ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН ТІЛ ӘДІЛЕТТІЛІГІНЕН БАСТАЛУЫ КЕРЕК
2023 ж. 12 қазан
4660
18
Кез келген дамыған мемлекет үшін мемлекеттік тілдің маңызы ең басты орында тұрады. Ал Қазақ Елі секілді Тәуелсіз мемлекет болғалы 30 жылдық бір дәуірі Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдай алмай өткен ел үшін бұл жанды жара.
Сондықтан да бүгін
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақ тілі» қоғамының президенті, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлын қабылдауы елді елең еткізді.
Мемлекеттік тілі - қазақ тілін дамыту мәселесі әрқашан мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып қала беретінін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен, қазақ тілінің қолданыс аясын арттыруға бағытталған практикалық жұмыстарға басымдық беруді баса айтқанын қуана қолдаймыз. Өйткені тіл ең алдымен қолданыс аясындағы рөліне байланысты дамиды. Яғни қазақ тілінің қолданысы барлық салада күшті болуы керек.
Оның ішінде білім беру ісіндегі, технологиядағы және медиа саласындағы қазақша контент пен цифрлық өнімдерді әзірлеуге айрықша мән беру қажеттігіне өте дұрыс назар аударған.
Президент балаларға арналған анимациялық туындылар шығарудың, көпшілікке арналған кино өнімдері мен ғылыми-танымдық әдебиеттер қорын молайтудың, әлеуметтік желілерде ағартушылық бағыттағы арналар ашудың маңыздылығына назар аударуы заман талабы.
Анимациялы фильмдердің маңызына президент о бастан назар аударып келеді. 2019 жылы 6 қыркүйекте Ұлттық кеңестің бірінші отырысында біз мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау туралы мәселе көтергенде, бірнеше ұсынысымыздың бастысы осы әлемдік анимациялық жауһарларды қазақшаға аудару мәселесі еді. Президент бұл ұсынысты бірден қолдады. Ақпарат министрлігі жедел қолға алды. Нәтижесі де бірден көріне бастады. Ең жарқын нәтиже - қырғыз депутатының: “Балаларымыз “Балапанды” көріп, қазақша сөйлеп кетті”-деп парламентте мәселе көтеруі.
Былтыр парламентке келген Ақпарат министріне анимациялық жауһарлармен жұмыстың екінші кезеңі - аударылған фильмдердің бәрін ютубқа орналастыру мәселесін көтергенбіз.
Ал Президент тіл қолданысын арттырудағы қазақ тіліндегі кино өнімдерін көбейту туралы айтқанда, қазір кинотеатрларда аншлагпен жүріп жатқан “Оян, Қазақ” көркем фильмінің елді оятудағы ерекше жетістігін айтуға болады.
Мемлекет басшысы баса назар аударған ғаламдық цифрлық платформаларды қазақшалау, тіл үйренуге мүмкіндік беретін отандық ақпараттық жүйелерді көбейту қажеттігі қазір аса маңызды.
Біздегі үкіметтен бастап, барлық цифрлы бағдарламалар түгел қазақ тілінде сөйлеуі тиіс. Президент Ұлттық құрылтайда айтқан қазір шексіз жылдамдықпен дамып жатқан жасанды интеллектінің қазығы қазақ тілінде де қағылуы қажет.
Президенттің “білім беру жүйесіндегі қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдістемесі және құралдарын жетілдіру керек. Қазақ мектебінің түлегі қазақша еркін сөз саптап, сауатты да, көркем жазуды меңгеріп шығуы тиіс. Орыс тілді мектептің түлегі қазақша еркін сөйлесіп, ойын жеткізуге шамасы жетуі шарт” деген тапсырмасы ең маңызды мәселелердің бірі. Бұл қазіргі қазақ тілінің мектепте нәтижелі дәрежеде оқытылмай, ескі таптаурын әдістің іске алғысыз болғанының дәлелі. Бұл мәселені таяуда Оқу-ағарту министрлігінің парламенттегі есебінде көтерген едік. Иә, орыс мектебінде қазақ тілі 850 сағат екен. Ал тіл үйреніп, сөйлеп кету үшін 700-800 сөз білу жеткілікті екені ғылыми дәлелденген. Сонда біздің орыс мектебіндегілер бір сағатта бір сөз де үйренбей мектеп бітіріп келеді 30 жылдан бері. Бұған басқаларды айтпағанда, мемлекеттік тілді білмейтін министр, әкімдердің өзі де айқын айғақ!.. Сонда қаншама миллиардтар далаға кетуде.
Яғни, мемлекет басшысы айтқандай, мектепте қазақ тілі пәнін оқыту методикасын заман талабына сай жетілдіру керек.
Президент тапсырғандай, «Қазақ тілі» қоғамы мемлекеттік тілді ғылым мен техника тіліне айналдыру бағытындағы жұмыста алдыңғы қатарда болуы тиіс.
Иә, ең бастысы мемлекет басшысының мемлекеттік тілдің маңызына мән беріп, «Қазақ тілі» қоғамының президентіне нақты тапсырмалар беруі үміт шоғын үрлеуде.
Әрине, үй тұрғызу үшін алдымен оның іргетасын қалауымыз қажет. Онсыз қабырға қалап, шатыр қағып, терезе орната алмайсың. Ал тіл мәселесіндегі іргетас - Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау.
Мемлекеттік тіл туралы заңды талап етіп 2020 жылы «Қазақ үні» ұлттық порталында Халық жазушылары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қабдеш Жұмәділов, Дулат Исабеков, академиктер Өмірзақ Айтпаев, Мекемтас Мырзахметов, Төрегелді Шармановтар бастаған 130 мың адам қол қойған. Ал 2022 жылы «Ақ жолдың» парламенттегі Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау туралы депутаттық сауалы әлеуметтік желілерде жалғасып, еговтағы петицияда 500 мыңнан, яғни жарты миллионнан аса адам қолдаған.
2011 жылдан, әйгілі 138-дің хатынан бері Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап етіп келе жатқан, 2020 жылғы Президентке жазылған, 130 мың адам қол қойған Ашық хатқа бірінші болып қол қойған Әбдіжәміл Нұрпейісов былтыр 2022 жылы 100 жасқа таяп, 98 жасында өмірден өтсе де, Мемлекеттік тіл туралы заңды көре алмай армандап кетті…
Ал біздің үкімет Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдамақ түгілі, таяуда 2023-2029 жылға арналған Тіл саясаты туралы Тұжырымдамадан
«Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң әзірлеу қажет»-деген ең басты тұжырымды алып тастады.
Біздің үміт етіп отырғанымыз ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Қазақстан азаматтары Мемлекеттік тілді білуі міндетті!», «Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі – саясатымыздағы стратегиялық бағыт», «Ең бастысы - Қазақ тілі болуы керек!»,«Қазақ тілі - Ұлтаралық қатынас тілі болуы қажет»-деген нақты тұжырымдарының тезірек іске асуы.
Әділетті Қазақстан тіл әділеттілігін орнатудан басталуы керек!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні