ҚАШАНҒА ДЕЙІН ШЕТЕЛДІК СОТҚА ЖҮГІНЕМІЗ?
2023 ж. 02 қазан
1796
4

Жақында ҚазТАГ әлеуметтік желіде Әсет Матаевтың белгілі бизнесмен, «Орталық-Азия электроэнергетикалық корпорациясы» АҚ бұрынғы басшысы, қазір АҚШ-та тұратын Еркін Әмірхановпен жүргізген сұқбатын жариялады. Бұл жарияланым жұртшылықтың назарына бірден ілікті. Өйткені ашық әңгіме барысында атышулы олигархтар Александр Клебанов пен Сергей Канның жемқорлық жүйесі туралы егжей-тегжейлі айтылған. Сұқбатта көтерілген мәселені саралаған адам біздің қоғамды қаншалықты жемқорлық жайлағанын бірден аңғарады...
Еркін Әмірханов Теміртау қаласында мекетепті алтын медальмен, Мәскеу жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітірген білікті маман. А. Клебанов және С. Канмен оның таныстығы 1997 жылдары басталған екен. Сол жылы Американың «CCL Oil, Ltd» компаниясы Павлодар мұнай өңдеу зауытындағы мемлекеттік үлестің 87% акциясын иеленіп, ірі кәсіпорынды бес жылдық мерзімге, 2002 жылға дейін өз басқаруына алады. Осы жобаны іске асыруда А. Клебанов Қазақстан үкіметі мен америкалық компания өкілі Стивен Эггерс арасында үйлестіруші, дәлірек айтсақ делдалдық қызмет атқарады. Бұл жобаны сол кезде сәнге айналғандай «инвестиция салатын шетелдік компания» деген аты болмаса негізгі иесі өзіміздің пысықайлар еді. Жоба «Казкоммерцбанк» арқылы қаржыландырылған. Александр Криничанский «CCL Oil, Ltd» компаниясының Қазақстандағы тұрақты өкілі болып тағайындалады. Ол Клебановтың Air Finance Europe, Air Kazakhstan, Алматы халықаралық әуежайы сияқты бірқатар бизнесін жүргізуші менеджері екені белгілі.
Халықаралық нарықта мұнай бағасының қымбаттауына және өзге де ішкі себептерге байланысты жобаға қатысушылар арасында кикілжіңдер пайда болып, өзара келісімдер бұзылып, Павлодар мұнай өңдеу зауыты Рашид Сарсенов басқаратын «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бақылауына беріледі. Бірақ жобаға қатысушылар құр қол қалмайды. Жоба қаржысы есебінен Павлодардағы №2,3 электр жылу орталықтарын, ұн мен жанармай комбинаттарын жекешелендіру аукциондары арқылы иеленеді. 2000 жылы мұнай зауытынан кеткен соң бұл ұйым «Ортаазиялық Жылу-электр корпарациясы» болып аталады, оның негізгі ресми акционерлері Клебанов, Әмірханов, Кан болған.
Корпарация құлашын кеңге сермеп, 2007 жылы Екібастұз жылу-электр орталығы мен қаланың бүкіл жылу жүйесін Access Industries компаниясынан сатып алады. Оған қоса Петропавл №2 Жылу-электр орталығы, Солтүстік Қазақстан аймақтық электр желісін, «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ті де иемденеді. Павлодардағы өндірісі маңызды «Каустик» АҚ-да Клебановтың иелігіне көшеді.
Әмірхановтың айтуынша алғашқыда Клебановтың негізгі бизнесі – әуе тасымалдау саласы болған екен. Тіпті сол кездегі мемлекет басшысына жеке қызмет ететін «Бүркіт» әуе компаниясын да басқарады. Осы қызметін пайдаланып Нұрсұлтан Назарбаевтың сеніміне ие болып, кейін сонысын өз жоспарларын іске асыруға толығымен пайдаланады. Бұл артықшылығын жұрттан жасырмай және Дариға Назарбаева, Қайрат Сатыпалды, Кәрім Мәсімовпен жақсы қарым-қатынаста екенін мақтанышпен айтып та жүрген. Оған да негіз бар болатын. Мысалы Нұрсұлтан Назарбаевтың бақылауындағы «Казахтелекомды» жекешелендіру К. Мәсімовтің қадағалауында болған. Оның негізгі акцияларын алдымен Айгүл Нұриеваның, содан соң А. Клебановтың атына жаздырған. Соңында Қайрат Сатыбалдының атына аударылғаны белгілі. Демек Клебанов Н. Назарбаев пен К. Мәсімовтың сенімді адамы болған деген сөз. Сол себепті былайғы лаузымдылардың өзі Клебановқа қарсы келуге қаймығады екен. Клебанов 1990 жылы өзінің бұрынғы әріптесі Дмитрием Стрешинскимен Н. Назарбаевқа арналған «Boeing 747» ұшағын сатып алуды да ұйымдастырады. Кейін ол ұшақтың қайда жоғалғаны белгісіз. Ал Дмитрий Стрешинский болса Украина қоймаларынан заңсыз қару-жарақ сатумен айналысқан. Сондықтан бұл әріптестіктері Клебановқа Еуропа елдеріне шығарда біраз қиындықтар тудырған. Жалпы Клебанов айналысқан барлық істе күдік көп екенін Еркін Әмірханов ашық айтады.
Араны ашылған Клебанов 2004 жылы «Эксимбанкті» сатып алып, оның директорлар кеңесінің тұрақты төрағасы болған. Банк саласын жақсы білгендіктен 2004-2008 жылдар арасында Еркін Әмірханов бұл қаржы ұймына жетекшілік жасайды. Бұрын мемлекеттік қаржы ұйымы болған банктің құлдыраған жағдайын түзеп, жұмысын дұрыс жолға қояды.
Жоғары жақтан қолдау тауып әбден еркінсінген А.Клебанов банктің қаржысын өз қалауынша, жеке басының қажеттілігіне қалағанынша жұмсайды. Сөйтіп Біріккен Араб Әмірлігіндегі өзінің «Lodestar Holding LTD» деп аталатын оффшорлық компаниясына банктің және ірі кәсіпорындардан түскен қаржыны аудара бастайды. Яғни, ешкіммен ақылдаспай шетелге қаржыны заңсыз ұрлап шығару басталады. Оған қарсы шыққандарға «жоғарыдан берілген тапсырма» деп тойтарып тастап отырған. Бұл жерде де Н. Назарбаев пен К. Мәсімовтің атын жамылған. Атын жамылатындай да жөні бар. Шын мәнінде алдында айтқанымыздай банк жұмысын К. Мәсімовтің тікелей өзі бақылап отырған. Демек бұл туралы сол кездегі мемлекет басшысы да хабардардар болғаны ғой. Өйткені К. Мәсімов Н. Назарбаевтың рұқсатсынсыз аттап баса алмайтыны белгілі.
Клебанов шетелге шығарылған миллиондаған доллар қаржыға Монакодан пәтерлер, үш «Cessna» ұшағын, тағы да басқа активтерді сатып алған. Әріптесі С. Канның ұсынысы бойынша бизнес-джет паркін де алады.Тек қана осы «Казэйрджет» жобасына 20 млн. доллар жұмсалады. Клебановтың банкке келтірген өзге де заңсыз шығындары шашетектен. «Бұл тиімсіз шығындар мен ұрланған қаржы туралы құжаттар мен айғақтар менде сақтаулы. Оның бір бөлігін кезінде Бас Прокуратураға тапсырғанмын. Қылмыстарын дәлелдейтін басқа да құжаттар да бар» дейді Еркін Әмірханов. Оның айтуынша тоналған банктің қарыздарын энергетика саласынан түскен қаржылармен жауып тұрған.
Үлкен корпорация акцияларының басым бөлігін иемденген үш әріптестің арасына қалай сына қағылып, бір-біріне жау боп шыққаны туралы Еркін Әмірханов былай дейді: «2018 жылы А. Клебанов пен С. Кан бұрын мен білмейтін Е.В. Цой дегенмен өзара келісіп, ҚР ҰҚК арқылы маған қарсы ҚР Қылмыстық кодекстің 6-тармағы, 253-бабы бойынша іс қозғатқызды». Үш ай қамауда болған Еркін Әмірханоов істің тоқтауына байланысты қамаудан босатылады. Клебанов пен Канның негізгі мақсаты – рейдерлік әдіспен Әмірхановтың корпорациядағы акцияларын тартып алу болатын. Сол арқылы қарызға батқан «Эксимбанк» мәселесін шешпекші. Ал, Еркін Әмірхановқа шетелге кетуден басқа амал қалмайды.
Е. Әмірхановтың 2019 жылы ақпанда ҚР Бас Прокуратурасына жазған арызы мен құжаттарға бұл басты құқық қорғау орны айтарлықтай назар аудармай оны Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне жібереді. Ал агенттік оны Қаржы министрлігінің қаржы мониторинг комитетіне сырғытады. Сол әдеттегідей әрі-бері сабылту басталады. Қаржы бақылау саласы 30 млрд. теңге қарызы бар «Эксимбанктің» лицензиясы қайтарылып алынғанына байланысты тексеру мүмкін еместігін айтады. Ақыры $100 млн. ұрланған қаржы туралы арызды Алматы қаласы Медеу ауданы ішкі істер қызметкерлері де «номенклатуралық іс» деп жылы жауып тынады.
Еліміздегі экономикалық жағынан ең әлеуетті Екібастұз қаласы тұрғындарын қыста жылусыз қалдырған Клебановтың қызметіне байланысты және корпорация жұмысына тексерулер жүргізіліп, бір кезде арызын елемеген құқық орындары енді Е. Әмірхановтың өзіне жүгінеді. Осыған орай 2023 жылы шілде айында Әмірханов Бас прокуратураға қылмыстық фактілер көрсетілген 662 беттен тұратын түрлі құжаттарды жібереді. Бірақ нақты жауап жоқ. Бұғаусыз, сұраусыз кеткен Клебанов әлі де елімізде алшаң басып жүр. Оған енді өзге де олигархтар секілді барлық тұрмыстық жағдайын түгендеп қойған шетелге қашып кетсе де болады. Бәлкім қашып кеткен де болар.
Аталмыш көлемді сұқбатта С. Канның ұсынсымен, тікелей ықпалымен ұйымдастырылған «Rixos» жобасына «Эксимбанктің» $50 млн. қаржысы негізсіз жұмсалғаны да айтылады. Тіпті қазір көпшілікті мазалаған атом өндірісіне қатысты да біраз ақпараттар берілген. 2010 жылы Степногор таукен химия комбинаты Анисимов-Клебанов қарамағына өтеді. Әрине өте маңызды кәсіпорынды оларға ешкім сыйлаған жоқ. Екі әріптес рейдерлік жолмен «Кен Дала.KZ» АҚ қарасты 100 пайыздық үлесі бар «New Power Systems LTD» компаниясын өздеріне қаратып алады. Ондағы жерүсті құрылымдары жеке кәсіпкер Е. Чарышкин қаражатына салынған болатын. Чарышкиннің Мұхтар Жәкішевпен байланысы бар деп есептеген Клебанов түрмеде отырған М.Жәкішевке барып кәсіпорынды өздеріне беруге Чарышкинге айтып ықпал етуін де сұраған көрінеді. Клебановтың өзгелерге айтуынша Анисовпен бірлескен кәсіпорын құрып, «Казатомпромның» үлесі51%, ал қарамағындағы Степногор таукен химия комбинаты 49%-ды иеленуге сол кездегі мемлекет басшысының келісімін алған. Бұнысының қаншалықты рас екені белгісіз. Бірақ «Казатомпром» қазір дауға айналған Буденновское кенішіндегі №6, 7 учаскелерді зерттеу құқығына ие болғаны белгілі. Енді қазір көзіміз жетіп отырғандай бұл мол қоры бар кеніш Ресейдің иелігіне өтіп кетті. Оған Клебанов пен Анисимовтың қандай нақты қатысы бар екені де әзірге белгісіз. Бірақ оның бәрі уақыт еншісінде, түптің түбінде бұл құпия да ашылатыны анық.
Еркін Әмірханов өзі 20 жыл еңбек еткен «ОртаазияЖылуэнергетика корпорациясы» акцияларынан түгелдей айырылып 2018 жылы күзде Америкаға қоныс аударды. Біздің елімізде 2019 жылы мемлекет басшысы ауысып, жаңа саяси және экономикалық реформалар пайда бола бастады. Кезінде 20 жылдық еңбегі еш кетіп, бүкіл жиған-тергенінен айырылып, шетелге қоныс аударуға мәжбүр болған Еркін Әмірхановқа бұл өзгерістер де ықпал еткен болуы керек. Өз еліміздің құқық қорғау орындарынан әділдік таба алмаған соң 2020 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласының Шығыс округі Федеральдық сотына арызданады. Демократиясы дамыған ел атанғанмен бұндай істер Америкада да тез шешіле қоймайды екен. Арада екі жылдан аса уақыт өткенде ғана жан-жақты зерттелген іс нақты қолға алынғанға ұқсайды. Қазақстанда еркіндікке үйреніп ойына келгенін істеген А. Клебанов пен С. Кан енді Американың халықаралық сотына жауап беру үшін шақырылуы әбден мүмкін. Солай болу керек те. Халық байлығын тонап заңсыз байыған барлық жемқорлар заң алдында жауап беріп, лайықты жазасын алуға тиісті.
Бұл сұқбаттың қысқаша ғана желісі. Біз Еркін Әмірхановтың шашбауын көтеріп отырған жоқпыз. Біздің мақсатымыз еліміздегі жемқорлықтың нақты бір мысалын оқырмандарымыздың назарына ұсыну. Белгілі бизнесменмен болған сұқбатты саралай келе қандай қорытынды шығаруға болады? Біріншіден, біз бұдан елімізді жемқорлық жайлағанын байқаймыз. Клебановтан асқан азуы алты қарыс аждаһа жемқорлардың барын да барша халық біледі. Сыртқа заңсыз шығарылып, ұрланған ел байлығын қайтару қолға алынғандай болғанмен өте баяу жүргізілуде. Екіншіден, ең басты сұрақ – біздің құқық органдары, әсіресе судьялар неге істі мұқият зерттеп заңдарымызға сай әділ шешім шығармайды? Судьялар заңға емес, билікке жалтақтайды. Сондықтан еліміздің азаматтары өз құқық қорғау орындарынан күдер үзіп, шындықты шетел соттарынан іздейтін болды. Шетел соты біздің жемқорлардың заңсыз активтері туралы анықтама сұраса, Қазақстан құқық қорғау орындары «бәрі дұрыс, қыруар байлықты өз еңбегімен тапқан» деген сияқты жауап жіберіп, қылмысты көпе-көрнеу бүркемелейді. Оған Дариға Назарбаеваның шетелдегі активтеріне қатысты сауалға берілген жауап нақты дәлел. Одан да басқа заң орындалуындағы қайшылықтар жетерлік. Мысалы қаңтар оқиғасына да осы күнге дейін нақты әділ шешім шыққан жоқ. Бұл масқара жағдай, халықаралық қауымдастық алдында біздің сот орындарының беделі бір тиын болып қалды. Бірақ біздің судьялардың ол үшін беттері қызарғанын көрмедік. Конституцияны шетелдіктерге көрсету үшін қабылдаған жоқ шығармыз. «Демократиялық қоғам құрып жатырмыз!» деп жаһанға жар салудың өзі бұдан кейін жасандылық болып шықпай ма?
Әділ сот болмаса әділ мемлекет те болмайтыны белгілі. Сонда біз дербес, тәуелсіз мемлекет ретінде өз заңдарымызды не үшін қабылдадық? Заңдарымыз іс жүзінде орындалмаса, тіпті бұрмаланып жатса қабылданған заңдардан не пайда? Прокуратура, сот және өзге де құқық қорғау орындарындағы он мыңдаған мамандарға жалақы төлеп, не үшін халықтың қаржысын жұмсап жатырмыз? Қашанға дейін біздің азаматтарымыз әділ шешім іздеп шетелдердің сотына жүгінеді?..
Зейнолла АБАЖАН,
Қазақ үні