ТОҚАЕВ ТҮРКІСТАНДА ТӘРБИЕЛЕНДІ

ТОҚАЕВ ТҮРКІСТАНДА ТӘРБИЕЛЕНДІ

Түркістандықтардың мақтан етер бір жайы – Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы, қазақ детективінің атасы, қазақ журналистикасының қара нары Кемел Тоқаев осындағы Балалар үйінде тәрбиеленген. Мұны, тіпті, біреу білсе біреу білмеуі де мүмкін.

 Кемел Тоқаұлы – Абай, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсірепов секілді қазақтың қабырғалы қаламгерлерімен қатар, Эдгар По, Артур Конан Дойл, Жорж Сименон, Уильям Коллинз тәрізді әлем әдебиеті алыптарының шығармаларынан нәр алып, өзі де қазақ көркемсөз өнерінің өсіп-өркендеуі мен дамуына сүбелі үлес қосты. Сөйтіп қазақ әдебиетінің қоржынына өлмес те өшпес мұра қалдырды. Қазақ әдебиетінің тарихында есімі алтын әріптермен жазылды. Оның қаламынан туған кітаптардың барлығы кезінде 450-500 мың таралыммен қазақ және орыс тілдерінде тасқа басылып, қолдан-қолға тимей оқылды. Шығармалары мұндай таралыммен жарық көрген қазақ қаламгерлері некен-саяқ. Осы жағынан алғанда Кемел Тоқаев – өз оқырмандарын тапқан бақытты жазушы. Біздің бұл сөзімізді Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әзілхан Нұршайықовтың: «Кемел қазақ жазушыларының ішіндегі оқырманы ең көп қаламгерлердің бірі болды. Өзі таңдап алып, негізін қалаған детектив жанрында алдына жан салған жоқ» деген пікірі толықтыра түседі.

     Кемел Тоқаев 1923 жылы 2 қазанда бұрынғы Талдықорған облысы Қаратал ауданына қарасты Кәлпе ауылында туған. Бала кезінде Қасым ағасы екеуін ата-анасы тірі екеніне қарамастан, әпербақан милициялар күштеп алып кетіп, Бішкектегі жетім балаларға арналған мектеп-интернатқа тапсырады. Көп ұзамай, олар Түркістандағы балалар үйіне ауыстырылады. 1939 жылы ағайынды Қасым мен Кемел екеуі Шымкент қаласындағы орта мектепте білім алады. Екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен Қасым ағасы майданға аттанып, 1942 жылы ерлікпен қаза табады. Ал болашақ жазушы Кемел Тоқаев 1942 жылы сұрапыл соғысқа аттанып, Сталинград, Украина, Белоруссия майдандарында ерлік көрсетіп, Ұлы Отан соғысының I және II дәрежелі ордендерімен, сондай-ақ екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. 1943 жылы ауыр жарақат алып, соғыстан босатылады.

     Жазушының өмір жолына зер сала қарап отырсақ, көптеген дереккөздерде оның С. Киров атындағы Мемлекеттік университетінің филология факультеті журналистика бөлімшесіне 1943 жылы түсіп, оны 1948 жылы бітіріп шыққаннан кейін, республикалық газеттерде жұмыс істегені айтылады. Сөйтсек бұл шындыққа жанаспайды екен. Белгілі журналист Көсемәлі Сәттібайдың зерттеуі бойынша, Кемел Тоқаев еңбек жолын 1948 жылы Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетінде тілші боп бастапты. Аталған газеттің 1948 жылғы 18 тамыздағы №164 (2479) санында «Алыстағы қалыңдық», ал 24 қазандағы №213 (2524) санында «Жас гвардия», сондай-ақ «Қазақ орта мектебінде орыс тілін оқытуға көңіл бөлінсін», «Қордайда егін жыйнау, астық тапсыру қарқыны неге баяу?» (Ол кезде жинау емес, «жыйнау» деп жазылған екен. Сол күйінде бергенді жөн санадық. Е.Ш.) тағы басқа мақалалары жарық көргені туралы нақты деректер келтіреді. Олай болса, алдағы уақытта әдебиет зерттеуші ғалымдар осы деректерді бір ізге түсіргендері абзал. 

     Міне, осыдан кейінгі жылдары Кемел Тоқаев «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде жауапты қызмет атқарған. Ал 1960 – 1977 жылдары «Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жаршысы» атты ресми журналдың бас редакторы болған (Бұл қызметтен кетуіне сол кездегі ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс болған Коммунистік партияның кері ықпалы болған көрінеді. Бұл да арнайы зерттеуді қажет ететін тақырып. Е.Ш.). 1980 – 1984 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі болып істеген.

