КРЕАТИВТІ ЭКОНОМИКАНЫ ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАУ МАҢЫЗДЫ
2023 ж. 19 қыркүйек
837
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында Қазақстанда креативті индустрияны жаңа деңгейге көтеру керектігі жөнінде міндеттер қойды. Осыған орай биылғы жылы Қазақстандағы креативті экономикаға қатысты негізгі бағыттардың тізімі анықталды. Бұл тізімге музыка, кино және анимация, кітапхана, мұражайлар, халық қолөнері, IT, сәулет және сән сияқты көптеген түрі енгізілген. Оны нақты неден бастау керек? Оның қандай түрі дамытылып, халықаралық дәрежеде бағалана алады? Бұл бағытта біздің мүмкіндіктеріміз қандай? Ол үшін мемлекет тарапынан қандай қолдау болады? Президент тапсырмасын орындауға кіріспес бұрын, алдымен осы сияқты сұрақтардың басын ашып алу керек болар.
Ия, соңғы кезде әлем бойынша осы креативті экономика туралы жиі жазыла бастады. Оның әлеуетінің зор екені де айтылып жатыр. Тіпті БҰҰ әлемнің көптеген елінің қолдауымен 2021 жылды «Халықаралық креативті экономика жылы» деп жариялағаны белгілі. Креатив деген сөздің өзі жалпы алғанда қандай сала болмасын, қандай да бір іске шығармашылықпен қарайтын, тың және тиімді жолдарды іздестіру, сол арқылы жетістіктерге жету деген мағынаны білдіреді екен. Кейбір деректер бойынша «Креативті экономика» терминін алғаш рет ньюйорктік «Businessweek» журналы 2000 жылы қолданған. Креативті индустрия дегеніміз бүгінгі күні экономиканы дамытудың басым бағыттарының біріне, әлеуетті өнеркәсіптік саясаттың бір бөлігіне айналды. Бұл ерекше салалар Ұлыбритания, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа да алдыңғы қатарлы елдерде мемлекеттік қолдауға ие болып отыр.
Осы бағытта дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне көз жүгіртсек сол елдердің айтарлықтай бөлігі алдымен білімге, бірінші кезекте интеллектуальды ой еңбегіне басымдық береді екен. Оның елдегі жалпы экономиканың дамуына ықпалы 10 пайыздан асатыны көрсетілген. Ал, British Council зерттеулері көрсетуіне қарағанда әлем бойынша орта есеппен алғанда креативті экономиканың Жалпы Ішкі Өнімдегі үлесі 3 пайыз деңгейінде.
Бүгінде маңызы артып жиі айтылатын креативті экономика еліміздегі түрлі саладағы өндірісі ақсап жатқан және де өзге де барлық түйінді мәселені бірден шешіп тастайтын сиқырлы таяқ емес. Ол елдің экономикасының дамуына қосымша ықпал, серпін беретін құбылыс десек болады. Бұл туралы әртүрлі сала мамандарының пікірлері де баршылық. Мысалы киноиндустрияны алайықшы. Еліміздегі ең ірі киностудия «Қазақфильм» АҚ-ның өндіріс жөніндегі вице-президенті Айдар Омаровтың жариялаған пікірінше кино өнерін дамыту шығармашылық топқа жол ашып қана қоймайды, көрермендерді тәрбиелейді, өмірдің тарихтан бастап сан саласы туралы түсінік береді. Сол сияқты телеарналардың дамуына да ықпал етеді, кинотеатрлардың белсенді жұмыс істеуіне жетелейді. Демек бір кино саласының өзі басқа да бағыттарға зор әсер етеді деген сөз. Сол сияқты музыка, сәулет, баспа және өзге де салалар даму арқылы қосымша жұмыс орындарын ашып, мемлекет қоржынына қаржы құяды, адамдардың ой-санасын арттырады. Креативті экономиканың бір ерекшелігі – оған жердің қазба байлығы сияқты табиғи ресурстардың көп қажеттілігі жоқ.
«Президент көрсеткен бағыт өмірімізден орын алуы қажет. Мысалы, сіз креативті экономикаға үлес қосқыңыз келді делік, мемлекет тарапынан қолдау күтесіз, кейін бюджетке салық төлейсіз. Ол үшін сіз ұсынбақшы қызметіңіздің креативті экономикаға қосар үлесі мол екенін алдымен дәлелдеуіңіз қажет. Бізде экономикалық қызметті саралайтын ұлттық ұйым (ОКЭД) бар. Мәселе сол ұйым тізіміне креативті кейбір салалар мен кәсіпкерлер кірмей қалады. Сондықтан олардың ел экономикасына қаншалықты пайда әкелерін ешкім есептемейді. Мысалы, жарнама мен маркетинг саласы шет қалған. Тағы да айталық кинотеатрлар қызметі енгізілмеген. Кинотеатрлардың да кино саласына тікелей қатысы бар емес пе? Олар да түскен табыстан салық төлейді мемлекетке. Сондықтан бұл ұйым өкілдері кімге көмек қажет екенін, қандай саланы дамыту керектігін алдымен анықтауы қажет» - дейді ол.
