ТҰРАНҒА ТҰТҚА ТҮРІК РЕСПУБЛИКАСЫНА 100 ЖЫЛ!

ТҰРАНҒА ТҰТҚА ТҮРІК РЕСПУБЛИКАСЫНА 100 ЖЫЛ!

Түркияның бағына біткен әлемге әйгілі бірегей тұлға Мұстафа Кемал Ататүріктің ерен ерлігімен 1923 жылы 29 қазанда Түркия Республикасы құрылды.

Қазір Түркияның халқы 82 миллионнан асады.

Президенті әлемге әйгілі саңлақ саясаткер, Режеп Ердоған.

Айналасын төрт теңіз қоршаған Түркия мемлекеті төрт құбыласы түгел, төрткүл дүние санасатын қуатты ел.

“Байрақтар” дронымен әлемге әйгілі, әскерінің жалпы саны 1 054 750 адамға жететін Түркия Қарулы күштері саны жағынан НАТО-да екінші орында, Америка Құрама Штаттарынан кейін екінші орында тұр.

Түркия- Қазақ Елі 1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздігін жариялаған соң, 45 минуттан кейін-ақ ең бірінші болып таныған, туыс ел болғандықтан да Қазақ халқының құрметі алабөтен ерекше.

Түркиямен дипломатиялық байланыстар 1992 жылы 2 наурызда орнады.

Қазақстанның алғашқы Елшілігі 1992 жылы қазанда Анкарада ашылды.

Қазақстандағы алғашқы Елшілік те 1992 жылы 12 сәуірде Түркия Елшілігі болды.

Түрік елдері болашағына алаңдаған Ататүрік сонау 1933 жылы не деп еді?!.

«Бүгін Кеңес Одағы – біздің досымыз, көршіміз, одақтасымыз. Осы достыққа мұқтажымыз бар. Алайда, оны ертең не күтіп тұрғанын бүгін ешкім кесіп айта алмайды. Құдды Осман немесе Австрия-Венгрия империялары сияқты бөлшектеніп, ұсақталуы ғажап емес. Бұрын жұдырығынан жібермей ұстаған халықтар алақанынан шығып кетуі әбден мүмкін. Дүние жаңа тепе-теңдікке ұласуы кәдік. Міне, сол кезде Түркия не істеу керектігін білуі тиіс. Осы досымыздың қол астында тілі, сенімі, тағдыр-тауқыметі бір бауырларымыз бар. Оларға сол сәтте қол созуға әзір отыруымыз қажет. Әзір болу – сол күнді үнсіз күту емес. Дайындалған жөн. Халықтар бұған қалай әзірленеді? Рухани көпірлерді сақтай отырып. Тіл – бір көпір... Сенім – бір көпір... Тарих – бір көпір... Тамыр-тегімізге оралып, сан қилы оқиғалармен сөгілген тарихымызда түгенделуге тиіспіз. Олардың (сырттағы түріктер) бізге жақындауын күте алмаймыз. Біз оларға жақындауымыз .қажет», – деген еді асыл туған Ататүрік осыдан 90 жыл бұрын. 

Түркияның туысқан Қазақ Елі Азаттығын алғашқы болып мойындауы - Ататүріктің сол 1933 жылы түрік халқына айтқан асыл аманатын адал орындауы.

Түркияның Қазақстанның экономикасына, білімі мен мәдениетіне, руханиятына қосып жатқан үлесі зор.

Іргесі мықты, керегесі кең, босағасы берік, шаңырағы биік ел болу үшін барлық ұлт бір тілде - мемлекеттік тілде сөйлеуі керектігін әлемге әйгілеген елдердің бірегейі Түркия Республикасы.

Түрік Республикасының тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік мемлекет басшысы болып сайлана салысымен, алғашқы жылы-ақ: «Түркия мемлекеті мықты болуы үшін еліміздегі 78 ұлт  бүгіннен бастап бәріміз бір тілде -түрік сөйлейтін бір ұлтпыз!» -деп жариялады. Тек талап етіп, міндеттеп қана қойған жоқ, мемлекет басшысы Ататүріктің өзі мемлекеттік қызметте қолданылатын мемлекеттік тілдің стандартын жасап шықты.