     Қазақ әдебиетінің детектив жанрын шырқау биікке көтерген қаламгердің бірі де бірегейі – Кемел Тоқаев. Ол ондаған болымды да толымды туындылар жазып қана қоймай, өзінің мектебін қалыптастырды. Оның ізінен еріп, бағыт-бағдар алған, сөйтіп осы жанрда қалам тербеген жазушылар баршылық. Олар – Жұмабек Еділбаев, Әділ Дүйсенбек, Кәрім Баялиев, Болат Бодаубай, Талаптан Ахметжан, Ғабиден Құлахмет, Ерболат Жүсіпов, Шойбек Орынбай, Тұрдыбек Алшынбаев тағы басқалар. Бұл қаламгерлердің шығармалары дәл Кемел Тоқаевтың туындыларындай мыңдаған таралыммен тасқа басылып, дүйім халық, мұқым елдің назарына ілікпегенімен, олардың да өз оқырмандары болды, өздеріне лайықты бағасын алды. Бірақ қабырғалы қаламгердің бағындырған биігіне жете алмады. Алайда бұл жазушылардың жаңа жанрда қалам тартып, өз соқпақтарын салуының өзі – қазақ әдебиеті үшін үлкен олжа.

     Қазақ детективінің атасы атанған Кемел Тоқаевтың «Жұлдызды жорық» атты тырнақалды туындысы 1954 жылы Қазақ Мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан («Жазушы» баспасы) жарық көрді. Мұнан кейін «Тасқын», «Болашақ туралы ойлар», «Көмескі із», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма», «Қыс қарлығашы», «Соңғы соққы», «Солдат соғысқа кетті», «Таңбалы алтын», «Ұясынан безген құс», «Сарғабанда болған оқиға» атты кітаптары жарыққа шығып, талғамы зор оқырмандардың сүйіп оқитын шығармаларына айналды. Тіпті кей кітаптары оқырмандардың сұрауы бойынша бірнеше рет басылған. Мәселен, «Көмескі із» повесі – 4 рет, «Қастандық» повесі – 4 рет, «Арнаулы тапсырма» повесі – 3 рет қайта тасқа басылып, талғамы зор оқырман қауымға жол тартқан. Туындылары дәл осылай қайта-қайта басылған қазақ жазушылары өте аз. Сөйтіп қаламы қарымды қаламгер қазақ әдебиетінің алтын қорына он беске жуық повесть, үш роман қалдырыпты. Сондай-ақ ол «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?», «Сиқырлы сырлар» атты пьесалардың авторы. Бұл туындылар да отандық сахналарда қойылған. 

     Қаламгердің «Арнаулы тапсырма» атты туындысы – аты әлемге әйгілі партизан-жазушы, Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов туралы жазылған шығарма. Қаламгер осы өміршең туындысын жазу үшін кейіпкері Қасым Қайсеновпен бірге Украинаға сапар шегіп, оның сол елдегі партизан достарымен кездесіп, олардан мол мағлұмат, нақты деректер алған екен. Шығарманың шынайы шығуына да осы сапардың септігі тигені даусыз. Бұл туралы Қасым Қайсенов баспасөзге берген бір сұхбатында: «Маған үйір боп, табандылық танытып, мен туралы қазақша, орысша кітап жазған Кемел Тоқаевтың еңбегін жоғары бағалаймын» деп ағынан жарылады. 

     Сонымен бірге жауынгер-жазушының «Солдат соғысқа кетті» атты шығармасы да – өзінің өмірінен алынған туынды. Бұл роман автордың қан майданда жүріп жазған күнделігі негізінде жазылған. Сондықтан да шығарма шынайы шыққан. Ойдан алынған образдар мен оқиғалар жоқ. От пен оқтың ортасында жүрген кейіпкер мен қаруластарының әрбір ерлігі, іс-әрекеті, болмыс-бітімі, тіпті Власов, Громов секілді командирлердің пасық пиғылдары, солардың кесірінен кей жауынгерлердің Отанын сатып, жау жағына шығуы, сондай-ақ жау ұшағын атып түсірген Мейірмановтың ерлігін өз атына пайдаланғысы келген арамдықтары туралы оқиғалар қаз-қалпында беріледі. Ал енді Коммунистік партияның қылышынан қан тамып тұрған кезде, сол партияның мүшесі бола тұра, осындай шығарма жазу – үлкен ерлік! Ал мұндай көзсіз ерлік жасау – кез келген қаламгердің қолынан келе бермейді.

– Барлық жақсы кітаптар – шындыққа жанасымды, өмірден алынған дүниелер. Кітапты оқып біткенде ішіндегінің барлығы сенің басыңнан өткендей әсер қалдырады. Содан соң, әрине, кітаптағы барлық жақсылық пен жамандық та, қуаныш пен қайғы да, өкініш пен күйініш те, адамдар мен мекендер де, тіпті ауа райы да саған тиесілі болады. Егер осының барлығын оқырмандарға бере алсаң, демек, сен – жазушысың, – дейді Нобель сыйлығының лауреаты Эрнест Хемингуэй.

