Діни теріс ағымдар туралы депутаттың жанайқайын ел болып қолдауымыз керек - академик

Діни теріс ағымдар туралы депутаттың жанайқайын ел болып қолдауымыз керек - академик

«Қазақ үні» ақпарат агенттігінде жарияланған Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның «Діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салатын кез жетті» атты депутаттық сауалы қоғамда үлкен резонанс тудырды.    

Дерутаттың өткір сауалына еліміздің зиялы қауым өкілдері де үн қосып, қолдау көрсетуде.

Осыған орай, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, ҚР ҰҒА академигі Кәрімбек Құрманәлиевтің пікірін оқырман назарына ұсынамыз. 

ДЕПУТАТТЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ

   “Қанымызға сіңген қасиетті домбырамыздан бастап, шашу, тұсау кесу, беташар мен сәлем салу сияқты дәстүріміздің барлығын «харам» деп, олардан бас тартуға уағыздаудың арты – ұлттың тамырына балта шабудың қауіпті көрінісі болып табылады” деп дабыл қаққан жазбалар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде соңғы күндері жиі жариялануда. Азаматтық қоғамды дамытуға үлес қосып, халық пен билік арасында алтын көпір болар деген үмітпен Ұлттық құрылтай мүшесі етіп тағайындаған соң, бұл мәселе бойынша қоғамдағы пікірді сөз еткенді жөн көрдім.

 Мәжіліс депутаты, ұлттық руханиятқа тамырын терең жіберген, айтулы ақын Қазыбек Исаның исламдық сектаның іс-әрекеттері туралы депуаттық сауалындағы салмақты ойлар мені қатты ойландырды.

   Діни радикализмге заңмен қатаң тыйым салатын кез келгенін алға тартып, бұл жағдай бүгін ғана көтеріліп отырмағанын тілге тиек етіп, “Мен мұны 2011 жылы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті ұйымдастырған конференцияда «Радикалдық теріс ағымдарға қарсы заң қабылдауға сіздер ғана қарсы болдыңыздар! Арамшөптің тамырын жоймаса, тек бетін ғана шапқан болса, ол қайта қаулап шыға береді. Сіздер елді алдап келесіздер!» – деп айтқанын елдің есіне сала кетті.

Діни теріс ағымдағылар елді екіге бөліп, мылтықсыз-ақ мыңдаған жасты қазақтың қатарынан шығарып қана қоймай, елге қауіпті күштерге айналдырып жатқанын жасырмай айтқан депутаттың жанайқайын - ел болып, қоғам болып ойласатын мемлекеттік маңызы мол мәселе деп қарастырып, қолдағанымыз жөн.

 “Ұлттық мүддеміз бен дәстүрімізге, ел бірлігіне балта шауып, Мемлекетке тағы да қатер төндіріп жатқан Діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салу қажет!» деген халық қалаулысы Қазыбек Исаның пікіріне Мәжіліс депутаттары Ермұрат Бәпи, Аманжол Әлтаев сынды ұлтжанды әріптестері қолдау көрсетіп жатқаны көңіл қуантады.

   “Қоғамды арабтық-уахабтық діни ұстаным негізде бөлшектеуге бағытталған бұл әрекеттерге біздер – депутаттар жайбарақат қарап отыра алмаймыз! Біз мыңжылдық домбыраны харам қылуға жол бермейміз! Бұл әрекеттер елдің ұлттық құндылықтар жүйесі мен рухани негізіне жасалып жатқан шабуыл деп түсіну керек!” деген депутаттар сауалына үкімет үстірт қарамай, терең талдау жүргізіп, тиянақты, ғылымға негізделген нақты шешімдер қабылдағаны дұрыс деп есептейміз.

   Кеше ғана ұстаздардың 1-ші республикалық сьезінде Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев діни ұстанымға байланысты : “Мен қоғамда жиі талқыланатын тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс.

Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек. Жалпы, зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды. Халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз», - деп айтқанын қаперде ұстағанымыз абзал.

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, ҚР ҰҒА академигі