ҚЫТАЙ ӘЛЕМІНЕН ШЫҒЫС ӘЛЕМІНЕ
2023 ж. 02 қазан
2210
1
Биыл (2023 ж.) филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі қытайтанушы ғалым, ұлағатты ұстаз, ақын, аудармашы, патриот, қоғам қайраткері Дүкен Мәсімханұлының асқаралы алпыс жасқа толуына орай, оның көркем де ғылыми шығармаларын, аудармаларын, өлеңдерін жан-жақты зерделеген мақалалар едәуір жарияланды. Онда ғалымның тегі, отбасы, оқу және өмір жолдары, шығармашылығы, қол жеткізген жетістіктері, елге сіңірген еңбектері сала-сала бойынша біршама сараланып, жоғары бағалар берілді. Солай болуға да тиісті, өйткені айтылған бағалы сөздер – Дүкеннің шынайы еңбектеріне незізделген ғылыми сипаттамалар.
Жалпы, Дүкен Мәсімханұлы қалам тартқан салаларына көз жіберіп қарайтын болсақ, оның зерттеу көкжиегінің үздіксіз кеңейіп отырған динамикасын аңғарамыз. Ол қазіргі таңда адам баласы ғалым болып қалыптасудағы заңды басқыштарды басып өтіп, кемелдену кезеңіне жетіп отыр. Сондай-ақ оның білім аясы, зерттеу нысаны ол атқарған қызыметтеріне байланысты үздіксіз кеңейіп келеді.
Дүкен Мәсімханұлы өзінің отандық қытайтану ғылымын дамыту бағытындағы жұмыстарын төрт сала бойынша жүйелі жүргізіп келеді. Біріншісі, елге оралған отыз жылдан бері табан аудармай шәкірт тәрбиелеп, ұлағатты ұстаз ретінде қытай тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне қатысты сабақ беріп, ондаған оқулықтар мен оқу құралдырын жарыққа шығарды. Нәтижесінде шәкірттерінің көбі қазір еліміздің дипломатиялық корпустарында мәмілегер, шетелдерде елші, т.б. лауазымды қызметтер атқарып жүр. Екіншісі, ғылыми зерттеулері. Ежелден қатар жасап келе жатқан көршіміз ҚХР-дың әлемдік геосаясатта алатын орны ерекше. Сондықтан, бұл елдің ішкі-сыртқы саясаты мен экономикасын зерттеп отыру да іргесінде отырған көрші ел ретінде өте маңызды. Д.Мәсімханұлы осы бағытта Қытай елін терең зерттеп, зерделеп жүрген қытайтанушылардың бірі. Ғылыми зерттеулерінің нәтижесі ретінде қытайтану саласы бойынша бірнеше монографиясы, жүздеген зерттеу еңбектері жарық көрген. Үшіншісі, көркем аударма саласы. Д.Мәсімханұлының қытай әдебиетінен көркем ударма жасаудағы басты мақсаты – хань ұлтының менталитетін, мінезін, мәдениеті мен дүниетанымындағы бізге қажетті әрі тың ақпаратты қытайлардың өздерінің аузымен айтқызу, әдебиетімен жеткізу деп тұжырымдауға болады. Әрі ол мақсатына жетті деп айтуға да толық негіз бар. Ол Қытайдың классик жазушылары Лу Шүннің («Повесть және әңгімелер»), Ба Цзиннің («Әулет», роман), Мао Дуннің («Түн», роман) көлемді шығармаларымен қоса, әр жылдары Коңфуцзы, Ли Бай, Ду Фу, Ба Цзинь, Лао Шэ, Ай Циң, Юй Гуанчжуң, Ваң Мэн, Мо Янь, Те Ниң... секілді қытайдың көрнекті қаламгерлерінің шығармаларын тәржімалап, қазақ оқырмандарына ұсынып келеді. Бұл өте үлкен қажыр мен қайратты ғана емес, қомақты уақытты да талап ететін еңбек. Төртіншіден, қытайтану бағыты бойынша ғылыми-зерттеу, білім беру істерін ұйымдастыру және басқару саласы. Д.Мәсімханұлы отыз жылдан аса уақыт Қазақстанның беделді жоғары оқу орындарында шығыстану және қытай тілі кафедраларын басқарып, болашақ мамандарды дайындау ісіне де үлкен үлес қосып келеді. Ал, 2020 жылдан бері Қазақстанның шығыстану саласындағы ірі ғылыми-зерттеу орталығы болып табылатын Р.Сүлейменов атындағы шығыстану институтын абыроймен табысты басқарып отыр.
Құдай қосқан көршіміз қытайлармен бейбіт өмір сүру үшін оларды жақсы білуіміз қажет. Д.Мәсімханұлының Қытай елімен қарым-қатынаста берік ұстанатын өзінің ғылыми концепциясы бар. Ол туралы ғалым өзінің ғылыми еңбектері мен сұхбаттарында жиі жазып та, айтып та жүр. Еліміздің Тәуелсіздігі мәңгі баянды болуы үшін бізге ҚХР-мен қарым-қатынаста сергек, өте ұтымды саясат ұстануға тура келеді. Яғни Қытай елімен қарым-қатынаста біздің еліміз достық, сенімді әріптестік, тату-көршілік байланыстар негізінде бейбіт, қатар тұру принциптеріне табанды болға тиісті. Ол үшін қытайдың тілін, тарихын, психологиясын, мәдениетін, әдебиетін, ішкі-сыртқы саясатын зерттеу жұмыстарын жүйелі жүргізіп отыру керек. Бұл бір. Екіншіден, «ойбай, мына елдің адамы, анау елдің әскері мықты...» деген сияқты утопиялық көзқарас емес, нақтылы ғылыми тұжырымдарға, халықаралық нормаларға иек сүйеу керектігі екібастан белгілі дейді ғалым. Қысқасы, Д.Мәсімханұлы өзінің сараптамалық еңбектерінде болсын, БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарында болсын, қытайдың елімізге құйып жатқан инвестициясын тиімді пайдалану үшін, еліміздің билік бұтақтарындағы басшылар таза, ашық, әділ жұмыс істеуі, құқық қорғау саласы заң-нормаларын қатаң сақтауы, ел тұрғындары отаншылдық рух туын жаппай биік ұстауы керек, сонда ғана Қытайдан келетін аса үлкен қауіп бола қоймайтынын ылғи да алға тартып отырады.
Д.Мәсімханұлы алғаш жоғары оқу орынанда алған базалық білімі бойынша филолог маман ретінде 1987-1993 жылдары ҚХР-дың Үрімші қаласындағы Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясының әдебиет институтында ғылыми қызметкер ретінде қазақ және қытай әдебиеттерін зерттеумен айналысты. 1993 жылы ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің арнайы шақыруымен елге келіп, аталмыш университеттің Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс елдері кафедрасында қытай тілі мамандығының оқытушысы және кафедра меңгерушісі (1999-2002) қызметтерін атқарды. 2002 жылы Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне қызымет ауыстырып, 2003-2019 жылдары аталған оқу орнының шығыстану және қытай филологиясы кафедраларының меңгерушісі қызметін атқарды.
Осы бір мезгілді, яғни 1987 жылдан 2018 жылға дейінгі 20 жылды – Дукен Мәсімханұлының ғылыми, педагогикалық және ұйымдастыру қызметінің бірінші кезеңі деп қарауға болады. Әрине, бұл кезеңді екі этапқа бөлуге де болады, 1987-1993 жылдары Қытайдағы ғылыми қызметі және 1993 жылы Отанға оралғаннан 2018 жылға дейінгі қызметі деген екі кезеңге жіктеп, жеке-жеке қарастыруға да келеді. Осы жиырма жылдың алғашқы бес жылында Д.Мәсімханұлы Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар академиясында ғылыми-зерттеуші маман ретінде қалыптасты. Сондықтан ол толыққанды маман ретінде атамекенге оралды. Ал Отандағы бостандық пен ғылыми орта оның талантын аша түсті, ой-санасын өсірді, қаламын ұштады, шығармасын молайтты, ұлағаты ұстаз әрі ғибаратты ғалым ретінде танылуға мүмкіндік жасады. Бұл сөзімізді ол жариялаған мына еңбектерімен дәлелдейміз:
«Жыр Жебе» (Монография. – Алматы, 2000), «Сарап» (ғылыми мақалалар жинағы. – Астана, 2001), «Қытай филологиясына кіріспе» (Оқу құралы. – Астана, 2004), «Сөз – желкен» (Монография – Алматы, 2005), «Лу Шүн әлемі» (Көмекші оқу құралы. – Астана, 2007), «Мұхтар Әуезов және Лу Шүн» (Монография. –Алматы, 2014.), «Қазақ және қытай әдебиеттері: ұлттық дәстүр мен жаңашылдық» (Монография, 2010), «Лу Шүнтану дәрістері» (Оқу құралы. – Астана 2011), «Еуразиялық өркениет: Ежелгі түркі және қытай елінің рухани қарым-қатынасы» (Ғылыми зерттеулер. – Астана, 2012), «Қытай туралы қырық сөз» (Ғылыми-танымдық мақалалар. – Астана 2014), «Қытай әдебиетінен таңдамалы үлгілер (бес томдық. Астана, 2017), «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» (А.Әбиденқызымен. – Алматы, 2017) сияқты жалпы 20 кітап пен жүрздеген ғылыми-танымдық мақалалары оқырманға жол тартқан.
Бұл еңбектердің қамтыған мазмұны Дүкен Мәсімханұлының қытайтанушы-синолог ғалым ретінде қытай тілі, әдебиеті және мәдениетін, қытай мәдениеті мен түркі мәдениеті ықпалдастығын, қытай және қазақтың ең көрнекті классикалық жазушыларының шығармаларын салыстырып зерттегенін, жаңашылдығы мол сүбелі дүниелер екенін көрсетеді.
2018 жылы Дүкен Мәсімханұлы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қытайтану институтының директоры қызыметіне тағайындалды. Бұл қызмет оны саясаттанушы, халықаралық қатынастартанушы ғалым ретінде қытайтану ғылымына терең бойлауын талап етті. Сонымен ол тіпті де кең масштабта қытайды зерттеуге ден қойды. Сөйтіп ол синологиядан (sinology) қитайоведениеге (China Studies) ойысты.
Д.Мәсімханұлы елімізде қытайтану ғылымының жаңадан қалыптасып келе жатқан жағдайын ескеріп, аталмыш ғылым жөнінде ағартушылық сипаттағы сұхбаттар мен мақаларды көбірек жариялауға көңіл бөлді. Ол қытайтану ғылымын «қытайдың тілі мен әдебиетін, мәдениеті мен өнерін, діні мен философиясын, географиясы мен демографиясын, салт-дәстүрі мен саяси-әлеуметтік мәселелерін зерттейтін, сонымен бірге ҚХР-ның ішкі-сыртқы саясатына, экономикалық-әлеуметтік салаларына қатысты барлық мәселелерді ғылыми, жан-жақты қарастыратын пәндер жүйесі» деп түсіндіреді. Сондай-ақ бұл ғылым алғаш Батыс елдерінде синология ретінде қалыптасуы мен даму үдерісін баяндап, қазіргі таңда Қазақстан үшін қытайтану ғылымының өзектілігі, мақсаты мен міндеттерін анықтап көрсетеді. «Қытай – адамзаттың ежелгі мәдениет ошағының бірі. Сондықтан адамзаттың бағзылық мәдениетіне, этнографиясына, тыныс-тіршілігіне ден қойып, оны ғылыми зерделеу үшін де қытайтану ғылымының жетістіктеріне иек артуға тура келеді. Сондай-ақ бұл ел – біздің ежелден бергі іргелес жатқан көршіміз. Соған байланысты ежелгі тарихымызға қатысты ең байырғы, біршама жүйелі де мол, әрі біршама құнды деректер Қытай мұрағаттарында сақталған. Сол деректерді алу үшін де, екшеу үшін де қытайтану ғылымын тереңдетудің маңызы ерекше. Сонымен бірге бүгінгі Қытай, ол – әлемдегі екінші экономикаға айналып, жаһандық геосаясатта көш бастап тұрған ел. Тағы бір жағынан, әлемдік қауымдастықта өз орны бар, Азия құрлығындағы алып держава. Жер бетіндегі тірі адамның 4/1-не жуығы осы елдің тұрғыны. Оның үстіне арамызды 1750 шақырымдық ортақ шекара бөліп тұр. Әрі ол елде екі миллионға жуық қандасымыз өмір сүреді. Міне, осы айтылғанның бәрі біздің еліміздегі қытайтану ғылымына күрделі міндеттер жүктейтіні айтпаса да түсінікті», – дейді ғалым.
Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастарда халық көп назар аударып отырған, тіпті алаңдап отырған мәселелерді де ғылыми тұрғыдан түсіндіреді. Солардың бірі – еліміздің Қытайдан тартқан инвестициясы мен алған несиесінің көлемі мәселесі. Бұл туралы ол: «Қытай - жалпы әлемдегі ең ірі инвесторларының бірі, Қазақстандағы Қытай инвестициясы жайлы зерттеу нәтижелері мынадай: 2005-2017 жылдар аралығында Қазақстанға шетелдерден 330 миллиард доллары инвестиция ретінде келген. 12 жылда энегетика саласына қытайлықтар 22,78 миллиард доллар, химия өнеркәсібіне 3,68 миллиард доллар, металлды өндіру мен өңдеуге – 2,33 миллиард доллар, құрылысқа 350 миллион доллары, көлік саласына – 150 миллион доллаы, қаржы секторына 110 миллион доллар инвестиция салды.
AidData-ның есептеуінше, Қазақстанның Қытайға «жасырын» қарызы ішкі жалпы өнімнің 16 пайызына жеткен. Қазақстанның Қытайға ресми қарызы ішкі жалпы өнімнің 2 пайызына ғана тең деген дерек келтіреді. Қазақстан ұлттық банкінің дерегінше, 2021 жылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша, Қазақстанның Қытайға жалпы қарызы 9,7 миллиард АҚШ долларына тең, оның 1,3 миллиард долларына ғана мемлекет кепілдік берген. Осы деректерге сенсек, еліміздің Қытайға ресми қарызы 10-15 миллиард АҚШ доллары шамасында қарыз. Бір қуанарлық жағдай, билікке Қасым-Жомарт Тоқаев келгелі бері Қытайдан қаржылай қарыз алуға белсенділік танытып отырған жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі де қытайтанушы-ғалым болғандықтан, ендігі жерде бұл елмен қарым-қатынаста бұрынғыдай бей-берекет қадамдар жасалмайды деп толық сеніммен айтуға болады».
ҚХР-дың Тайваньмен қатынасы – ҚХР-АҚШ қатынасы және ҚХР мен Азия-Тынық мұхит аймағы қатынасына саятын күрделі мәселе. Бұл жөнінде Д. Мәсімханұлы өзінің көзқарасын ашық білдіреді.
«2013 жылы Си-дің билікке келуімен ресми Пекиннің Оңтүстік Қытай теңізіне, әсіресе, Тайваньға бағытталған әскери әрекеттерін күшейтуі – Тайвань билігінің Пекиннен қауіптенуіне түрткі болды. Сондай-ақ Қытайдың экономикалық өрлеуі және оның аймақтық, әлемдік ықпалының күшеюі, соңғы жылдардағы АҚШ-ҚХР арасындағы қайшылықтың ушығуы, әсіресе, Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы ықпалды орынға таласуы жағдайды күрделендіріп жіберді.
Ал ресми Пекин Тайваньмен бірігу – елдің ең маңызды геосаяси және геостратегиялық мақсаты екендігін тынбай қайталаумен келеді. Өйткені олар соңғы жылдары «Қытай арманы» ұраны мен «Белдеу және жол» жобасы бойынша белсенді сыртқы саясат жүргізуге өтті. Сондай-ақ Тайваньға саяси және әскери қысымын күшейтіп, Тайбэйды «бейбіт бірігу» талабын қабылдауға қысым жасауда. Бірақ бүгінгі жағдайдан қарағанда Тайваньның Қытайға «бейбіт жолмен қосылуының» ауылы алыс екені байқалады. Біздің ойымызша, ҚКП ҚХР билігінен кетіп, ресми Пекин шын мағынасындағы демократиялық жолға түскеннен кейін ғана, «қосылу» деген мәселелер күн тәртібіне шығуы ықтимал» – деген батыл болжам жасайды.
ҚКП-ның соңғы жылдары Шыңжаңда жүргізіп отырған саясаты жөнінде ресми тұлғалар ашық пікір білдіруден жалтарады. Ал Д.Мәсімханұлы өз көзқарасын айтудан тартынбайды. Ол бір жолы журналист қойған: «Қытайдағы мұсылман халықтар қазіргі таңда Қытай билігі тарапынан қысым көріп отырғанын білеміз. Жалпы осы мәселені шешудің жолдары бар ма?», – деген сұрағана: «соңғы 4-5 жылдың беделінде Қытай билігінің «үш түрлі күшпен күрес» (сепаратизм, діни экстремизм, терроризм) деген ұранмен Шынжаңдағы мұсылмандар мен түркі халықтарына жүргізген саясатының «геноцид» деңгейіне жеткенін әлем елдері жаппай айыптады. Ондағы қазақтардың біздің қандас бауырларымыз екенін, «ойда сиырдың мүйізін ұрсаң, тауда бұғының мүйізі сырқырайтынын» олар білсе керек-ті. Қазақ-Қытай елдері тату көрші, сенімді әріптес-дос елдер екенін ресми Пекин білмей қалды дегенге кім сенеді?!» – деген жауабының мәні тереңде.
