Физиканы философия тілінде сөйлеткен ғалым

Физиканы философия тілінде сөйлеткен ғалым

Қазіргі таңдағы өркениетке өрлеудің негізгі өлшемі сол елдің ғылымы мен білімі екендігі даусыз болып отырғандығын әлемдік даму картинасы анық көрсетіп келеді. Оның ішінде гуманитарлық ғылымдар қашанда қоғам руханиятының кескін-келбетін паш ете алады, ол тұтас руханияттықтың өзіндік бір ядросы іспеттес. 

Бірнеше мыңдаған жылдықпен сабақтасқан философия ғылымы Қазақ халқының көне замандардан бері құрылымданған дүниетанымында, өмір салтын айшықтайтын тұрмыс-тіршілігінің тәжірибесінде философиялық ойтолғамдар түзілімі ретінде көрініс тауып, Кеңес үкіметі тұсында академиялық үлгідегі ғылыми философия арнасында қанат жайды. Оған сол кезеңдегі ғылым мен білімге бет бұрған қазақтың зиялы қауымдары өз үлестерін қосты. Солардың бірегейі – философия ғылымдарының докторы, профессор, әлемдік масштабта танылған еліміздегі диалектикалық логика саласының жетік маманы ретіндегі, академик Ж.М. Әбділдин бастаған философтар тобының құрамындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұрат Сәбитұлы еді. 

Ол 1938 жылы 17 қазанда Павлодар облысы, Лебяжі ауданы, «Жаңа таң» ауылында дүниеге келген. 1955 жылы «Қызыл әскер» орта мектеп интернатын бітіріп, еңбек жолын 1955-1956 оқу жылында Сталин атындағы жеті жылдық мектепке қарапайым мұғалім болып қызмет етуден бастап, өзінің сан қилы өмір жолында қажырлы еңбегі мен білімі, біліктілігі мен таным шеңберінің асқақтығы арқасында осындай танымалдық дәрежеге дейін көтерілді. 

1956-1961 жылдары С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің физика факультетін тәмамдайды. Студент кезінен білімге құштарлығы оны биік мақсаттарға жетелейді, таланты мен біліктілігін негізгі принцип етіп алған Мұрат Сабитұлы ғылымға деген өз құлшынысын арттыра түседі. 

Оның жалындаған шабытты өмірінің Қазақстандық философияның жан-жақты дамуға қарай бет түзеп, кемелдене түсіп келе жатқан кезеңге тұспа-тұс болуы, сәйкесінше, жас физик маманға деген сұранысқа дөп келді. Нәтижесінде, ол 1961 жылдың қазан айынан бастап, Қазақ ССР Ғылым академиясының философия және құқық институтына жұмысқа шақырылады. Сол бір кезең физиканың философиялық мәселелерін тереңнен зерттеп, отандық философияның әрі қарай өрлеуіне, әлемдік деңгейде танылуына деген қажеттіліктің артқан сәті болатын. 

Ж. Әбдильдин жетекшілік ететін зерттеуші философтардың қатары 1960-1970 жылдары диалектикаға аса қызығушылық танытып жүрген: Қ. Әбішев, Т. Әбжанов, Ә. Нысанбаев, В.И. Ротницкий, А.С. Балғынбаев, А.А. Ивакин, М. Орынбеков, М. Сәбит, Қ. Ерғалиев, кейіннен, М.З. Изотов, С.Ю. Колчигин, А. Қапышев, А.Г. Косиченко, Г.Г. Соловьева, А. Хамидов сынды ғалымдармен толықты. Мұндай зерттеулер диалектикалық логиканың концептуалды-категориялық жүйесін құруды, оның іргелі теориясын жасауды, әдіснамалық қырларын негіздеуді, нақты тәжірибелік қолданысын паш етуді мақсат етті. Бұл кезеңде бір топ отандық ғалымдарымыз диалектикалық логика саласы бойынша ғылыми диссертациялық зерттеулер жүргізіп, сәтті қорғап шықты. Философия ғылымының іргелі мәселелерімен қатар, диалектиканы жаратылыстану ғылымдарын зерттеуде әдіснамалық тәсіл ретінде пайдалану мен жаратылыс заңдылықтарының логикасын пайымдау бағдары да ерекше қарқынмен өрістеді. 

Физиканың іргелі мәселелелерін жете зерделеген Мұрат Сәбитұлы арнайы кәсібиленген сала болып қалыптасқан диалектикалық логика мектебіне айтулы үлес қосады. Сол кезеңдерде Қазақстанда философияның физикалық мәселелерін тиянақты түрде қолға алатын мамандар жоқтың қасы еді. Сондықтан да, ағамызға отандық философия ғылымы аясында осы бағыт бойынша зерттеулер жүргізуді қажет ететін үлкен жауапкершіліктер жүктеледі. М. Сәбитұлы өзінің ізденімпаздығы мен өзіне сенімділігі арқасында кванттық механиканың қалыптасуы мен дамуы, оның заңдылықтары мен ғылыми-техникалық прогрестегі орнын жете түйсіне отырып, ондағы қажеттілік пен кездейсоқтық мәселесін зерттеуді қолға алып, нәтижесінде, аталған тақырып аясында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады.  

Отандық ғылыми философиялық кеңістік аясында диалектикалық логиканы терең зерттеуге бет бұрған бұл руханияттық бағыт, 40 жылға жуық уақыт бойы үздіксіз сабақтаса келе, әлемдік деңгейге көтерілді, нәтижесінде, «Диалектикалық логика» деп аталатын 4 томдық іргелі ұжымдық еңбек 1985-1987 жылдары жарық көрді.    

ХХ ғасырдағы физика әлемді басқаша тұрғыдан түйсінудің жаңаша парадигмаларын қажет етті. Сайып келгенде, кванттық физиканың дамуы, бейсызықтық физиканың ұсынылуы, әлемді тұтас голограмма ретінде қарастыру, синергетикалық жүйе т.б. бір қырынан философиялық мәселеге келіп ойысатындығын және оны аша түсу қажеттігін түйсінген М. Сәбитұлы осы арнаны тереңдей зерттейді. И. Ньютонның классикалық физикасын, А.И. Физоның әлемдік эфир туралы көзқарастарын, Н. Бордың толықтырушылық принципін, Джон С. Белл ашқан теорема – локальді емес эффект, яғни, белгілі бір дененің өзіндік қозғалысы оқшау, қатыссыз тұрған денеге әсер етіп оны қозғалысқа келтіру мүмкіндігін, Эйнштейн-Подольский-Розен парадоксын, А.Майкельсонның фотондардың қозғалу бағыты туралы ойларын, А.Эйнштейннің уақыт жарық жылдамдығымен шартталғандығын, жарықтың үздіктілігі оның қасиеті екендігін атап өткендігін, кейіннен ол фотон атанған жарық-кванттарынан құралатындығын негіздеуін, А.Комптонның жарық бір мезетте толқынды және корпускулярлы (бөлшекті) болып табылатындығын ұсынғандығын, Луи де Бройльдің корпускулярлық-толқындық дуализм теориясын, Поль Дирактың бөлшектер мен антибөлшектерді зерделеуін, А.Е. Акимовтың торсиондық өріс туралы пайымдауларын, Г.И. Шиповтың алғашқы сана туралы идеяларын т.б. терең зерделеген Мұрат Сәбитұлы 1990 жылы «Кванттық механиканың қалыптасуы мен дамуын логикалық-гносеологиялық талдау» атты докторлық диссертациясын сәтті қорғаған еді. 

Әлем мен қоғам дамуы туралы пайымдаулардың физикадағы релятивистік ұстанымдарының философиялық негіздемелерін қарастырған ғалым Қазақстанда физиканың философиялық мәселелерімен алғашқы шұғылданушы ойшыл ғана емес, оны диалектикалық логика әдіснамасы негіздері арқылы саралаудың өзіндік үлгісін көрсете отырып, әлемнің ғылыми бейнесін философия тілінде сөйлетеді, физикадағы заңдылықтардың қазіргі заманда іргелі философиялық ойлаудан тыс бола алмайтындығын дәйектейді.    

Ол 4 ғылым докторы, 15 философия ғылымдарының кандидаттары және 1 PhD докторына жетекшілік етіп, оларға бағыт-бағдар көрсете отырып, жас мамандарды ғылыми ойдың тұңғиығына бойлай ене түсуге баулуда айтарлықтай еңбек етті. 

1996-2001 жылдары Қазақ Бас сәулет құрылысы академиясында философия, тарих және құқық кафедрасын басқарып, 2001-2010 жылдары Абай атындағы ҚазҰПУ-дың философия және ғылым методологиясы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған кездері де сол ұжымның ғылыми әлеуетінің артуына еңбек сіңіре отырып, қазақстандық философия ғылымының әрі қарай дамуына өзіндік серпін берушілердің бірінен саналды. Кейіннен, сол университеттің жанындағы философия мамандығы бойынша диссертациялық кеңестің төрағасы қызметін атқарады, «Қазіргі заман: пікірлер әлемі» атты философиялық альманах журналын ашып, бірнеше жылдар бойы оның редакторы қызметін атқарады. 

Қазақстандық философияның дамуына үлес қосатын «Әлемдік философиялық мұра», «Мәдени мұра» бағдарламасына, «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясы т.б. ғылыми жобаларға белсене қатынасып, шетелдік философия тарихындағы ойшылдардың еңбектерін қазақша да сөйлетеді.

Ол «талантты адам жан-жақты да талантты болады» дегендей, ағамыз кезінде спортпен терең шұғылданып, шахмат өнерінен, бокстан спорт шебері атағына ие болғандығын да атап өтпеске болмайды. 

Сондай-ақ, ағамыз кейінгі кездері қазақ дүниетанымы, қоғамдағы әділеттілік қағидаттары, «шындық» құндылығының теориялық және практикалық жақтарына көңіл аударып, қоғамымыздың дамуындағы кейбір келеңсіз ахуалдарға сыни көзқарастарын білдіруді Қазақстан азаматы ретіндегі парызым деп есептеп, БАҚ-ында өз ойларын еркін ұсынып та жүр.  

Аталған еңбектері отандық ғалымдар мен мемлекет тарапынан ескеріле отырып, ол бірнеше наградалар мен марапаттауларға ие болады. Бүгінде 85 жасқа толып отырған ағамызды Қазақстандық зиялы қауым мен ғылыми қауымдастық шығармашылық ізденістеріңіздің нәтижесі арқылы жоғары бағалап, парасаттылығы және адамгершілік қасиеттерін үлгі ретінде құрмет тұтады және шын жүректен құттықтайды. 

Бүгінде ағамыз отбасында қадірлі әке, немелеріне сүйікті Ата, халқына «ғалым ақсақал», «көпті көрген білікті қария» ретінде танымал.  

Асқар Л.Ә., Аташ Б.М. – ҚазҰУ философия кафедрасының ұстаздары

Қазақ үні