     Иә, осы пікір Кемел Тоқаевтың шығармашылығына арналған десек, әсте қателесе қоймасымыз анық. Өйткені оның туындылары – өмірдің өзінен алынған шынайы шығармалар. Сондықтан да оқырмандар кейіпкерлермен бірге қуанады, қайғырады, өкінеді, күйінеді, сүйінеді. Тіпті олармен бірге тыныстайды. Бұл – жазушы шеберлігі. Ал ондай шығармалар оқырмандармен бірге мәңгі жасары хақ.

     Майдангер жазушының әдебиеттегі ерен еңбегі дер кезінде бағаланып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, КСРО Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасымен және төсбелгісімен марапатталған. Сондай-ақ Қазақстан Ішкі істер министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы жариялаған бәйгелерде оза шауып, төрт мәрте бас жүлдені иемденген. Осының өзі детектив жанрының атасы атанған жазушының алдына қара салмағанын көрсетеді. Осы орайда сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің: «Əдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы бола алмайды» деген сөзі еске түседі. Сол айтқандай, Кемел Тоқаев – әдебиетіміз бен өнерімізді әлемдік деңгейге көтеріп кеткен қаламгер.

     «Құрметтің ең абзалы – әкең ардақ тұтқан жандармен байланыста болып, оларды құрметтеуің» дейді атам қазақ. Сондай-ақ «Ата-ана қадірін біле алмаған – халық қадірін біле алмас, Халық қадірін білмеген – ата-ана қадірін біле алмас» деген де сөз бар. Сол айтқандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкесі ардақ тұтқан қазақ қаламгерлері мен ол мүшесі болған Қазақстан Жазушылар одағын қолдан келгенінше құрметтеп, қолдап-қуаттап жүргені қуантады. Бұл сөзімізге Ел Президентінің Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге пәрмен беріп, қос бірдей темір тұлпар сыйлауы, қазақ ақын-жазушыларының кітаптарын шығаруға және тиісті қаламақы төленуіне назар аударып, қазақтың көрнекті жазушылары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дулат Исабеков, Әкім Тарази, Мұхтар Шахановтарға Қазақстанның Еңбек Ері атағын беруі дәлел бола алады. Мұндай ең жоғарғы марапатты Ғабит Мүсіреповтен кейін ешкім алмаған екен. Сонымен қатар Президент «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз» деуінің өзі – тектіліктің белгісі. Ата-ана мен халық қадірін білудің һәм құрметтеудің үлгісі.

     Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұзафар Әлімбаев өзінің түйдей құрдасы Кемел Тоқаев туралы айта келіп: «Өмірде ұзақ жылдар ізденіп жүріп, әдебиеттен өзін жаңылыспай тапқан, тек өзіне ғана тән оңтайлы өнерлігімен талай құнды кітаптар тудырған Кемел Тоқаевты туған халқы терең махаббатпен еске алады. Рухани ізгі екінші ғұмыр деген – әне сол» деген екен. Сол айтқандай, кемел де кемеңгер жазушының екінші һәм мәңгілік ғұмыры сол қайтыс болған күні-ақ басталғаны анық. Осы сөзіміздің айғағындай 1996 жылы Үштөбе қаласындағы №1 орта мектепке Кемел Тоқаевтың есімі берілді. Сонымен қатар осы оқу ордасында ардагер-жазушы атындағы мұражай мен кеңсе, гүлзар мен саябақ бар. Аталған мұражайға 1998 жылы Тоқаев отбасы майдангер жазушының өмірінен сыр шертетін отыздан астам жәдігерді тарту етіпті. Ол құнды жәдігерлердің ішінде жазушының алған орден-медалдары, пайдаланған жазу машинкасы, домбыра, Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі арнайы сыйға тартқан алтын сағат, тағы басқа тұрмыстық заттары бар. Сондай-ақ 2021 жылы Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада Кемел Тоқаев атындағы шығармашылық зал ашылды. Бірнеше жылдан бері қаламгер атындағы республикалық қоғамдық қор жұмыс істеп келеді. Алдағы уақытта жазушы туып-өскен, оқыған, еңбек еткен Талдықорған, Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы және Астана қалаларынан мектеп пен көше аттарын берсе, нұр үстіне нұр.  

     «Адам өлген күні өлмейді, ұмытылған күні өледі» дейді дана қазақ. Ендеше қалың елі – қазағы барда Кемел Тоқаев мәңгі жасары хақ.

Ермахан Шайхыұлы,

Мәдениет саласының және 

Ақпарат саласының үздігі