Бейнетіміз азайсын –зейнетіміз молайсын

Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясының ұйымдас­тыруымен «Зейнетақы көтерілсін, зейнет жасы ұзартылмасын» атты дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында зейнет жасын ұлғайтудың қаншалықты негізі бар және құрылған бі­рың­ғай зейнетақы жинақтау қорының тиімділігі мен зейнетақы жүйесінің айналасындағы мәселелер талқыланды. Жиынға жергілікті ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Мәкен Алматы қаласы бойынша әлеуметтік қорғау және бақылау департаментінің директоры З.Ағыбетов «Патриоттар» партиясынан Л. Оксана, И. Половинкин, «Ақ жол» ҚДП Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары М.Жақау, Б.Омаров, социал-демократиялық «Ауыл» партиясынан А. Алтыбаев, Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясынан Ю. Маленьких, Қазақстанның Коммунистік Ха­лықтық партиясы­ның мүшесі, Ардагерлер ісі коми­тетінің төрағасы В. Артемьев қатысты. Жиында «Ақ жол» пар­­тиясының атынан сөз алған М. Жақау: «Бұл реформа туралы халықты толыққанды ақ­параттандыру қажет. Үгіт-на­сихат, түсіндірме жұмыстары толыққанды жүзеге асатын болса, халықта қорқыныш, үрей сезімі орын алмас еді» деп түйіндеді сөзін. «Патриоттар» партиясының атынан сөз алған О. Лигай қара жұмыс жасайтын әйелдер мен мекемеде қызмет атқаратын әйел­дердің жағдайын салыстыруға келмейтіндігін тілге тиек етті. Зейнет жасын ұзарту өз кезегінде халықтың әлеуметтік хал-ахуа­лына тікелей әсер ететіндігін атап өтті. «Зейнетақы көтерілсін, зейнет жасы ұзартылмасын» деп, барша әйелдер қауымының атынан нақтылап айтты. Алматы қаласы бойынша әлеуметтік қорғау және бақылау департаментінің директоры З.Ағыбетов бұл жобаның биылғы жылы базалық жүйемен қалатындығын және әр жыл сайын жарты жылға ұлғайтылып отыратындығын мәлімдеді.Әйелдердің зейнет жасы 10 жыл ішінде біртіндеп өсіріліп отырады. Яғни, биыл әйелдер 58 жасында құрметті демалысына шықса, келер жылы зейнетке шығатындар үшін 58 жасқа 6 ай қосылмақ. Жаңа жоба елімізде әйелдердің зейнетке шығу жасын келесі жылдан бастап, 10 жыл ішінде қазіргі 58 жастан 63 жасқа дейін ұлғайтуды көздеп отыр. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, бүгінгі таңда ең төменгі зейнетақы көлемі – 28396 теңге. Осы қаржыға күнелтіп отырған зейнеткер саны – 43 204. Қазақстанда қазір ерлер зейнет демалысына 63 жас­та, ал әйелдер 58 жаста шығады. Егер мемлекет зейнетке шығу жасын ұлғайтқысы келсе, онда оны біздегі адамдардың өмір жасының ұзақтығы, зейнетақы мөлшері және тұтыну бағасы деңгейімен сәйкестендіруі керек. Осы мәселе төңірегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С.Әбденовпен де кездесу өтті. Жиын барысында министр: «Мен министр ретінде айына 600 мың теңге жалақы аламын. Бүгінде зейнетақы қорымда 3,5 млн. теңге бар. Бұл менің зейнетке ерте шығуыма мүмкіндік береді. Сондай-ақ, халықтың да осындай зейнетақы қорын жинауға мүмкіндігі бар» деген еді. Ақтолқын ТӘЖІК