НАҒЫЗ ҚАЗАҚ ТУРАЛЫ ЖЫР
2023 ж. 19 қыркүйек
793
0

«Халқының бай-кедей болмағы –
патшаның ықылас-ниетіне байланысты».
Құтып, Алтын Орда ойшылы
«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі!»
Баспасөз бетінен он алты лайықты азаматпен бірге Серікбай Ибадуллаевқа да облыстық мәслихаттың «Түркістан облысының құрметті азаматы» атағын беру туралы қаулысын оқып, қуанып қалған жайымыз бар. Секеңнің атына айтылып жатқан құттықтау ағынына біздің де қосылғымыз және оны халықтың үні арқылы істегіміз келді. Олай етуіміздің бірнеше салмақты себебі бар.
Біріншіден, жиырма жасында-ақ кеңшар прорабы болып істеген ол содан бері аттан түспесе де, әрдайым әзіл-қалжыңы дайын, езуінен күлкі кетпей, үнемі жылы жымиып, айналасына шуақ шашып жүретін, бір сөзбен айтқанда, қазақ ұғымындағы «басшының» үйреншікті қалыбына сыймайтын ерекше адам.
Екіншіден, Секеңнің әрбір ісі үлгі-өнегеге толы. Бір ғана «ескерткіш орнатқыш адам» деген атының өзі неге тұрады! Оның ішінде Отырар-Түркістан алқабынан шыққан, Қаныбек Сарыбаев пен Әселхан Қалыбекова секілді сегіз ақынға арнап! (Олардың бәрі бірдей тұғырына қонбаса, оған Секеңнің кінәсі жоқ...) «Ескерткіш қоюым түркістандық Кеңес Одағының Батыры Расул Есетовтен басталды. Атақ үшін жасатып жүрген жоқпын. Қарақан басымның қамын ойласам менің азаматтығымнан, көзі ашық, көкірегі ояу адамдығымнан не қайыр?! Талай жыл шаруашылықты, ауданды, облыстық басқармаларды басқардым. Бірақ, артымда қалған қай ісім халықтың жадында жазылып қалады деп ойлайсыз? Қол астымдағыларға столды тоқпақтап ұрысқаным ба? Шаруашылықты өрге сүйреп, пәлен саулықтан түген қозы алдым дегенім бе?
Менің қолымнан әзірге жоқтаушысы, іздеушісі жоқ ұлт зиялыларының есімін жаңғыртып, ескерткіш орнату келеді. Қолымнан келеді екен, ендеше, оны неге жүзеге асырмасқа?! Байлығымды дүмімнің астына басып алып, елге пайдамды тигізбей жата берсем кім болғаным?»
Серікбай Ибадуллаев осы ұстанымынан қылдай тайған емес. 2006 жылы аудан әкімі кезінде жұмыс бабымен Шардараға келген облыс басшысы Болат Жылқышиевқа «ауданымыздан шыққан екі Батыр, бір Қаһарманға ескерткіш қойсақ...» дегенінде, содан бір жыл бұрын ғана Серікбайдың Түркістанда Кеңес Одағының Батыры төрт азаматқа, Шардараға келе салып алдымен Абайға, сосын қазақтың әйгілі үш биіне ескерткіш қойғанын білетін әкім «сен-ақ екерткіш қоюдан шаршамайды екенсің» дейді. Және «оған ақша жоқ» деп қосып қояды. Сол кезде шымкенттік кәсіпкер Нұрлан Қаныбековтің қастарында тұрғанын пайдаланған Секең қамырдан қыл суырғандай етіп: «Соны осы үшеуміз-ақ жасатсақ қайтеді?» дейді. Жылқышиев Қаныбековке бұрылады: «Сен қалай қарайсың?» «Сіз не айтасыз, солай болады ғой...» Осылайша, мәселе үш-ақ минутта шешіледі, әкім мен кәсіпкер сауапты іске қалай өз еркінен тыс араласып кеткенін байқамай да қалады...
Үшіншіден, Ибадуллаев Шардарадағы бір жыл сегіз айлық басшылықтан соң «алуды білмейтін, ал беруден алдына жан салмайтын» деген айрықша мәртебелі атқа ие болған облыстағы жалғыз әкім. Шынында, елу жыл қызметтегі кезінде елге шынайы еңбегі сіңген екі жүзден аса жақсы мен жайсаңға – ешкім міндеттемесе де! – ат мінгізіп, шапан жапқан, Әділ Сасбұқаевтай ел ағасынан «сексенге келген жасымда бұндай құрмет көрген емес едім» деп, алғыс-бата алған басқа кім бар?..
Кәзір екі әкім-қараның бірінің ата-бабасы бай болған екен, би болған екен, болыс болған екен деп естисіз. Секеңнің қыдыр дарыған Самырат бабасы ешкімді құр қол қайтармаған сақы болса, қол көмегі жағынан көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналған Тәтібай атасы кемеліне келіп, кемеріне толып тұрған қырық жасында «кәмпескеге» тап болып, бір ауылдай жанымен, мыңғырған малымен ауғанға аспақшы болады. Бірақ, шекарада қыс ерте түсіп, таудың жолы жабылып қалады. Көктем жылт етісімен алға жылжығанымен, кеңес әскерінің бөгетіне тап болады... Бір өзінің аузына қарап отырған бір қауым елге не айтарын білмей жүрген сол сергелдең күндердің бірінде Тәтібайдың түсіне әкесі Самырат кіреді – баласымен сөйлеспей, бар болғаны астындағы ақбоз түйесімен малдың бәрін кері, елге қарай айдап жүр екен. Тауға қарай айдағанда төрттағандап аяқ баспаған қалың мал, елге қарай бәрі бірінен бірі озып, жарыса, томпаңдап кетіп бара жатады... «Құдайға жазсаң жаз, әруаққа жазба!» дейтін қазақ емес пе, Тәтібай малының жартысын сатып, ақшасын Егентай деген сол елдің ақсақалына аманаттайды-дағы, қалған он екі мың қой мен мыңнан аса түйені үш айда әкеліп, түп-түгел өткізгенінде кеңес үкіметі еңбегін елеп, ең болмаса «бір қора жан екенсіздер, бір түйені сауып, ағарған ішіп отырыңыздар» деуге жарамапты (сонысынан ұялса керек, кейінірек Сталиннің қолы қойылған алғыс қағаз беріпті...)
Міне, сол кезде адам айтса нанғысыз ғажап оқиға орын алады – Сырдағы паромға тиеліп жатқан малдың ішінен бір аруана қашып шығып, аттылы қуғыншыларға жеткізбеген күйі – естеріңізде болсын, Ойсылқараның тұқымы бауыры жазылып шындап шапқанда, қылқұйрықтының қандай дүлділі болсын оған жете алмайды! – Тәтібайдың есігінің алдындағы ошақтың қасына кеудесін жерге төсей құлайды. Ентігін сәл басқан соң қайта-қайта аунаумен болады. Біраздан соң қуғыншылар жеткенде аруана орнынан тұрады да, моп-момақан күйде әлгілердің алдына түсіп жүре береді... Құдайдың кереметін көзімен көріп тұрған жұрт «Тәтібайдан мал кеткенімен бақ-дәулет кетпейді екен» десіп түйін жасайды. Шынында да дәл солай болып шығады: Николай патшаның кезінде дүрілдеген Тәтібайдан кеңес заманында да мал мен бақ арылмайды – колхоздастыру кезінде жағалай орналасқан Балтакөл, Көлқұдық, Ақдала, Ешкіқора, Маяқұм ауылдары колхоздардың мал жайылымына айналады. Елдің жайы мен малдың жайын жұрттың бәрінен жақсы білетін Тәтібайдың алдына өкімет айналып өзі келеді – «завотгон» («жайылым меңгерушісі») деген, Сырдың сол жағалауындағы елдің билігін қолына түгел ұстатқан пілдей қызмет береді. Тәтібай байдың үйі кеңсе десең кеңсе, қонақ үй десең қонақ үй, дастарханы шын мәнінде жиналмайтын, қазаны оттан түспейтін құтхананың өзі болады да қояды. Тәтібай қаншалықты малын сойып, ақшасын жұртқа жұмсаған сайын Алла-Тағаланың оған берер несібесі де арта түседі. Інжілдегі «не бердің – сол сенікі!» деген сөз өмірдегі осындай адамдарға қарата айтылса керек...
«Завотгон Ата» соғыс кезінде тамақтан қатты қиналып жүрген жұртқа колхоздың қойын саудырып аман алып қалыпты. Негізінен, қоғамның малын жеке адамға пайдалануға рұхсат жоқ. Басшылар білсе істі боп шыға келесің. Ата сонда да ешкімге жалтақтамаған ғой. Ондай адамның үстінен «заңсыз тірлік істеп жатыр» деп «домалақ арыз» жазуға да ешкімнің қолы көтерілмесе керек...
Балтакөлден Шардараға дейін
Ал, Серікбай Ибадуллаев прорабтан көтеріліп, туған ауылы Балтакөлде парторг болып сегіз жыл жұмыс істейді. Түркістанға тиіп тұрған кеңшардың халқын жүз жиырма шақырым Шәуілдірге әуре етпей, қаланың құрамына кіргіземін деп, аудан басшыларының қырына ілігеді. Олар жас жігіттен қалай құтылудың қамын ойластырып жүргенде, Секең өзін Ауыл шаруашылық министрінің «Балтакөлге» директор етіп тағайындаған бұйрығын алып келіп, мұндағы елді есінен тандыра жаздайды (ұлты еврей министрді, сірә, Секеңнің елдің қамын сөз емес іс жүзінде ойлап, кеңес заманында-ақ жоғарғы жаққа қаймықпай қарсы шықққаны тәнті еткен болса керек).
Сол күннен бастап білекті сыбанып, белді буынып, балтырды түрініп жұмысқа кіріседі. Прораб кезінде де өзгелер ағаш таппай сандалса, бұнда оның неше атасы тау-тау болып үйіліп тұратын Ибадуллаев жұрттың бәріне жұмысты қалай істеудің үлгісін көрсетеді. Кеңес Одағының түпкір-түпкірінен техника ағылып келе бастады. Кеңес өкіметінің құламаған кезі, кеңшар 1991 жылғы социалистік жарыстың жеңімпазы атанады. Одан кейін де Қызыл Туды жеңіп алады да отырады. Облыстық Құрмет тақтасында «Балтакөл» үнемі тізімнің басында тұрады. Ненің арқасы? Тынымсыз ізденіс пен тыңғылықты жұмыстың арқасы. «Жұмысшылардың тек жұмысқа басы ауыруы керек, қалғанының бәріне менің басым ауыруы керек!» Еңбекші халыққа деген басшының көзқарас, қағидасы солай болған соң, олар да жұмысты өлген-тірілгеніне қарамай беріліп істейді. Ибадуллаев «мал-жан аман ба?» дейтін қазақы жосықпен жұмыскерлерімен «тракторыңның (қойыңның), сосын өзіңнің денсаулығың қалай?» деп сәлемдесетін...
Жалпы, облысымыздың тарихында кеңшарының өнімін алыпсатарларға жем қылмаған екі-ақ директор бар: біріншісі 1980-жылдардың аяғында Шардарадағы «Юбилейныйда» баламалы жолмен билікке келгеннен кейін пиязды Сібірдегі Сургут, Красноярск қалаларына апарып сатқан Ислам Әбішев болса, екіншісі қаракүлдің елтірісін 90-жылдары Мәскеудегі аукционға апарып сатқан Серікбай Ибадуллаев. Оның ақшасына 208 «ИЖ» мотоцикл әкеліп, шопандар мен мамандарды көлікке қарық қылды. Торы бар қос тележкалы Т-28 деген трактордың тура жүз данасын әкелді. Жекеменшік адамдарға берді, сатты, «ертең мынау саған таптырмас көмекші болады» дедім. «Тырқылдақ» Т-16 трактордың онын алды. «Балтакөлде» Беларуссияның МТЗ-80, МТЗ-82 тракторлары толып тұратын! Сол кезде газеттер «Серікбай совхозға аспаннан трактор жаудырды» деп жазып жатты... МТЗ-ның бір барғанында тоқсан екі данасын сатып алғаны үшін зауыт оған біреуін өз атына тегін берді. Тағы біреуін өз ақшасына сатып алды. Сегіз вагон МТЗ-ның моторын әкелді. Әр вагонда жүз елу алты мотор бар, есептей беріңіз...
«Балтакөлді» сатып алып қояды деді ме, басшылар оны «Шәуілдір» асыл тұқымды мал зауытына ауыстырып тынды. Ибадулллаев жұмысын қағазда бар да қорада жоқ, «приписканың» тақымында кеткен он алты мың қойды («бармасаң болмайдының» сыры...) малшылардың мойнынан алып тастаудан бастады. Сырдариядан ескі «Есіркеп арықтың» бүйірінен бес шақырым жаңа канал қаздырып, 2800 гектар тың жерді игерді. (Канал осы алқаптың егісіне жауапты Батыржан агрономның атымен «Батыржан канал» аталып кетті, «Серікбай канал» аталғанда әділеттілеу болар ма еді...). Тың жерге өзі таза, өзі іскер басшы қосылғасын қойсын ба, күзде ауылдағылар 5000 тоннаға жуық жүгері өткізіп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Директор «прогрессивтік-сыйақылық шкаламен» есептететіп еді, біреу машина мінді, біреу түйе мінді, қысқасы, жұрттың бәрі бір жылда қарық болды да қалды. Осылайша ол басшы адал болса, халқы бай болатынына жұрттың көзін жеткізді...
Онымен де қоймай, суды өз ағысымен әкелу үшін – насостар жанармайдың жебірі ғой – Қалғансыр түбегінен Ақшығанаққа дейін жаңа канал қаздырып, бергі жағындағы ескі арықтың жиырма екі шақырымын тазалап болғанда, кеңшардың бұрынғы директоры сот шешімімен өз орнына келіп отырды-дағы, қызмет үшін ешкіммен соттасқысы келмеген Ибадуллаев жұмыстан шығып кетті. Жұрттың бәрін тағы да таңғалдырып, аудандық қаржы бөліміне басшы болып кетті...
Бірақ, халық оны жылы орынға жайласып отырғызған жоқ, Маяқұмның ақсақалдары кеңшардың қисайып қалған қосын түзеуге қояр да қоймай алып келді. Ибадуллаев келген бойда істеп отырған жұмысы жоқ, қарызға айлық жазылып жатқан тоқсан маманнан бес қызметкерді ғана қалдырды. Ал, оның екінші ісін облыста ешкім істей алған жоқ: ертең сырттағы қалталылар қағып кетпес үшін ЖШС аштырып, техниканың бәрін бас инженерге, бас зоотехникке де ЖШС аштырып, құрылыс нысандарын, малды, ақша болатын т.б. мүліктің бәрін соның балансына аударады. Сосын бакроттық туралы заң әлі жоқ заманда комиссия құрады, сөйтіп, «Маяқұмның» өмір сүруін тоқтатады...
Содан соң асарлатып, алдымен дарияның суы өзі ағып келетін етіп канал қаздырады, ол біткен соң үш айда ескі мектеп пен жұрт пайдалана алмай жүрген нысанның бәрін бұздырып, жаңа мектеп салып береді. Бар-жоғы 1996 жылдың қарашасынан 1997 жылдың қыркүйегіне дейінгі он айдың ішінде ауылға тіршілік көзі – су әкеліп берген, жұмыс істей алуы үшін МТС ашып берген, баласына мектеп салып берген, сөйтіп бұл ауылдың да елін үдере көшуден сақтап қалған Серікбай Ибадуллаев бұдан артық не істей алсын?..
Кеңес өкіметі құламағанда сегіз жыл прораб, сегіз жыл парторг болған Ибадуллаев үш кеңшардан кейін ауданға көтеріліп-ақ кетер ме еді, ол болса тағы сегіз жыл Түркістанда әкімнің орынбасары болып отырды. «Ауданда Ибадуллаев бар болса Сауран (ең шеткі ауыл әкімдігі) су алады, Ибадуллаев жоқ болса Сауран судан құр қалады» деген жалғыз ауыз мәтел сол кездегі ахуалдың айқын сипаты. Шынында да, еңбек – онікі, абырой – өзгелердікі болды...