Қазақстанда «қытай үрейі» сейілген емес. Бұл мәселеге келетін болсақ, – дейді Д.Мәсімханұлы «оны бір ауыз сөзбен жеткізу қиын. Себебі, бұл құбылыстың әлем елдерінде де, біздің елде де пайда болып, қалыптасуының өзіндік тарихи себеп-салдары бар. «Қытай үрейі» деген ғылымда «синофобия» деп аталады.
Біз «қытайдың жан саны көп екен, тотемдері аждаһа екен» деп басқа бір жаққа көшіп кете алмаймыз. Енді қайтпек керек, Жапония, Корея, Үндістан секілді елдердің тәжірибесінен үйреніп, заңдарымызды кемелдендіріп, азаматтарымыздың отаншылдық сана-сезімін көтеріп, Қытай елімен бейбіт-қатар тұрып, тату көрші болып өмір сүру жолын қалыптастырумыз керек. Сондай-ақ «қытай үрейінен» арылудың ең бір төте соқпағы Қытайды мемлекет ретінде де, ұлт ретінде де жан-жақты зерттеуіміз, бес саусағымыздай білуіміз қажет» – деп санайды. Дұрыс-ақ! Көршілерімізді ғылыми түрде тани білгенде ғана олардың пайдасы мен залалын бағамдай аламыз, залалынан сақтанып, пайдасына ортақтасамыз. Сонда ғана халықтар арасында нағыз түсіністік, өзара құрмет пайда болады, үрей бұлты өздігінен сейіледі.
Дүкен Мәсімханұлы «Қытайдан бізге келер қауіп бар ма?» деген сұраққа, «менің жауабым: Күрес, ол – өмір заңы! Тәуелсіздікке жету жолындағы күрестен гөрі, тәуелсіздікті ұстап тұру мың есе, миллион есе қиын. Біз Қытаймен қарым-қатынасымызды заңмен жүргізсек, онда бұл елден келер қауіп жоқ, керісінше, бізге пайдалы. Өйткені Қытай біздің іргемізде тұрған алып базар» деген уәж айтады. Өйткені адамзат қоғамында экономикалық мүдделік қашан да елмен елді, халықпен халықты байланыстыратын басты фактор.
Дүкен Мәсімханұлы «Қытайды ұлт ретінде де, мемлекет ретінде де жан-жақты зерттеу керек» деп санайды. Бұл өте дұрыс ұстаным. Өйткені қытайды ұлт ретінде олардың қоғамдық тарихи даму үдерісін, рухани иірімін, филосифиялық дүниетанымын, дәстүрлі трактаттарын, ұлттық менталитін, ойлау формасы мен құндылық талғамдарын білмейінше, қазіргі қытайдың мелекеттік құрылым жүйесін, билік жүргізіу механизмін, тіпті ішкі-сыртқы саясатын, дипломатиялық стратегиясын жете түсіне алмайсыз. Міне осы тұрғыдан айтқан Д.Мәсімханұлының «Қазір де біздің Қытайды білеміз деуіміз тым үстірт» деген пікірі, ащы да болса шындық. Ол бұлай болуының тарихи саяси себептерін де түсіндіреді. «Қазақ топырағындағы «қытайтану» деп аталатын ғылымның алғашқы мұзжарғышы» – дейді Дүкен, «ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов десек қателеспейміз. Оның сонау 1856 жылғы Қытай сапарынан жазған «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы» деп аталатын саяхат күнделігі қазақ топырағындағы қытайтану ғылымының алғашқы ғылыми үлгісі деп айтуымызға әбден болады. Алайда уақыт көші жылжып ХХ ғасырға келгенде Қазақ даласы еуразиялық алып империяның құрамына еніп кетті де, қытайтану былай тұрсын, қазақ халқының өзі жоғалып кетуге шақ қалды.
Кеңестік қызыл империя қазақ халқы үшін қасірет ошағындай болғанымен, ғылым, білім, әдебиет пен мәдениет саласында әлемдік өркениет көшіне қосылуымыз осы кезең еншісінде. Аталмыш «қытайтану» ғылымы бойынша қазақ баласының мамандық ала бастауы да сол КСРО дәуірінде болды. Атап айтқанда, тарих ғылымының докторлары, профессорлар К.Ш.Хафизова, Н.Ә.Алдабек, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қ.К.Тоқаев, М.М.Әуезов сынды азаматтар сол кеңестік қытайтану мектебінің түлектері», екенін атап көрсетіп, Қазақстанда «қытайтану» ғылымының іргетасы тәуелсіздік қарсаңында қаланып, тәуелсіздік кезеңінде дамып келе жатқанын, қазақстандық мектептен шыққан қытайтанушы жас мамандардың жеміс бере бастағанын айта келіп, аталмыш ғылымды дамыту үшін мемлекеттік қолдаудың ауадай қажет екенін де ескертеді.
Д.Мәсімханұлының жоғарыдағы пайымдарынан оның ғалымдық қаситтерді бойына сіңірген, Қытайды жақсы білетін ғалым екенін анық байқаймыз. Сондықтан болар, ҚР БҒМ Ғылым комитеті 2020 жылы оны Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтынның бас диекторы қызметіне тағайындады. Бұл қызмет оның жалпы шығыстану ғылымына ішкерлей енуіне мұрындық болды. Сонымен ол қытай айдынан шығыс айдына қарай ескек тартты.
Дүкен Мәсімханұлы шығыстанудың іргелі ілімінен қазіргі трансформациясына ден қойды. «Шығыстану ғылымы» – дейді ғалым, «түптеп келгенде, Шығыс елдерін зерттеудің негізінде пайда болған ғылым. Бірақ оның артқы көрінісінде әртүрлі себептер мен мақсат-мүдделердің жатқандығы, яғни аталған ғылымның өмірге келуіне тарихи саяси, экономикалық мақсаттар мен мүдделердің мұрындық болғаны да, болып отырғаны да жасырын емес. Бұлай деуіміздің себебі, шығыстану, о баста батыстан басталды, ең алғаш батыстың шығысты отарлау саясатының аясында пайда болды. Батыстың шығысқа «экспедициялары» әртүрлі формада, әртүрлі пиғылда жүрді. Алғашқы кезде саяхатшылар, саудагерлер, діни миссионерлер жол тартты. ХVIII–XIX ғасырда Шығыс елдері саяси-әскери тұрғыдан ғана емес, ғылыми һәм мәдени тұрғыдан отарланды.
Батыста қалыптасқан ғылыми-зерттеу орталықтары шығысқа қарай біртіндеп ауысты. Ежелгі шығыс мәдениетін негіз етіп зерттеуден бүгінгі күні Шығыс елдерінің барлық тірлігін (саяси, экономика, тіл, дін, тарих, әдебиет, мәдениет, әскери әлеует, ішкі-сыртқы саясат т.б.) зерттеуге бет алды.
Шығыс елдері де өз мүддесі тұрғысынан шығыстану ғылымын пайдална бастады. Соның ішінде, біздің елімізде де, әсіресе тәуелсіздіктен кейін, қазақстандық мүдде тұрғысынан шығыстағы елдерді стратегиялық тұрғыдан зерттеуге ден қойып келеді. Сөйтіп, отандық шығыстану ғылымының маңызы арта түсті», - деп сипаттайды. Бұдан оның кәсібіи маман ретінде дәстүрлі шығыстану ғылымының қазіргі таңда заманауи шығыстануға немесе қолданбалы зерттеуге ойысып бара жатқан ағынын дұрыс байқап отырғанын анық аңғарамыз.
Қазақстандағы шығыстану ғалымын Д.Мәсімханұлы тарихи тұрғыдан салыстырмалы түрде бағамдайды. ХІХ ғасырда алғаш Шоқан Уәлиханов шығыстанумен арнайы айналасты. Бірақ оның ісі жалғаспады, өйткені қазақ халқының өз еркі өзінде болмады. Ал «шығыстану» дейтін ғылыммен пән ретінде қазақ халқы КСРО тұсында танысты. Бірақ кәсіби түрде айналысып кете алған жоқ. Тек тәуелсіздік қарсаңында ғана шығыстану ғылымының қажеттілігін ескерген мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков пен ҚР ҰҒА академигі, көрнекті шығыстанушы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің ұйымдастыруымен 1989 жылы С.М. Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы) ҚазМУ-дың жанынан Шығыстану факультеті ашылып, шығыстанушы мамандар дайындау ісінің басталғанын пайымдайды.
