АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ӘУЕЖАЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
2023 ж. 19 қазан
6064
5
Былтыр 2022 жылы қыстағы он күн депутаттық ел аралауымыздың аяғы Ахаңның туған өлкесінде жалғасты. 28 ақпанда Қостанайда ұлт ұстазы, Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының ЮНЕСКО аясында тойланатын 150 жылдық мерейтойының ресми ашылу салтанатына қатыстық.
Сонда біз барғанда облыс орталығындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлы есімі берілу туралы парламентте жасаған ұсынысымыз облыстық мәслихат депутатары тарапынан өз қолдауын тауып жатыр екен.
“Әуежай әкімшілігі де өз келісімін берген. Бұл туралы облыстық мәслихат хатшысы, руханиятқа қамқор болып жүретін кәсіпкер Сайлаубек Ешанов та растады. Ал кеше 27 ақпанда облыстық мәслихат Қостанай қаласындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының атын беруді қолдап, бекітті. Енді республикалық ономастикалық комиссияның шешімі ғана қалды.
Құдай қаласа, Ахаңның тойына алыс-жақыннан ағылған қонақтарды Қостанайда ұшақтан түскен бетте әуежайда «Ахмет Байтұрсынұлы» деген айшықты жазумен Ахаңның өзі қарсы алып тұрса қандай ғанибет!”-деп жазып едік “ҚОСТАНАЙ ӘУЕЖАЙЫ АХАҢ АТЫНДА БОЛАДЫ”атты мақаламызда.
Қостанай әуежайы Ахаң тойына келгендерді Ахмет Байтұрсынұлы атымен қарсы алуға үлгермегенмен, оның сәті енді келді. Таяуда әуежайға айшықты етіп, “АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ әуежайы” деп атауы жазылды.
Бұл туралы Ахаң тойының басы-қасында болып, үлкен үлес қосқан қайраткер апайымыз Рашиля Мұрсалиева өзінің фейсбук парақшасында елден сүйінші сұрап жазды.
Қостанайдан хабарласқан Сайлаубек ағамыз да бұл жақсылықты қуана хабарлады: “Иә, әуежайға “АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ әуежайы” деп жазып қойдық. Ұшақтар ұшқанда, қонғанда Ахаңның әні айтылып тұрады. Бұған сенің қосқан үлесің де зор бауырым!”-деп, қуанышын бөлісті.
“АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ әуежайы” құтты болсын, ағайындар!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні