ДІН КӨШБАСШЫЛАРЫ – ӘЛЕМДЕГІ МЕЙІРІМДІЛІК ПЕН ӘДІЛДІКТІҢ САЛТАНАТЫ
2023 ж. 13 қыркүйек
598
0
2022 жылдың 14-15 қыркүйек күндері Астана қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтті.
Осы Дінаралық съезге 50-ден аса елден 100-ден астам делегация мен 200-ден астам шетелдік және 300-ден астам қазақстандық БАҚ өкілдері қатысқан. Іс-шарада Рим Папасы, әл Азхардың шейхы, Бас имам Ахмед әл Тайеб, Түркия Дін істері басқармасы төрағасының орынбасары доктор Селим Аргун, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы Шейх-ул-ислам Аллаһшукюр Паша-Заде және басқа да ислам, христиан, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің беделді өкілдері мен діндер көшбасшылары және халықаралық ұйымдардың өкілдері бас қосты.
Белгілі діни қайраткерлердің елімізге келуі Қазақстан Республикасының татулық пен тұрақтылықты, толеранттылықты қолдайтын ел екендігін білдіретін көзқарасты одан әрі бекемдей түседі.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші жиыны 2003 жылы өткізілді. Сол Съезде дінаралық форумды 3 жылда 1 рет тұрақты түрде өткізу туралы шешім қабылданып, халықаралық және конфессияаралық диалогтың тұрақты органы – Съезд Хатшылығын құру туралы ортақ мәмілеге келді және Еліміздің тарихындағы ең ірі халықаралық іс-шараға айналды. Содан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының форумы Қазақстанның бас қаласы Астанада күні бүгінге дейін жеті мәрте ұйымдастырылып жоғары дәрежеде өткізілді.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің басты тақырыбы «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі».
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезінің екі күндік жұмысын қорытындылай келе, қазақ жері осы күндері түрлі мәдениеттердің сындарлы сұхбат орталығына айналғанын және Дүниежүзінің беделді дінбасылары осы жерде бір шаңырақтың астына жиналды деп атап өтті.
Мемлекет басшысы коронавирустың таралуы экономика, саясат, әлеуметтік қатынастар сияқты өмірдің барлық саласына кері ықпалынын болғанын. Карантиндік шаралар тауар тасымалдау жолдары мен қызмет көрсету, туризм, көлік және басқа да салаларға кері әсерін тигізгені. Дағдарысқа қарсы мемлекеттік шығындардың артуы экономиканың құлдырауын тежеуі, бірақ жаһандық инфляцияның өсуіне ықпал етуі. Ірі державалар арасында геосаяси қайшылықтардың күшейуі, әлемнің түкпір-түкпірінде шиеленістер үдей түскендігіне де басты назар аударды.
Осы іс-шара аясында қатысушы елдер мен әлеуметтік топтар үшін де тағы басқа өзекті мәселелер көтеріліп, дәстүрлі ғана емес, сонымен қатар қазіргі қоғам үшін өзекті тақырыптар да талқыланды. Секциялық отырыстарда радикализмді, сенімсіздікті, ксенофобияны еңсеру жолында білім беру мен діни ағартуды дамытуға, әр діннің бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге байланысты мәселелер, әйелдердің отбасы мен қоғамдағы мәртебесін нығайтудағы қазіргі діни ұйымдардың рөлі және т.б. маңызды мәселелерді қозғайтын отырыстар жұмыс жасады. Бұл VII Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басқосуының маңыздылығын көрсетсе керек.
Бұл бас қосуда діни лидерлер болашақтағы өзара сенімге құрылған үйлесімді әлемнің негізі ретінде қоғамдардағы келісім мен тұрақтылықты орнатуға қызмет ететін бірлескен іс-әрекеттер туралы Декларация қабылдап, қорытынды құжатта форумға қатысушылардың өркениетаралық және конфессияаралық, сондай-ақ жаһандық дамудың өзекті мәселелеріне деген ұстанымын білдірді.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің маңызы, әлемдік бейбітшілікті сақтауға қосылған үлесі, татулыққа үндеуі, өзара түсіністік пен үйлесімділікке әкелуі деп қабылдауға және өзіндік тарихын қалыптастырған бірегей дінаралық диалог алаңына айналды деп айтуға әбден болады.
Осылайша, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезі өркениетаралық диалогты қамтамасыз етуге және бейбітшілікті, елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға маңызды үлес қосады. Сондай-ақ жалпы әлемдік кедергілерді еңсеруге жол ашады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының жиынын Қазақстанда өткізу осы саладағы халықаралық ынтымақтастықтың кең перспективаларын ашу және діни экстремизм мен терроризм сияқты жағымсыз көріністерді тоқтатуға, болдырмауға жәрдемдесу.
Ал әлем халқын соғыстан сақтау және түрлі нәсілдер мен сенімдер арасындағы түсінбестікті шешу мен өшпенділікті болдырмау үшін әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерін келісімге келтіру ХХІ ғасырдағы басты ізгілікті іс екені күмәнсіз.
Дүние жүзі елдері арасында соғыс өрті лаулап тұрған аумалы-төкпелі кезеңде Қазақстан мемлекеті халықаралық қақтығыстарды бейбіт және ашық түрде шешуді жақтайтыны белгілі. Барлық қырғи-қабақ келеңсіздіктер диалогтың жоқтығынан болады, ал Қазақстан елі тек бейбіт байланыс алаңын ұсынады. Діннің рөлі уақыт өткен сайын артып бара жатқан кезеңде, діни фанатизм мен экстремизмнің таралуына жол бермей, руханиятты сындарлы түрде сақтау маңызды.
Әлемдік діндер басшыларының жиыны әлемде диалог мәдениетін тарату, әлемдік және дәстүрлі діндерді жақындастыру, рухани көшбасшылардың адамзат дамуының өзекті мәселелері бойынша бірыңғай ұстанымды әзірлеуі тұрғысынан маңызды рөл атқарды. Қазақстан халқы әрқашан ашықтық, толеранттылық, бейбітшілік қағидаларын ұстанып, басқа діндерге құрметпен қарайды.
Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы,
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры,
Қазақстандық Кітапханалық Одақтың төрайымы