«Мен өзім «Балтакөлде», «Шәуілдірде» қызмет істеп, «Маяқұмды» жекешелеп беріп жүріп, Түркістанда жекешелендіруді ретке келтіріп жүріп, бір гектар жерді иеленбей, бір темірге жармаспай, артымнан бір ауыз жаман сөз ергізбей таза кеткеніме ризамын...»
Шардарадағы шаттық жыры
2005-2006 жылдары Секең Шардара ауданына басшылық еткен бір жыл сегіз ай кезеңді «Шардарада шаттық жыры жазылған кез» деп айтуға әбден болады. Өйткені, Ибадуллаевқа дейін ауданда жеті әкім жұмыс істеді. Бірақ, солардың ешқайсысы да әкімдіктің дәл алдында, биік дуалдың аржағы демесең күл-қоқыс тастайтын орынға айналған, кеңес заманымен бірге ол да күйреп, күлдің үйіндісіне айналған қазандықты не істеудің шешімі таппайтын. Тапса табандылығы жетпейтін. Ибадуллаев көрді-дағы «теңіз беттегі тамаша пейзаждың бар шырқын бұзып тұр екен, тегістеп, үлкен алаң істейміз, қалған жеріне ағаш егіп, саябақ жасаймыз» деді. Айтты – істеді. Сол алаңға халықтың өзі «Алты алаш» деген ат берді, «Ұрпақтар сабақтастығы» аталған саябақтың екі мың түп ағашы бүгін орманға айналды, ішіне концерт қоюға арналған сахна жасалды. «Ана мен бала» мүсіні қойылды. Шардараның шаңы шығып жататын ең биік жеріне үш биге ескерткіш орнатты. Айналасына сәнді ағаштар отырғызып, қаланың шырайын кіргізіп тұрған шағын «Шежіре» саябағын ашты. Бұл жер бүгін отау құрған жас жұбайлар міндетті түрде келіп тағзым ететін киелі орынның біріне айналды.
Онымен де шектелген жоқ, 2-ші мөлтекауданда да оның алысырақ баруға ерінген жалқау жұрты (Майлықожаның «жаман әйел белгісі – есіктің алдын қақ қылар» дегеніндей), жақын маңайдан өздері қоқыс төгетін, өздері тұсынан мұрнын басып өтетін орын етіп жіберген жерді де саябаққа айналдырды.
Секең ең алдымен ағын су мәселесін шешті. Қайтіп? Көктемде су берушілерге талап қойды: «Дихандардың суға деген сұранысын кестеге сай толық қанағаттандырасыңдар, сендер су бересіңдер, ал, біз, әкімдік, күзде олар өз өнімін сатқан кезде бірінші кезекте судың қарызын төлеуін қамтамасыз етеміз».
Шардара қаласының тұрғындары үшін ең өткір мәселенің бірі ауыз су еді. Қырық жыл бұрын салынған құбыр жүйесі шіріп, тесілмеген жері қалмағандықтан, теңізден айдаған судың тұрғындарға оннан бірі ғана жететін. Әсіресе, көп қабатты үйлердің тұрғындарына обал-ақ еді. Сол себепті су жеткізуші құбыр желісін біреу ғана болса да жаңалатып берді.
Идеясы таусылмайтын Ибадуллаев «әлеуметтік қамқорлықпен аз қамтылған жұртқа ақшалай жәрдемақы бере бергенше, солардың еңсесін көтеретін бір іс істейікші» деп, жиырма үй салуды ұсынды. Бюджеттен әр мұқтаж отбасыға 350 мың теңге бөлінді. Ал, есептеп келгенде бір үй салуға 1 миллион 500 мың теңге керек екен. Ар жағындағы бір миллионнан астам теңгені әкім демеушілерден тапты, және бірінші болып өзі ақша қосты.
Әкімнің өзі Шардараның гүлденіп, көркеюі үшін жанын сала жұмыс істеп жүргенін көрген, оның ықылас-ниетінің бәрі шынайы екеніне көзі жеткен халық 70 мың түп көшетке де ақша жинап берді. Ол кісі кеткелі де қанша әкім ауысты, бірақ, Секеңнің ең болмаса қазақтың даласын көгертуге деген осы теңдессіз үлгісін табандылықпен жалғастырар біреуі де табылмады...
«Бәрін шешетін кадрлар». Ибадуллаев барған соң он бір басшыны ауыстырды, соның біреуінен ғана қателесті. Және бір жиналыста оның өзіне ескертті: «Мен қателесіппін, «алады» деген атың шығып барады, ертерек өз еркіңмен жұмыстан кет, әйтпесе түрмеге кетесің, өйткені бір алған адам ала бергісі келетін болады». Айтқаны айдай келді – ашқарақ неме бірнеше жылды арқалап кете барды, ел «Ибадуллаев әулие екен» десті...
Бұлтбай Мүтәлиев секілді дипломы бар «көшедегі шопырды, әкім бол» деп шақырды. Ол үшінші ретте барып келді... Бірақ, сенімін ақтап ауыл әкімі, аудан әкімінің орынбасары, қала әкімі, көп жыл мәслихат хатшысы болып істеді. Дәл осы – үш рет шақырғанда зорға келген – жолдан спорт мектебінің ұстазы, жаттықтырушы, бүгінгі мәслихат хатшысы Арман Қарсыбаев та өтті.
Ауданда талай адам Ибадуллаевтың арқасында өмірдегі өз орнын тапты. Секең сол беттілігінен облысқа ауысқанда да айныған жоқ. «Мен облыстық Энергетика басқармасын басқарып жүрген кезде үлкен бір жиналыста облыс әкімі Асқар Мырзахметовке: «Асқар Исабекұлы, мына үш ауданның әкімін жұмыстан босатыңыз! – дедім. – Созақтың әкімі Созақбай Әбдіқұловты орнынан алыңыз! Сіз қанша тапсырма бердіңіз, орындайын демейді, мені тыңдамайды».
Мырзахметов дүйім жұрттың алдында өзіне бұйыра сөйлегеніме таң қалды ма, маған бажырая қарады, бірақ, әбден күйген менің оның қалай қарағанына мән беріп тұратын жағдайым жоқ еді:
– Босатыңыз! – дедім тағы қайталап. – Мақтааралдың әкімін босатыңыз. Ауданды басқара алмайды ол. Бәрін былықтырып бітті. Бәйдібектің әкімін де босатыңыз!»
– Әкімге ашынып айтқаныңыздан нәтиже шықты ма?
– Үшеуін де орнынан алып тастады Мырзахметов! Созақбай қанша жыл сәлемдеспей жүрді менімен. Кәзір енді қайтадан сәлем беретін болып жүр».
Асқар Мырзахметов, Мұхтар Шахановтың сөзімен айтқанда, азаматтық мінез көрсеткен екен.
Атақты қолбасшы, асқан білімдар адам болған Наполеон Бонопарттың: «Адамзатқа келетін бәленің бәрі әр адамның өз орнын тауып отырмауынан» деген (бұның ақиқи сөз екеніне кәзір бәріміз куә болып жүрген жоқпыз ба?) ұлағаты сөзін ескерсек, Серікбай Ибадуллаев бұдан артық не істей алсын?..
Өмірзақ Ақжігіт,
Қазақ үні
P.S. «Айтылмаса – сөз атасы өледі». Дана бабаларымыз «алпысқа келгеннен ақыл сұра» дегенді біліп айтқан. Алпыс түгілі жетпістен асқан, бірақ, ақылы толысқанына қоса қайрат-күші де қайтпаған жетпістегі, сексендегі талай ер ел басқарып жүрген заман емес пе? Осы тұрғыдан келгенде бұрынғы, таза, нағыз қазақтың тілімен айтқанда «әлі бір қызды қартайтатын шамасы бар», Сырдың қызыл жыңғылындай тіп-тік Серік Ибадуллаевқа көп емес, үш жылға өзі туған Отырар ауданының тізгінін ұстатса ғой, шіркін! Құм даланың бүкіл елге үлгі етіп көрсетер гүл далаға айналып кетуі болып-ақ тұрған, көрініп-ақ тұрған іс қой! Тек, «соны ойлайтын бала болса», қолын ешкім қаға қоймас еді ғой...