Менің әкем жастық өмірін, қызбалы қызығын қиып, үш саусағы мен оқ тескен көкірегін, үш мәрте аса ауыр бас жарақатын «тарту» еткен, табиғи ағза-қанының 90 пайызын құрбан қылған ұлы майдан, қанды қырғын, тасқын-топалаң, сұрапыл соғыс – төрт жыл текетіресіп, табан тіреп, 1945 жылдың 9 мамырында тоқтап, саябыр тапты...
Арада 68 жыл өткенде Ұлы Отан соғысының Ұлы жеңісіне – асыл әкелеріміздің мұхитқа – мұхит құйғандай қисапсыз қанының, аяулы аналарымыздың теңізді – теңіз жалғағандай телегей көз жасының бодауына – қазір әркім әралуан баға беріп, әрқалай түсінетін болды. Мұны біреулер – саяси ұпай жинау пиғылымен әдейі істесе, келесілері – білімсіздік-біліксіздіктен, қарабайыр-қараңғылықпен айтады.
Әйтпесе, көшкен ғасырдың 1941-1945 жылдарының арасында бүгінгі еркін Қазақ Елінің «СССР» деп аталған мемлекеттің құрамында болғаны да рас, дәп сол жылдары неміс басқыншыларымен кескілескен майданның орын алғаны да рас. Бұл – шынайы шындық, жалғыз ақиқат, деректі дәйек.
Біреуге ұнасын-ұнамасын, бұл соғысқа біздің аталарымыз бен әкелеріміз қан кешіп қатысып, басым бөлігі майдан даласында, топырақ астында мәңгілікке көз жұмды. Жүз мыңдаған әжелеріміз бен апаларымыз аңырап жесір, балалары андыздап жетім қалды...
Желкілдеген он жетісінде қызық көрмей қыршын кеткен, қылшылдаған қырығында қапияда құрбан болған аталарымыз мен әкелеріміздің рухының алдында бүгінгі бейбіт өміріміз үшін қарыздармыз!
Қазақ баласы қанды қырғынды басынан кешпесін, сұрапыл соғысты көрмесін! Еркін елдің ертеңі елең болмасын!
Мыңжан БАЙЖАНИН