардың игерілмей қала беруі күнделікті әдеттегі жағдай ма?

Рахмет! 

Көлік министрі Марат Қарабаевтың жауабы:

Рақмет құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы!

Айналма жол жобалық-сметалық құжаттарына 2020 жылы Түркістан облысы бюджеті есебінен 67 млн. теңге бөлінді және 29 млрд. теңге құрайтын 30 шақырымды, 4 жолақты жолды құру бойынша жоба әзірленді.

2022 жылдан бастап облыстың өз бюджеті жетпеген соң Министрлікке берілді. Осыған Республикалық бюджеттен ақша бөлінбеді, бірақ Дүниежүзілік Банкі қаржыландырып жатқан Алматы-Қорғас жобасынан үнемделген қаражат есібінен 2,9 млрд. теңге 2022 жылға, 5 млрд. теңге қосымша 2023 жылға бөлінді.

Дүниежүзілік Банкі өз есебінен конкурс жариялады және конкурсқа қатысқан әлеуетті мердігер компаниялар жобаны 29 млрд. теңге емес, одан көп, яғни 30 млрд. теңгеден көп қаржыға іске асыру туралы ұсыныс берді. Нәтижесінде жарияланған конкурс өтпеді деп табылды да, мердігер жеңізпаз компания айқындалмады.

Бөлінген, қаражатты тиімді игеру мақсатында ол қаржы қазір жүріп жатқан Балқаш-Бурылбайтал жобасына бөлінді және ол жоба биыл 120 шақырым толығымен іске қосылды.

Түркістан айналма жолына биыл жоба қайта қарастырылды және оның қаржыландыру көздері айқындалып, келесі жылға 14 млрд. теңге қаржы тартылды. Сол жоба құрылысы келесі жылы толық басталатын болады.

Министр осылай жауап берді. Бірақ бұл игерілмей қалған жобаға бөлінген сметалық құжаттарға бюджеттен бөлінген 67 миллион теңге үшін министрліктегі лауазымды қызметкерлердің жауапқа тартылған-тартылмағаны туралы сұрақты жауапсыз қалдырды…

Егер ешкім жауапкершілікке тартылмаса, әр жыл сайын 67 миллион теңге далаға кете беруі керек пе?!.

Азамат Тасқараұлы, 

Қазақ үні