Бұл іске қоғамдық ұйымдар да өз үлесін қосқаны жөн. Бұдан бұрынырақ креативті индустрияны қолдайтын қор ашу мәселесі көтерілген-ді. Алдынала болжам бойынша бұл қор мемлекеттік және жеке адамдардың 10 млрд. теңге көлеміндегі инвестициясы негізінде құрылмақшы болатын. Ол қалай жұмыс істейді, оны кім басқарады? Ол жағы әлі де анықталып нақтыланбаған.
Әлемде креативті экономиканы қолдайтын мұндай қорлардың жұмыс тәжірибесі бар. Солардың бірі – Лондондағы «Creative England» қоры. Рас, ол бастапқы кезде тек қана кино саласына қолдау көрсетті. Кейін заман талабына орай өзге де креативті салаларға көмек беретін болды. Мысалы, қордың алғашқы құрылған кезінде кейбір креативті кәсіпкерлерге олардың экономикалық әлеуетін анықтау мүмкін болмағандықтан банктер несие беуден бас тартқан. Оның үстіне олардың алатын несие мөлшері тым аз, қаржылық жағынан банктерге тиімсіз. «Creative England» қоры өздерінің сарапшылары арқылы жалпы құны 25 млн. фунт стерлинг тұратын жобаларды топтастырып банктерге ұсынып мәселенің шешімін таба білген. Біздің еліміздегі ашылатын қор осы «Creative England» қорының тәжірибесін және өзге алдыңғы қатарлы елдердің үлгілерін ескеріп іске кіріскені жөн.
Қазіргі кезеңде еліміздегі креативті экономика қандай деңгейде екенін айтсақ, Ұлттық экономика министрлігінің дерегінде бұл салада 95 мың адам еңбек етеді екен. Оның ел экономикасына қосып жатқан үлесі әзірге 2,7 пайыз көлемінде. Бұл салыстырмалы түрде алғанда төмен көрсеткіш емес. Аталмыш салада әр бағыттағы индустрияның дамуы әртүрлі. Бірі қарқынды дамыса, енді бірі мүлдем көлеңкеде қалған. Мысалы блогерлерді де креативті экономикаға жатқызуға болады. Сондықтан да олардың қызметі туралы мәселе көтеріліп, блогерлерді де салық төлеуге міндеттеу шаралары қаралуда.
Креативті экономиканы қолдау да біркелкі емес. Мысалы киноматография саласына мол қаржы бөлінеді. Соған қарамастан кемшіліктер де бар. Бізде кино өнімдері сарапшылары жетіспейді.Сондықтан кино туындарын алға жылжыту жұмысы жоқтың қасы. Оларды халықаралық деңгейде таныту, экспортқа шығару әлсіз жүргізіледі. Себебі бұл бағытқа қаражат ескерілмеген. Шетелде кино өндірісіне бөлінген қаржының қомақты бөлігі дәп осы мақсатқа жұмсалады. Бізде бұған тым болмаса қаражаттың 10 пайызы да арналмайды. Халықаралық байқауларда жүлде алып жүрген біздің кино туындыларына деген сұраныс шетелдер тарапынан бар. Бірақ соны жылжытатын, әлемге қазақ киносын танытатын тетіктер дұрыс жұмыс істемейді.Ал кітап басып шығару мен музыка саласына қаражат мүлдем аз бөлінеді, лайықты қолдау көрсетілмейді. Осындай жағдайларды ескерген мемлекет басшысы «Креативті индустрия субъектілері өндіріс ерекшелігіне байланысты кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына толық қатыса алмайды, қаржылай көмек те ала алмайды. Оларға қолдау көрсетуге арналған шаралардың жеке топтамасын әзірлеу қажет деп санаймын» - деді Қазақстан халқына Жолдауында. Үкімет осы бағыттағы жоспарларын жасаған кезде бұл ескертулерді басты назарда ұстаса дейміз.
Әрине, бізде бұл бағытта ештеңе істеліп жатқан жоқ деп аузымызды қу шөппен сүртуге болмас. Аты жаңаша болғанмен оның заты өмірлік тәжірибеде баяғыдан бар екені даусыз. Мысалы, қол еңбегін жеңілдету үшін ой еңбегі көмекке келеді, жаңа технологиялар ойлап табылады. Креативті индустрия қарапайым шығармашылық қызметтің әртүрлі салаларында жаңашыл инновациялық технологиялардың алатын орнымен ерекше. Мысалы, жерлесіміз Иманбек Зәйкеновтің әлемдік «Грэмми» музыкалық премиясының жеңімпазы атануы да креативті индустрияның музыка, өнер, жарнама, сәулет, кинематография, анимация, дизайн салаларындағы шығармашылық қызметпен тікелей байланысты екенін көрсетті. Бұл Иманбек сияқты ойлау қабілеті ұшқыр, креативті, талантты жастарды біріктіретін болса, заманауи цифрлы құралдар арқылы өмірдің түрлі саласында жетістіктерге жетуге болады. Талантты жастарды біріктіретін орталықтар соңғы жылдар көптеп ашылуда.
«Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналуда. Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде, зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе.» - деп көрсетілген мемлекет басшысының жолдауында.
Жолдауда креативтік экономиканы дамытуға бағыт-бағдар берілді. Ал оны орындау, нақты іске асыру үкіметтің, одан қалды бүкіл қоғамның басты міндетіне айналып, оған жан-жақты қолдау көрсетілуі керек.
Зейнолла Абажан,
Қазақ үні