Осындай қазақ ұлты алдындағы тарихи жауапкершілік пен ұлы аманат бізде де орындалуы тиіс еді... Өкінішке орай, 30 жылымыз, бір дәуір  босқа өтті...

Түркия біздің бауырлас еліміз және ең сенімді серіктес мемлекетіміз.

Сондықтан да бір бүйрегіміз бұрып тұратыны рас. 

 Тәуелсіздікті алған түрік тектес елдерге оны сақтап, өркендетіп, дамыту оңай соғып жатқан жоқ. Бұл әсіресе, шығысында айласы да, айбары да асқан алып айдаһары бар , солтүстігінде ашулы аю жатқан шекарасы бар күрделі гео-саяси жағдайда тұрақты «Тұран одағы” қашан құрылады деп алаңдаған ел аз емес.

Осыдан жүз жыл бұрын Сталин “Кеңес одағының нөмірі бірінші жауы” атаған Алаштың ақиығы, біртуар тұлғамыз, мұзбалақ Мұстафа Шоқайдан бастап, қазақтың ұлы ақыны Мағжан қостаған Тұран бірлігін жырлау бүгін де өте өзекті.

Бұл туралы кезінде өзіміз де жаздық.

Түркия туралы Тұран Одағын құруға арналған және “Ердоған деген Ер осы” және тб мақалаларымыз бар.


2021 жылы 6 қыркүйекте “Қазақ үні” газеті мен ұлттық порталында “ШҰҒЫЛ ТҰРАН ОДАҒЫ ҚҰРЫЛУЫ ТИІС!”-атты мақала жарияладық.

“Тұран елдерінің тұтастығын ойласақ, шұғыл Түркі елдері одағын құруымыз керек!

Шығысымызда Қытай, солтүстігімізде Ресей мемлекеттерімен құдайы көрші болғасын, олармен бірнеше экономикалық және ынтымақтастық одақтарда мүше болып отырмыз. Алыстағы алпауыт АҚШ-пен де сәлеміміз түзу. 

Бірақ дүрбелеңі көп дүние күнде дүрлігіп тұр.  

Оңтүстік Азиядағы таяуда тәліптер билікке келген Ауғанстан да әлем назарын аударып, шекарасы жақын елдерді қатты алаңдатып тұр.

Біз Ресей бастаған ТМД-ның біраз елдерімен Еуразиялық Экономикалық одаққа ойланбай кіріп кеткенде, неге туыс елдердің одағын құруда ойлануымыз керек?

Енді түбі бірге Түркі елдері одағын құрсақ, іргемізді бекемдеп, шекарамызды шегендей түсуге берік негіз болар еді. Бұның соңы әскери одаққа ұласуы да заңды.

Екпіні қатты Ердоған ер бастаған ел басшыларының мойнында түгел түркі мемлекеттерінің Тәуелсіздік тағдыры, территориялық тұтастық қауіпсіздігі тұр!

Тағы да қадап тұрып, қайталап айтамыз, Тәуелсіз Түркі елдері үшін қазір ең басты мақсат - Тұран әскери Одағын құру!”-деп жазған едік.

Тура осы мақаламыздан кейін 66 күн өткен соң 2021 жылы 12 қарашада Ыстанбұлда Түркі мемлекеттері ұйымы құрылғанда қатты қуандық.

“ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫ - 

ТҰТАС ТҰРАН ҮШІН ТАРИХИ БЕЛЕС!

ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!”-деп жаздық.

ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫНА айналған Түркі мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, елдік, жаһандық маңызы бар мәселелермен қатар өткен ғасырдың ортасында қиын-қыстауда Шығыс Түркістаннан Тибет пен Гималай асып, ауа көшкен қазақтар Үндістан мен Пәкстанға барғанда шақырып алып, бауырына басқан бауыр ел Түркияның көрнекті мемлекет қайраткері, сол кездегі премьер-министрі Аднан Мендерестің рухына қазақ халқы атынан тағзым етті.


Бұл да бір Қазақ Елі мен Түркияның бұрыннан жалғасып келе жатқан туыстығының жарқын белгісі еді!..

Иә, біз Түркия мемлекетінің қиын-қыстауда қазақтарға кең құшағын ашқан бауырмалдығын ешуақытта ұмытпаймыз!

Тұран одағын аңсау, бұл әрине, Кеңес империясының 70 жылдық темір құрсауынан шыққан түрік тектес елдердің қазір әлемдегі алпауыт мемлекеттер санасатын қуатты ел Түркияға деген ағайындық арқасүйеу мен зор сенім екені анық. 

ТҰРАНҒА ТҰТҚА БОЛҒАН ТҮРІК РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Енді бүгін 1995 жылы тарихи көне шаһар, Түркияның бейресми астанасы Стамбұлды алғаш көргендегі ойларымды 2009 жылы өлеңге түсірген жырымды жариялап отырмын.

ҚОШ, СТАМБҰЛ!

«Азаулының Стамбұлдан несі кем..?»

Доспамбет жырау

Сұлу шаһар Стамбұлдың Салтанатты мешіттері

Таңғалдырып тұр мені…

Құшақ жайып құшқан нұрдың

Ерке желдей есіп лебі…

 Сүреленіп келе жатыр жыр легі…

Түркістанның түлегіне

Мешіт тансық болмаса да,

Мұншама көп құдай үйін көрмеп ем.

Жетер ме екен тілегіме,

Түскендей бір жолға сара,

Жүрегімді Құран үні кернеген!

Көк аспанның көшірмесі -

Көз тартады күмбез біткен,

Көкке созып азанын…Келгендеймін шешімге осы –

Келді сәтім бір кез күткен,

Шырқалатын шығар енді 

өз әнім…

Құлшылық қып бір Аллаға,

Құладым мен сәждеге ақыр –

Жазық маңдай жайнамазын іздеді…

Құдай сөзі – Құран ғана, Барлығы осы Сөзде жатыр-

Тыңдаңызшы, Сіз мені!..

О, Стамбұл, жайың қандай –

Сазым да көп саған арнар,

Көк аспан мен көк теңіздің арасы!

Жағалауда жайылғандай,

Қатарласқан қара нарлар –Қаптап тұрған кемелерге қарашы…

Иірілген қайық біткен,

Күйсеп жатқан қой отары

Секілді бір көзіме ыстық көрінді…

Жайнамазын жайып күткен,

Сәулетіне сай атағы,

Көне шаһар, көрсет қане, төріңді!

Жетеледі жағада елес,

Жатыр теңіз шалқып әйгі,

Жерұйық қой-құштар десем ел неге?..

Сам жамырап, самала кеш, 

Сансыз шамдар жарқырайды,

Жұлдыз біткен көкте ме, әлде, жерде ме?!.

Ер Доспамбет, жырау бабам,

Көрген шаһар көрікті екен,

Тәубе дейін тәңіріме мен бүгін.

Мың бір түн ғой мынау ғалам!  

Бір сұлуға еріп кетем,

Шерту үшін шайыр ұлдың шер-мұның!

Қош, Стамбұл!

Күнім енді бос өтер ме,

Қимай кеттім аз-ақ күнде

Тереңіне батып теңіз сезімнің.

Түбі бірлік осы екен де,

Түсіністік ғажап мүлде! -

Түрік тілдер Құдіретін сезіндім!..

Түп мекені – түркілердің,

Шыныменен жеттім бе өзім,

Ұлы қазақ еліне ерен енселі! 

Бір Алладан шын тілермін,

Көк аспаным-көк күмбезім,

Жердегі үлкен мешіт көрдім мен сені!..

Жар бола гөр, Жаратқаным! 

Сахарада сайрадым бір,

Күмбірлейді жүректе бұл күй біздің!

Тал бойымда тарап қаным,

Жайнамаз ғой- жайлауым бұл-

Маңдайымды қара жерге тигіздім,-

Туған жерге сүйгіздім!

ТҰРАН ЕЛДЕРІНІҢ ТУЛАРЫ БИІК ЖЕЛБІРЕЙ БЕРГЕЙ!

Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты