Зікірия Жандарбек: Дін – біреу, шариғат – көп

Зікірия Жандарбек: Дін – біреу, шариғат – көп

 -Зеке, ең алдымен дін деген не, шариғат деген не, осыны анықтап алайықшы. 

    -Дұрыс айтасыз! Дін деген сенім-наным болса, шариғат деген – жол. Құрандағы «Маида» сүресі Алла-Тағаланың әр ұлтқа өзіне ылайық шариғат, яғни, жол жасап жол бергенін көрсетіп тұр. Және Құран аяттарында әрбір халыққа жеке-жеке пайғамбар жіберілгендігі бір емес, бірнеше рет көрсетілген. Мысалы, «Ар-Рағыд» сүресінің 7-аятында: «...Шынында, сен ескертуші ғанасың. Барлық қауымдарға да ескертушілер жіберілген болатын» (Құран. Алматы, «Дәуір» баспасы, 2012 ж. 505-бет); «Әл-Муминун» сүресінің 44-аятында: «Сонан кейін елшілерімізді біз бірінен соң бірін үздіксіз жібердік. Жіберілген пайғамбарларды олар жалғанға шығара берді. Сондықтан оларды бірінен соң бірін жойып, кейінгілерге ғибрат еттік. Иман келтірмеген қауым Аллаһ-Тағаланың рахметінен аулақ болсын!» (Бұл да сол кітапта, 695-бет); «Фатыр» сүресінің 24-аятында: «Расында, біз сені сенушілерге қуанышты хабар жеткізуші, сенбейтіндерді сақтандырушы ретінде жібердік. Бұрын барлық қауымдарға да елшілер жіберілген еді» (Бұл да сонда, 879-бет); «Ол сондай Аллаһ-Тағала сауатсыздардың ішіне өздерінен оларға Аллаһ-Тағаланың аяттарын оқып, оларды тазартатын және оларға Кітап, даналық үйрететін бір пайғамбар жіберді. Негізінен олар бұрын ашық адасуда еді» (Бұ да сонда, 1111-бет).   

Міне, осы аяттарда көрсетілген басты мәселе – жер бетіндегі барлық халыққа пайғамбарлар жіберіліп, солар арқылы әр қоғамның өзіне ылайықты тәртібін-шариғатын, салт-дәстүрін Аллаһ-Тағаланың Өзі қалыптастырғандығын көруімізге болады. Жалпы, бұл мәселе «Әл-хужрат» сүресінің 13-ші аятында былай нақтыланған: «Ей, адамдар, расында біз сендерді бір ер (Адам) және бір әйелден (Хауадан) жараттық және де бір-бірлеріңмен танысуларың (дос, туысқан болуларың) үшін сендерді әр түрлі ұлттар мен ру-тайпалар етіп қойдық». 

Абу Ханифа осы аяттарды негізге ала отырып, дін мен шариғатты бөліп қарастырды. Абу Ханифаның құқықтық мәселелердегі ұстанымдарына талдау жасау үшін, оның «Ал-Алим уа-л Мутааллим» атты шығармасына кезек берелік. Бұл кітапта көтерілген мәселе өте күрделі және ислам дінін қабылдаған халықтар өздерінің рухани, мәдени болмысы мен өзіндік ерекшеліктерін сақтап қалу мүмкіндігі бар екендігін Құран аяттарына сүйене отырып, Құранда жазылған діннің бір, шариғаттың көп екендігін алға тарта отырып, әр халықтың өзінің әдет-ғұрып, салт-дәстүрінде қалу қажеттігіне мән береді. Абу Ханифаның бұл еңбегі мұсылман дініндегі халықтардың салт-дәстүрі мен мәдениетінің сақталып қалуына мүмкіндік берді. Кітап ұстаз бен шәкірт арасындағы сұрақ-жауап формасында жазылған.

Абу Ханифаның дін мен шариғатты бөліп қарастыруында үлкен мән бар еді. Өйткені, Тәңір Тағала адамзат баласына бір ғана дін берді. Ол – Ислам. Ол әр халықта әр түрлі аталуы мүмкін. Будда, христиан, иуда, т.б. Ол туралы Құран Кәрімдегі «Аш-Шура» сүресіндегі «13-аятта нақтылап көрсетілген: (Мұхаммед (с.ғ.с.)! Нұхқа (ғ.с.) нұсқау берген нәрселерді және саған уахи еткенімізді, Ибрахимге, Мұсаға, Исаға (ғ.с.) нұсқау берген нәрселерімізді сендерге діни жол еттік: дінді мықтап орындаңдар және онда бөлінбеңдер!» Демек, Жаратушы Құдірет әр халықтың өзіне ылайықты шариғатын бергенімен, халықтардың барлығына бір ғана дін беріпті. Ол дін – Ислам. Ол адамның жанына, рухына беріледі. Абу Ханифа осылай дін мен шариғатты бөліп қарастыру арқылы рухты, рух әлемімен сабақтастықты діннің ажырамас бөлшегі деп білді. 

 Дін – біреу, шариғат – көп. Себебі, пайғамбарлар көп. Әр пайғамбарды әр халыққа жіберген сайын, сол пайғамбарды жіберген халықтың өзінің табиғатына лайықты шариғат жібереді. Сондықтан шариғат Жаратушының әр халықтың өзіне арнайы жасап жіберген қағидалар жинағы болып табылады. Әр халықтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі осы шариғат негізінде қалыптасады. Сол себепті, барлық халықтың шариғаты, сол шариғат негізінде қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрі бірдей болуы мүмкін емес. Егерде арабтың салт-дәстүрін қабылдамаған мұсылман емес десе, онда ол уағыз Құран ұстанымдарына тікелей қайшы.

    -Бұл мәселе бойынша оқырмандарымыз түсінікті де толық мәлімет алды ғой деймін. Салмақты, салиқалы жауаптарыңыз үшін көп алғыс сізге! 

Сонда да болса, біздің «өтпелі кезеңіміз» өтіп-бітпейтін ұзақ мерзімге созылып кетті ғой. Діни бөлінушілік шындап келгенде тілде бөлінуден де әлдеқайда қауіпті де қатерлі екені белгілі. Өйткені, тіл санаға байланса, дін түпсанаға, сезімге байланады. Ал, түпсананың сананы билейтіні, ғашық адамның сүйгені үшін отқа да, суға да түсуге даяр тұратыны тәрізді діни сезімге берілгендер зомбиге, роботқа, тіпті, нағыз мәңгүртқа айналатынын тағы да күнде көріп жүрміз. Айдаладағы Сирияға барып, жап-жас отбасылардың өздерінің де, өзгелердің өмірін құрбан ететіндігі жан шошытпай қоймайды. Шариғатты түсіндік, ал, тарихат дегеніміз не?

-Тарихат дегеніміз адамның рухын Алламен байланыстыратын жол. Адам өз рухы арқылы Алламен байланыса алмаса, оны саналы адам ретінде өлік деп санауға болады. Осы жолдан, Яссауи жолынан таю бізді азғындыққа ұшырауға, Алтын Орда секілді алып мемлекет құрған халықты, сол мемлекеттен айрылып қалуымызға әкеліп соқты.

-Алтын Орда демекші, алдымен Берке ханның, кейін Өзбек ханның исламды мемлекеттік дін етіп жариялап, оған қылыштың жүзімен күштеп кіргізуі, кіргісі келмеген көп халықтың орыстың ортасына барып сіңіп кетуіне алып келген жоқ па? Бір сөзбен айтқанда сол саясаттың пайдасынан зияны көп болған секілді...

