Біз жапон жолымен жүрсек қана ұтамыз - Болат Тілеуберді

Біз жапон жолымен жүрсек қана ұтамыз - Болат Тілеуберді

М.Әуезов ат.ОҚМУ-нің профессоры, филология ғылымының докторы Болат Тілеубердімен әңгіме

– Құрметті Бөке, өзіңіз өмір бойы қызмет етіп келе жатқан ғылым ссаласының бүгінгі жай-күйі мен болашағы жайлы әңгімелессек деп едік.

– Біз бүгінгі жаһандану заманында – антропоцентризмге – адам баласы барлық нәрсенің өлшемі деген қағидаға – бой ұрып жатырмыз. Және бұл жерде өзімізге тән еліктеушілікке салынып, бағдарламаларға көп өзгеріс енгіздік, солай етеміз деп ұлттық құндылықтарымыздан айрылып қаламыз ба деген қауіп бар. Бір лингвистиканың өзінде кеңес кезеңінде қазақ тілінің өзінің фонетикасын, лексикологиясын, грамматикалық құрылымдарын, оның аржағында морфологиясын, синтаксисін, стилистикалық дүниелерін меңгермей жатып, басқа жаққа бармайтынбыз. Лингвистиканың, яғни, тілдің өзінің математикалық формулалар секілді тіректі дүниелері бар. Ал, олар дұрыс шешілмейтін болса, жас буын жаңсақ пікірге бой алдырады. 

Жаңартылған бағдарламада когнитивті лингвистика, лингвомәдениеттану, дискурс деген пәндер секілді философиялық дүниемен байланысты концептік құрылымдар көбірек оқытылып жатыр. Жалпы, оған қарсылығымыз жоқ. Дей тұрғанмен, студенттер тілдің грамматикалық құрылымы секілді таза ұлттық құндылықтарды сарқа оқып білмей, философиялық дүниеге барса, жаңсақтыққа ұрынады. Айтылған пәндер логикамен тікелей байланысты. Ал, логикада нақты теориялық дүние аз кездесетіндіктен әр адамның ой-пікірі де әр түрлі болады. Соның салдарынан оқушылар бізге грамматикалық талдауды білмей келеді-дағы, біз дәстүрлі лингвистикадан алшақтап, европаөзектік лингвистикаға бас ұрып отырмыз. Бұл – тіл мәселесінде.

Әдебиетте де менің пайымдауымша көп кемшілік бар. Кеңестік классикалық дүниелерді де сұрыптайтын уақыт келді. Заман өзгерген сайын адамның танымы да өзгереді. Сондықтан қоғамы бөлек бүгінгі жастар біздің заманымыздағы құнды дүниелерді қабылдамауы мүмкін. Бізде бүгін классик болмаса да, олардан кем түспейтін мықты ақын-жазушыларымыз бар. Ғылымда ізденіспен нәтижеге жету мүмкін болса, поэзияда жаратылысыңмен келген дарынсыз ешқайда бара алмайсың. Мықты филолог болғаныңызбен, оған сүйеніп қана жақсы ақын бола алмайсыз. «Алла ақынның аузымен ақиқатты айтады» деген сөз бар ғой. Сондықтан кеңестік кезеңде жазылған шығарманың бәрін бірдей ысырып тасауға, сүріп тастауға біздің хақымыз жоқ, Мұхтар Әуезовті, Әбдіжәміл Нұрпейісовті, Олжас Сүлейменовті, Мұхтар Шахановты, Мұқағали Мақатаевты, т.б. өлең-сөзі өміршеңдігін жоғалтпаған ерлердің шығармасын бүгінгі ұрпаққа оқытпай тұра алмаймыз.

– Сөзіңізді трілтейін, Мұқағали ағамыздың бір жазғанына қайтып оралмайтын әдеті бар екен. «Неге өлеңдеріңді өңдемейсің, өңдеген сайын ол әрлене, әдемілене береді ғой» деген сөздерден шаршаған ол бір күні достарына былай депті: «Шынымды айтсам, мен олай етуге қорқамын, өйткені мен өлеңді өзім жазбаймын, құлағыма сыбыр келіп тұрады, мен соны қағазға түсіруші ғанамын»... 

– Бұдан бөлек тіл мәдениеті, сөз мәдениеті деген бар. Рәбиға Сыздық, Ербол Жанпейісов секілді аға, апаларымыз өмірден өтіп кетті. Сөз мәдениетін Мәулен Балақаев бастаса, бұл бағытта Нұргелді Уәли бүгін көп жұмыс істеп жүр. Бір сөзбен айтар болсақ, алдымен сөз пайда болса, кейін сөз тіркестері пайда болып, содан кейін табиғи түрде фразеология пайла болды. Фразеологизм туралы пәнді біз мектепке таңдау пәні ретінде енгізіп жатырмыз, оны негізгі пән ретінде кіргізу керек. Қазақ дүниені жазу-сызу арқылы ғана танып білген жоқ. Шаруашылығы, кәсібі арқылы да қарап, таныды. 

Мысалы, «төрт көзі түгел» деген фразеологизмді алайық. Нұргелді Уәлидің айтуы бойынша бұл жерде даулы мәселелерді шешкенде қуынушы адам мен оның куәгері, жауапкер адам мен ол жақтың куәгері, солардың бәрінің түгел қатысуы қажеттілігі сөз болып отыр. Міне, сөз мәдениетінде осындай жағдайлар көп. Нұргелді Уәли қазақтың ұлттық құндылықтарының бірінің атауы болып келетін «қамшы» деген сөзде кездесетін «қам» түбірі якут, хакас секілді біраз түркі тілінде әлі күнге дейін «бақсы» дегенді білдіреді дейді. Яғни, ол малды айдайтын құрал немесе аңға қарсы қолданылатын қару ғана емес, о баста ауру адамның бойынан жынды қуып шығатын емші дегенді білдіретін сөз екен.  

– «Қам» сөзінің «шикі» деген екінші мағынасы да бар емес пе? Жалпы, қазақ тілінде үш жүз мың сөз бар жесек, оның әрбір екінші болмаса да үшінші сөзі бірнеше мағынаға ие. Мысалы, «қол» - дене мүшесі әрі әскер. Сонда қазақ тілінде кемі миллионнан астам сөз бар болып шығады ғой!

–Дұрыс айтасыз, оған сәл кейінірек тоқталамыз... Ахмет Байтұрсынұлы бастаған терминологтарымыз отызыншы жылдары жойылды, термин жасауда ұлттық негізге мән беруге тыйым салынды, орыс тіліндегі терминдердің басын жармай, көзін шығармай, сол күйінде қабылдануы қалыптастырылды. Тоқсаныншы жылға дейін ар жағындағы елу жыл болса, бер жағында отыз жыл дамудың орнына артқа қарап кетіп қалдық. Себебі, термин жасау үшін ұлттық лексикология мен ұлттық танымдағы мәйектерді алған жоқпыз, алуға мүмкіндік берілген жоқ. 

«Егемен» сөзі «еге» деген сөзден шыққаны, оның екінші түрі «ие» екені белгілі. Бізде иненің бізін «бігіз» деп те, аттың ерін «егер» деп та айта береді. Ендеше фонетикалық өзгерістерді, «егемен» секілді сөздерді жатырқаудың жөні жоқ. Біз баланы филолог еткіміз келсе, лингвист еткіміз келсе сөздің ұлттық түп-төркініне үңіліп алуымыз керек, сонда балада тлге деген қызығушылық пайда болады. Интернационалдық терминдерді сол күйінде, мысалы, аллетрация деп, вербализация деп қабылдай берсек, оның ұғымын білмейтін бала тілге келуге үрке қарайтын болады, себебі ондай сөздер баланың қанына, жанына жат. Терминологиялық комитет 1971-1981 жылдары он мың сөзді қарастырған екен-дағы, соның үш пайызы ғана сұрыптаудан өтіп, термин болып қабылданған екен. Бізде кәзір бұл мәселеген мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Қаржы бөлінбегеннен кейін жүйе бұзылды, жүйе бұзылған соң жүгенсіз кеттік, «ерінбеген етікші болады, ұялмаған өлеңші болады» дегендей, жаппай терминолог болып алдық, біреу ғана болса да термин жасап, оп-оңай тарихқа кіргіміз келді. Соның салдарынан кемшілік те күрт көбейді.

Кезінде Ісләм Жарылғапов, Мұзафар Әлімбаев, Нұртас Оңдасынов, Әбдіуәли Қарағұлов секілді білімдар адамдар еңбек еткеннің арқасында аялдама, балмұздақ, қаламгер, суреткер секілді көп сәтті термин жасалғаны белгілі. Бірақ, солардың өзінің «траурный венок» – «азагүл», «шампанское» –«аққайнар» деп ұсынған көп дүниесі қоғамда қабылданбай қалған екен. Осыдан он бес жыл бұрын академик Әбдіуәли Қайдар «терминком лексикалық қауқары жоқ себепті бекітпеді» деп біраз сөзді көрсеткен екен, солардың ішінде «ұжым» (коллектив), «қанағат» (меню), «төңкеріс» (революция) бар. Үнжария (радио), үналғы (микрофон) қабылданбаған күйі қалды. Меню «мәзір», командировка «іссапар» түрінде қолданысқа енді. Өркениет, елтаңба, әнұран, демеуші, құрылтайшы, төлқұжат, ұшақ секілді сөздерді де сол кезде терминком қабылдамаса да кейін ол табиғи түрде қоғамның қолданысына ие болды. Сонда қарасаңыз, терминкомның бекітпей тастаған сөздерін ұлттық құндылық ретінде халықтың өзі қабылдап отыр!

Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасында Ақанға қарата айтылатын: «Қош келдің, арда, керіміз!» деген сөз бар. Содан барып «еркін өскен адам» деген мағына беретін «арда» сөзі мен жылқыға арнап айтылатын «кер» сөзінен «ардагер» термині пайда болды. «Абай жолындғы: «Әй, керім екен, керім!» деген таңданыстан Әйгерім деген әйел адамның есімі пайда болғаны секілді.

– «Кер» мен «ман» қосымшалары «қайраткер», «күрескер», «ақылман» тәрізді адамның сипатын беретін жалғау ретінде қазақта ежелден бар сөздер ретінде бекітілген жоқ па еді?

– Иә, солай. Дегенмен, «кердің» әуел бастағы, алғашқы мағынасы қаракер, құлагер, ақтангер сияқты аттың қырын беруге айтылған екен. Кейін барып жаңағы сіз айтқан адамның сипатын да беретін қосымша мағынасы пайда болыпты. Өйткені, тілдің, сөздің өзі қатып қалған қасаң дүние емес қой. Ол да өмірдегі барлық нәрсе секілді өзгеріп, түрленіп тұрады. Бүгін бір мағынаға ие болса, кейінгі заманда басқа мағынаға ие болып жатады.

Өкінішке қарай, біздің бүгінгі жастарымыз бұрынғы студенттер секілді емес, қосымша, жұрнақ, жалғаудың қалай жасалатынын дұрыс талдап, ажырата алмайды. Неге? Өйткені мектептен қазақ тілінің уызына жарымаған күйде шығады-дағы, ұлттық құндылықтан алшақтап, евроцентризмге бой ұрып тұрады.

– Және байқасаңыз, бізде евроцентризмнің ықпалы кейінгі отыз жылда азаюдың орнына күшейіп барады. Тіпті, заңдарымыздың өзі де кәзір тікелей европалық құндылықтар тұрғысынан көшіріліп жазылатын болды. Нақты мысал келтірсек, қаңғыбас иттерді атуға тыйым салынды, ал олар былтыр Ақтөбеде бір баланы талап өлтіріп тастады. Бірақ, ол үшін ешкім жазаланған жоқ...

Тілге қатысты айтар болсақ, орыс тіліндегі қарама-қарсы мәнді беретін «не» деген тіркеменің (приставканың) қазақша «бей» деген аналогы бар. Мысалы, незнакомый – бейтаныс. Бірақ, біз «негосударственный» деген сөзді «беймемлекеттік» деп алмаймыз, қазақ тілін тіркемесі жоқ жұтаң тіл етіп көрсетіп, калькалық түрде «мемлекеттік емес» деп жазуға құмармыз...

– Жалпы, үкіметтің басында отырғандардың құлағына қазақтың төл сөздері түрпідей тиеді. «Бейүкіметтік» деп әдемі, сүйкімді етіп айтпай, тіліңізді сындыра жаздап, шұбатылдырып «үкіметтік емес» десеңіз майдай жағады...

«Қам» сөзіне келсек. Сөздің мағынасы бар, ұғым бар. Олар бір-бірімен байланысты. Уақыт өте келе қосымшалар арқылы сөз де өзгеріп, бастапқы мағына да өзгеріп, екінші, қосымша мағынаға ие болады.

Математик Асқар Жұмаділдаев көп жылдан бері «айтыс кімге керек?» деген секілді қазаққа қиянат ететін нәрсені айтып жүр. Ал, жапон елі ұлттық болмыстан, дәстүрден, дінннен, рухтан қылдай айнымай-ақ әлемнің алдына шығуға болатындығын соқырға таяқ ұстатқандай дәлелдеп берген жоқ па? 

– Дәл сол ұлттық болмыстың сақтап қалғанның арқасында!

– Иә. Ал, Жұмаділдаевдің жолымен жүретін болсақ біз ұлт ретінде жойыламыз. Ұлт ретінде жойылсақ, адам ретінде өмір сүруіміздің қажеті шамалы болып қалмай ма? Әр адам оның ішінде әсіресе бүгінгі әр қазақ «шамамның келгенінше ұлтыма қызмет етейін» деген оймен өмір сүрмесе адам баласының айуаннан айырмашылығы да шамалы болып қалмай ма?

– Сізге жүз пайыз қосыламын! Әйтеке би: «Өмірім – өзгенікі, өзімдікі – өлімім ғана» деген жоқ па? Көп жылдан бері университетте ұстаздық етіп келесіз, еңбегіңіз жана берсін! Жақсы әңгімені жалғастыруға қалай қарайсыз?

– Дегеніңіз болсын!

– Рахмет! Жүздекенше, Бөке!

Сұхбаттасқан Өмірзақ Ақжігіт