Ал тәуелсіздік кезеңіндегі еліміздің халықаралық қатынастар саласына кәсіби мамандардың көптеп қажет болуы, әсіресе шығыстанушы мамандарға деген сұраныстың артуы – елімізде ғылыми-зерттеу институтын құрудың қажеттілігін арттырды. Сонымен 1996 жылы қарашада Қазақстан Республикасы Үкіметінің жарлығымен Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты құрылды. Бұл институт еліміздегі Шығыс елдерін зерттеумен айналысатын бірден бір іргелі ғылыми орталық болып саналады.
Д.Мәсімханұлы аталған институтының директоры қызметін атқарған бесінші адам. Ол өзіне дейін институттың дамуына аға буын директорлардың сіңірген еңбектерін, қосқан үлестерін жоғары бағалайды. «1998-2013 жылдар аралығында Шығыстану институтының директоры болған профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, әйгілі шығыстанушы-ғалым Меруерт Әбусейітова ханымның басшылығымен атқарылған көптеген игі істер қоғамдық қажеттіліктің үдесінен толықтай шықты. Қытай, Араб, Моңғол, Түркия, Ресей, Иран елдері мұрағаттарындағы қазақ тарихына қатысты жүздеген том деректер жүйеленіп, аударылып, ғылыми айналымға түсті. Одан кейінде «Рухани жаңғыру», «Архив-2025» стратегиялық бағдарламалардың аясында академик Әбсаттар қажы Дербісәлінің басшылығымен де қыруар жұмыстар атқарылды», - деп санайды. Бұл ғылыми тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да құптауға тұратын дағды. Өйткені ғылым қордалану арқылы дамиды, бұл – заңдылық. Заңдылықпен жұмыс жасау – кемелдікті көрсетеді.
Дүкен Мәсімханұлы аталмыш институтты жеткен биігінен бір саты жоғарлату үшін, бүкіл ақыл-парасатын, күш-жігерін сарқа жұмсап келе жатқанын байқаймыз. Шығысты зерттеуде қандай бағыт-бағдарды негізге аламыз? деген мәселеде, ол заман талабы мен Қазақстанның қажеттілігін назарға алады. «Шығыс елдерінің тарихын, мәдениетін, қазіргі экономикалық-әлеуметтік жағдайын, ұлттық менталитетін, ішкі-сыртқы саясатын зерттеп, соған сай дипломатиялық қарым-қатынас орнату – замана талабы» деп санайды да, «Бір ауыз сөзбен айтқанда, Қазақстан билігінің Шығыс елдерімен екі арада болатын дипломатиялық қарым-қатынасына ғылыми негіз әзірлеп, пайдалы ұсыныстар беру – шығыстану ғылымының басты мақсаты мен міндеті саналады» – дейді. Осыдай ұстаныммен ол Шығыс елдерін зерттеудің стратегиялық сипатын баса назар аударады. «Араб әлемімен қарым-қатынаста татулықты, достықты сақтай отырып, қауіпсіздікке сызат келтіретін шетін мәселелерге аса сақ болуымыз керек» екенін баса дәріптейді.
Д.Мәсімханұлы «Орта Азия елдерін, жалпы бүгінгі түркі әлемін, яғни Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Әзербайжан, Түркия сынды елдерді де зерттеп, білу – Шығыстану институтының басым бағыттарының бірі» – деп анықтайды. Алайда аймақтық сипат алатын бұл мәселеде Шығыс Оңтүстік Азия елдерінен үйренетін де, сабақ алатын тұстарын да атап көрсетеді. «Олар экономикалық дамудың даңғыл жолын тапқан, ғылым-техникалық әлеуеті күн сайын өсіп келе жатқан елдер. Бұл біз үйренетін, тәжірибе алатын тұсы. Екінші жағынан, ол елдердің қытайлану процесі күн санап ауырлап, елдегі саяси-әлеуметтік жағдайлар қиындап барады. Бұл жағы да бізге көбірек сабақ болуға тиіс» – деп санайды. Сонымен бірге «Алдағы уақытта Шығыстану институты Орталық Азия және Шығыс елдерінің тарихы, діні және мәдениетіне қатысты шығыстық және батыстық жазбаша, ауызша материалдарды, артефактілерді айқындау, зерттеу әрі ғылыми айналымға енгізу; Қазақстанның Шығыс елдерімен ынтымақтастығының қазіргі жағдайы және даму келешегін зерттеу» екенін атап өтеді.
Д.Мәсімханұлы басқарып отырған Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының зерттеу бағытының дәстүрлі шығыстану сипатын сақтай отырып, қазіргі заманғы шығыстанудың нысандарын зерттеуге бет алып бара жатқанын байқаймыз, және оны құптаймыз. Өйткені біз сияқты дамушы мемлекеттер үшін айтқанда қолданбалы ғылымды көбірек зерттеген пайдалы. Әрине, қолданбалы ғылым базалық ғылымның дамуы негізінде өркендейді. Дейтұрғанмен елімізге ең қажет болып тұрған, аса өзекті болып отырған проблемаларды шешуге арналған қолданбалы тақырыптарды зерттеген өте маңызды.
Д.Мәсімханұлы қандай да бір мәселеге талдау жасағанда оның мемлекетіміз үшін, ұлтымыз үшін стратегиялық маңызына баса назар аударады. Сондай-ақ, ел тәуелсіздігін нығайтуды бірінші орынға қояды, ұзақты көздейді. Сондықтан ол еліміздің ұрпақ тәрбиесі мен маман дайындау ісіне де ұзақ болашақтан, стретегиялық биіктіктен зерделейді. «Білім мен тәрбие – адам үшін құстың қос қанаты секілді» дейді ғалым. «Әл-Фараби бабамыз: «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзді тектен-текке айтпаған»; «Жас ұрпаққа тәрбиені дұрыс берсек, ол ертең елінің адал перзенті, патриоты болып ержетеді. Елім дейтін ер мінезі, адал жүрегі бар ұрпақ ұлтына, еліне, жеріне адал қызмет етпей қоймайды», - дей келіп, қазіргі таңда «маған Еуропаға кету керек» дейтін талантты жастардың көбейіп бара жатқанына алаңдайды. Оның себеп-салдарына да талдау жасайды. Жастарымыздың өз елінде дарынын ашуға, жасапмпаздылығын көрсетуге жүйелі механизм жасауды дәріптейді. Ол: «Қару-жарақ, компьютер керек болса, өзге елден сатып алуға болады, сатып алып та жатырмыз. Ал шынайы, толыққанды қазақ тарихын қайдан сатып аламыз?! Қазақ тілінің жетістігін кімнен сатып аламыз?! тіпті Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қатысты ғылыми концепцияны қайдан сатып аламыз?! Мемлекет тағдыры мен ұлттық қауіпсіздікке қатысты ғылым тек өз елімізде ғана жасалады. Онымен тек отандық ғылымдар ғана айналысады» дей келіп, гуманитарлық ғылымдарды дамытуға мемлеттің жеткілікті көңіл бөлуін сұрайды. «Ешбір елде, ешқандай ғылым мемлекеттің қолдауынсыз өркендемейтін» аксиоманы алға тартады. Сонымен бірге елімізде қолданылып отырған ғылыми-зерттеу тақырыптарын гранттық жүйемен қаржыландыруда сақталып отырған олқылықтарды да ашып көрсетіп, оларды реттеу жөнінде өз ойларын да ұсынады. Міне, бұлардан Мәсімханұлы Дүкеннің бойынан нағыз ғалымда болатын асыл қасиеттерді аңғарамыз. Нағыз ғалым ізгі ниетті сыншыл болу керек дейді екен данышпандар. Д.Мәсімханұлы бұл қасиеттен де кенде емес екенін көрсетіп келеді.
Дүкен Мәсімханұлының ғылыми қызмет жолынан оның маман ретінде, ғалым ретінде жетіліу үдерісін, өрлеу кезеңдерін анық аңғарамыз. Ол алғаш тіл және әдебиет немесе филолог маманнан синолог ғалым болып танылды, одан қытайтанушы ғалым ретінде аты шықты, қытайтанушыдан шығыстанушы ғалым әрі ұйымдастырушы тұлғаға айналған дара жолы сайрап жатыр. Демек, ол қытай әлемінен шығыс әлеміне самғаған саңлақ ғалым деп бағалауға тұратын азамат.
Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ
тарих ылымдарының докторы, профессор,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
жанындағы «Қазіргі заманғы Қытайды
зерттеу орталығының» директоры.