-Берке хан тұсында Алтын Ордада куравия тарихаты үстемдік құрды. Тарихат дегеннің өзі үш бөліктен тұрады. Алғашқы бөлігі – дін, ислам, оның негізгі бөліктері - Құран мен Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеттері. Екіншісі – әр ұлттың өзінің әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері. Үшіншісі – біздің сопылық таным негізінде қалыптасқан дәстүрлеріміз. Мысалы, адам қайтыс болды, біз оның жетісін, қырық күндік асын, жылдық асын береміз. Келін түскенде бетіне орамал жабамыз, ертесіне беташар өткіземіз. Кішкентай сәбиді қырқынан шығарамыз, оның жүре бастаған кезінде «тұсауын» кесеміз. Бұның бәрі – адамды рухани әлеммен сабақтастыруға бағытталған іс-шаралар.  

-Бұл жерде енді сол сопылық дегеннің өзі не деген заңды сұрақ туындайды...

- Сопылық дегеніміз – адамның рухын Рух әлемімен байланыстырушы рухани ілім жүйесі. Ол жалпы адамзатқа, оның ішінде исламға ортақ дүние. Бірақ, тарихатқа байланысты жоғарыда айтылғандай, әр ұлттың өзінің мәдени, табиғи, рухани, тарихи ерекшеліктерін ескере отырып іске асырылатын жол. Адамның жүрегі рухани әлеммен байланысқанда ол адамгершілік, обал, сауап, жақсылық, ізгілік, ұят деген секілді санаттарды айыра, ажырата алатын болады, соларды санасына сіңіреді, соларды өз өмірінің ұстанымына, қағидасына айналдырады. Ал, мынау, жүрегінде ондай ізгілікке орын қалмаған, аузында он жерден Алласы бола тұрып, небір сұмдықтарға барып жүргендерді, жүрегі обал, сауап дегенді білмейтіндерді адам деп айтуға келмейді. Олар адамнан айуан деңгейін түсіп кеткендер.

Сопылар алғашқы сопы деп, Мұхаммед пайғамбарды таниды. Сопылар өз рухтарын Пайғамбар рухымен байланыстыру арқылы Рух әлемімен сабақтасады. Сол себепті, сопылық танымда Мұхаммед пайғамбарды өлді деп есептемейді. Қазақ ақын-жырауларының «Дүниенің әуелі де Мұхаммед, ақыры да Мұхаммед» деп жырлауы осыған байланысты.

Тарихат – мұсылман дінін қабылдаған халықтардың Исламның негізгі бес парызын қабыл етіп, қалған діни жол-жоралғыны сопылық жол-рухани таным негізінде қалыптастыра отырып, қоғамдық қатынастарды реттеуді толығымен әр халықтың өзінің табиғи ерекшелігіне қарай қалыптасқан салт-дәстүріне беруі деп айтса болады. Қожа Ахмет Ясауи өзінің «Мират ал-Қулуб» атты еңбегінде «Шариғат сырт ағзалармен амал ету болса, тариқат – «қалб-жүрекпен», яғни көңілмен амал ету деген сөз, ал хақиқат дегеніңіз – сырмен (жүректің түбіндегі субстанция, көңіл) амал ету болып табылады, - дейді. 

-Жақсы, өте жақсы! Дін – біреу екен, бірақ, неге соның тармақтары сонша көп? Неге соның 73 тармағының біреуі ғана дұрыс деп айтылады? Дін жолында жүргендердің барлығы да «біз дұрыс жолда жүрміз» деп есептейді ғой? Кім өзін «мен теріс жолда жүрмін» деп айтады? Төрт мазхабтың қайсысы болсын өзінікін тура көреді. Ал, соның ішіндегі нағыз, бірден-бір дұрыс жолды қалай қателеспей, жаңылыспай табуға болады?

-Жаңылыстырмайтын жол, тағы да сол жоғарыда айтылған рухани жол деп білемін. Рухты мойындайтындардың ғана жолы дұрыс жол болып, рухты мойындамайтындардың бәрінің жолы қате болуы ықтимал. Себебі, рухты мойындағандар ғана адам санатында! Мысалы, Құранның барлық аятттары сенің жүрегіңе бағытталған дүние. Ол сенің жүрегіңе ізгілік құяды. Қалған денеңе бағытталған нәрсенің бәрін шариғат жолымен шешуге болады. Сенің адамдық болмысыңды қалыптастыратын нәрсе – ол сенің рухың! Дін сенің жүрегіңе беріледі. Сопылықты мойындамаса, дін ешқашан сенің жүрегіңе кіре алмайды.

-Сіз кәзір «біздің ұстанған жолымыз – ең дұрыс жол» деп отырсыз. Бәріміз де солай ойлаймыз. Бізге осылай асқақ сеніммен айтуға мүмкіндік беріп отырған не нәрсе, қандай күш?

-Ол күш – біздің дінді сопылық жол арқылы танығанымыз. Біздің дін мен шариғатты қатар қабылдағанымыз, екеуін қатар алып келе жатқанымыз. Сопылықты мойындамайтын болсаң, сенің жүрегіңде дін жоқ деген сөз. Ол кезде сен қатып қалған қасаң қағидалармен өмір сүресің. Ақылға ештеңе салмайсың, жаны бар адам емессің, темір робот секілдісің. Ал, адамның басқа біреуге жаны ашуы керек емес пе? Жақсылық, жамандық, сүйе білу, күйе білу, т.т., бұның бәрі адами болмыстан туады ғой. Алланы одан тек қорқып қана ғибадат жасауға болмайды, Алланы сүйіп ғибадат жасау керек! Алланы сүю керек! Біздің ұстанған діни жолымыз махаббатқа негізделген. Махаббат жоқ жерде дін де жоқ!

-Абай атамыз да «сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті!» деп бекер өсиет етіп кеткен жоқ дейсіз ғой?

-Ия, дәл соның өзі!

-Жақсы. Енді үшінші ұғымға – мағрифатқа келейік...

    -Мағрифат – мына жарық әлемді, дүниенің қыр-сырын толығымен тану деген сөз. Ешқандай құпияның қалмауы десе болады. Оған біз қалай жетеміз? Сопылық таным арқылы жетеміз. Яссауи бабамыз былай дейді: «Сопылық таным жеті қабаттан тұрады. Әрқайсысының арасында он мың перде бар. Оның үшінші, төртінші қабатына келген кезде жеті қат жердің астындағы мен жеті қат көктегіні тани алатын жағдайға жетесің».

    Бұдан екі жүз елу жылдай бұрын өмірден өткен атақты Мөңке бидің айтқан сөздерін алайық. Ол кісі бүгінгі күннің келбетін қолмен қойғандай етіп болжап кеткен жоқ па?

    -Иә, марқұм Герольд Бельгер ағамыз: «Көріпкел деп Мөңкені айт! Бәрі – нақ, бәрі – дәл! Европалықтар болса жобалап соға берген Нострадамусты сонша құрмет тұтады. Олар мақтаған Нострадамусы қазақтың Мөңке биінің қолына су құюға жарамайтынын қайдан білсін!» деуші еді...

    -Ал, Мөңке биге ол қасиет қайдан келді? Мөңкенің сопылықтың биік дәрежесіне көтеріле алғанының арқасында келді. Адамзаттың болашағын көріп отырды. Алланың дидарын көру – сопылардың арманы. Қашаған жырау да: «...Көрерсің Хақтың дидарын!» дейді. Жақсы болсаң, таза болсаң, білімді болсаң, сонда ғана көрерсің дейді.

    -Жақсы, Зеке, көп рахмет! Бүгінгі осы жетер. Амандық болса алдағы уақытта талай жолығармыз. Аман-сау болыңыз! 

Сұхбаттасқан Өмірзақ Ақжігіт

П.С.Бұл сөзге бір нәрсе қосу қиы болар. Оның үстіне Президент Қ-Ж.Тоқаев та: «Балалар мектепке білім алу үшін барады. Олар діни даңдауын есейіп, дүниетанымы қалыптасқан соң жасағаны дұрыс» деп кесіп айтты.