ЕҢБЕККЕ БАУЛУ – БАЛА ТӘРБИЕСІНІҢ ТИІМДІ ТҮРІ

ЕҢБЕККЕ БАУЛУ – БАЛА ТӘРБИЕСІНІҢ ТИІМДІ ТҮРІ

              Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді тәрбиелеу – адам қалыптасуының алғашқы маңызды да жауапты сатысы болып саналады. Бұл баланың өзін қоршаған ортаны тануға талпынатын, әсерленгіш, еліктегіш, ойлауды, сөйлеуді меңгере бастайтын ең бір ерекше кезеңі. 

    Атақты педагогтардың, білікті мамандар мен ғалымдардың айтуынша мектеп жасына дейінгі тәрбиенің негізі бес жасқа дейін қаланады екен. Алып ғимараттың іргетасы дұрыс қаланбаса оның сапасы да нашар болатын сияқты, бүлдіршінді тәрбиелеудің алғашқы кезеңінің дұрыс болу оның бүкіл болашақ өміріне әсер етуі мүмкін. Сондықтан да бала тәрбиесінің дәп осы кезеңіне үлкен мән беріледі. Бүлдіршіннің алғашқы алар әсеріне дұрыс бағдар беру маңызды. Өйткені алғашқы әсер сәби санасында сақталып, түйсікте түпкілікті қалуы ғажап емес. Бала ғана емес ересек адамдардың өзі алғашқы әсерден бірден арыла алмайды. Баланың ақыл ойын жүйелеу, ойлау қабілетін жетілдіру, дәлдікке үйрету шындыққа тәрбиелеу мақсатында, сауаттылыққа баулу – бүгінгі күннің басты талабының бірі саналады.

           Мектеп жасына дейінгі баланы дамытатын, өсіретін әрі тәрбиелейтін әдістемелер аз емес, бұл бағытта тәжірибеден өткен түрлі тәсілдер қолданылады. Сол көптеген тәсілдердің бірі – мектеп жасына дейінгі баланы еңбекке баулу арқылы тәрбиелеуді қарастырып көрелік.

         Бұл жердегі басты мақсат – баланы еңбекке баулу арқылы жалпы рухани және адамгершілікке тәрбиелеу негізге алынады.

 Қалай алып қарасақ та адам баласы өмірге келген күннен бастап бүкіл өмірі еңбекпен тығыз байланыста болады. Алғаш рет талпынып еңбектеуден басталатын қимылының өзі сол еңбекке жатады. Соның арқасында біртіндеп тәй-тәй басып, аяғынан жүретін болады. Адамдардың көптеген жетістіктерге жетуінің өзі сол ебектің нәтижесі екені де белгілі. 

       Күнделікті өмірде кездесетін, көзге көріне бермейтін, өзіміз мән бермейтін қарапайым еңбек түрлерін алдымен атайық. 

Мысалы, кішкентай баланың өздігінен тамағын ішіп-жеуді үйренуі, ойыншығын, киімін жинауы, өз-өзіне қызмет қыла білуінің өзі еңбектің бастауы.

       Еңбекке баулу арқылы баланың есте сақтау, көру, сезіну, дұрыс ойлау қабілеттері қалыптасады. Қолғабын, бас киімін, көйлегін, шұлығын киетін кезде оны қай жерге киетіні, баланың ойлау, көру, есте сақтау қабілеттері арқылы жасалады. Баланың әр дұрыс жасаған еңбегін, қылығын мақтап, ынталандырып отыру аса қажет. «Жарайсың, бәрекелді, өте жақсы, керемет!» деген сияқты сөздер баланы еңбек етуге деген қызығушылығын оятады, қанаттандырады.

       Баланы ойын арқылы тәрбиелеу тәжірибеде кеңінен қолданылады. Өйткені қандай да бала ойынға құмар, сол арқылы бүлдіршін көп нәресені үйренеді. Ойнаған кезде баланы қадағалап, ойынына мән беру керек. Егер бұрыс екенін байқасаңыз, дұрыс жолға бағыттау керек. Бала ойын ойнағанда үлкендерден, достарынан немесе теледидардан көргендерін қайталайды. Өйткені ойын кезіндегі іс-әрекеті қимыл қозғалысы алдымен еліктеуден басталады. Көбінесе өз отбасында көрген білгендерін қайталайды. Баланың ойыны арқылы отбасындағы беріп жатқан тәрбиенің қандай екенін аңғаруға болады. Сондықтан баланың көзінше артық сөз, оғаш қимыл көрсетпеу керек. Балаға ата-анасы тек қана жақсы жағынан көрінгені абзал.

       Бүлдіршінді адамгершілікке, мейірімділікке тәрбиелеу отбасынан басталатынын ұмытпаған жөн. Ол балабақшада балалардың 

еңбекке деген дұрыс көзқарасын қалыптастыру, өз-өздеріне қызмет етуге үйрету, бір - біріне кедергі жасамай еңбек етуге үйретумен жалғасады. Ойнап болған соң ойыншықтарын орын-орнына жинау, балабақшадағы ойын бұрышындағы кезекшілікті атқаруға үйрету, сол сияқты 

үлкендердің көмегімен гүлдерге, ағаштарға су құю, оқу құралдарын тарату, ас ішу кезінде ыдыс-аяқтарды қойып шығу сияқты жұмыстарды үйрету маңызды. Бұл балалардың біртіндеп еңбек етуіне жетелейді,

 жұмыс істеу мәдениетін қалыптастырады. Арнайы жабдықтарды дұрыс пайдалану, қадірлеу, қайта орнына қою, бір-біріне көмек көрсетуге тәрбиелейді. Балабақшадағы еңбек жұмыстарына қатысу, ұжымдық еңбекке үйрету ғана емес, ол бүлдіршіндердің бір-бірімен дұрыс қатынаста, түсіністікте болуына да ықпал етеді.

    Жасыратыны жоқ, бүгінгі ата-аналардың арасында «балаларды жұмысқа салып қойдыңдар» деп байбалам салатындар да баршылық. Әсіресе бұл мектепте оқитындардың ата-аналары тарапынан көбірек айтылады. Анда-санда сенбілік ұйымдастырып мектеп ауласы мен айналасын тазарту жұмыстарына қатысқаннан баланың ештеңесі кетпейді. Керісінше, өзі оқитын мектеп ауласының таза болғаны қай жағынан алып қарасақ та пайдалы. Баланы еңбекке баулу дұрыс жүргізілмесе оның ертеңгі күні теріс нәтижесі көп күттірмейді. Білімді деген азаматтың да жетістігі алдымен еңбек арқылы келеді. Оның қызыл дипломы өздігінен табыс әкелмесі анық, білімін пайдаланып еңбек етпесе болмайды. Тәрбиесіз берілген білімнің пайдасынан зияны көп деп босқа айтылмаған ғой. Сондықтан балаларды еңбекке баули отырып тәрбиелеу ісіне баса мән беру қажет. Ал оны балабақшадан бастасақ еш артықшылығы жоқ. Өйткені тәрбиенің негізі отбасы мен балабақшадан басталатыны баршамызға белгілі.

Әсемгүл БАЙМАНОВА, 

тәрбиеші.

Ақсу қаласы,  

Павлодар облысы.