ТЕНДЕР ИТ ПЕН МЫСЫҚҚА ДА ТҰСАУ БОЛЫП ТҰР

ТЕНДЕР ИТ ПЕН МЫСЫҚҚА ДА ТҰСАУ БОЛЫП ТҰР

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңдарға сәйкес елімізде үй жануарлары мен иесіз қараусыз қалғандарды да есепке алу кеңінен жүргізілуде. Әрбір қазақстандық 1 қыркүйекке дейін иелігіндегі үй жануарларын чиптеуге міндеттелді.Бұл жүргізіліп жатқан ауқымды науқанды біреулер қолдаса, қоғам мүшелерінің кейбірі оған түбегейлі қарсы. Оның да бірқатар себептері бар...

        Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәлімдеуінше, чиптеу жануарларға деген адамның көзқарасын өзгертіп, қарым-қатынасты реттеу үшін ұсынылған іс-шара екен. Сондай-ақ бұл шара ит пен мысықтың санын білуге, қараусыз қалған қаңғыбас иттердің санын азайтуға да септігін тигізетін көрінеді. Мамандардың айтуынша, үй жануарларын чиптеу ине арқылы жүзеге асады. Чип жануардың мойын мен арқа тұсының ортасына енгізіледі. Бұл ит пен мысықтың қозғалысына кедергі келтірмейді. Кішкентай күріш дәні түріндегі чипті тері астына енгізеді. Оның құрамындағы сәйкестендіру нөмірі мәңгілікке қалады. Чиптер, болюстер немесе басқа да сәйкестендіру бұйымдары орнатылғаннан кейін жануар туралы мәліметтер «Kezekte.kz» порталы арқылы «Таңба» ақпараттық жүйесіне тегін енгізіледі. «Таңба» порталы әзірге ұшқыр жоба режимінде іске қосылған. Порталда үй жануары иелерімен бірге есепке алынатын болады. Жүйеде жануардың аты, шыққан тегі, салмағы мен бойы, вакцинация алуы туралы да мәліметтер толыққанды жазылады. Сондай-ақ жануардың иесі туралы да ақпараттар енгізіледі ЭЦҚ-кілт арқылы тіркеу барлық жеке және заңды тұлғалар үшін қолжетімдігі де айтылып жатыр. Сонымен қатар аталған жүйеде «Іздеу» батырмасы бар. Егер чиптелген жануарды кез келген ветеринариялық клиникаға апарып, арнайы құрылғымен сканерлейтін болса, онда жануар туралы мәліметті лезде анықтауға болады. 

    Міндетті чиптеуге дайындық аясында елімізде қыркүйекке дейін үй жануарларына чипті тегін енгізуге болады деп әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланғанмен, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңның 11-бабына сәйкес үй жануарларын есепке алу бұйымдарын пайдалана отырып, ақылы негізде жүргізіледі деп те жазылуда. Ал егер қыркүйекке дейін үлгермесеңіз, ақылы негізде енгізесіз деген де ақпараттар да таралып кетті. Еnergyprom.kz порталының ақпаратына сай, еліміздің ірі қалаларында мысықтар мен иттерге чип тағу қызметінің бағасы 3,5-8 мың теңге аралығында болмақшы. Нақты айтсақ, хабарламаларда бірізділік жоқ. Жануарлардың иелері әлеуметтік осал топтарға жататын болса, есепке алу бюджет есебінен жүзеге асырылады. Үй жануарларын тіркеу үшін жекеменшік клиникаларға немесе мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың көмегіне жүгіне алады.           

       Чиптеудің ақылы немесе тегін болуы өз алдына, егер бұл талап орындалмаса, онда жануар иесіне әкімшілік айыппұл салынады дегені тағы бар. Бірінші мәрте анықталған жағдайда егесіне ескерту беріледі. Ескертуден кейін де ешқандай шара қабылдамайтын болса,жеке тұлға үшін10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге тура келеді (34 500 теңге). Лауазымды тұлғаларға – 20 АЕК (69 000 теңге), заңды тұлғаларға – 30 АЕК (103 500 теңге) көлемінде айыппұл белгіленген. Осы құқық бұзушылық бір жылдың қайталанса, айыппұлдың көлемі екі есеге артады. 

      Осы тұста тұрғындар тарапынан түрлі пікірлер айтылып жатыр.

Үй жануарларын қорғаушылар баршылық, түрлі қоғамдық ұйымдар да жетерлік. Кейбір қалалық мәслихаттар шұғыл түрде оларды қорғайтын жаңа ережелер де қабылдап жібергені белілі. Апатқа түсіп қайтыс болған адамдарға назар аудармаса да, итін көлік қағып өлтірген иесіне барып жұбатып, «көңіл айтқан» әкімдер де болды. Жануарларды қорғау туралы жаңа заңдар да қабылданып жатыр. Құқық жағынан олар адамдармен теңесті деуге де болады. Қысқасы бүгінгі күні үй жануарларының біздің үкіметке айтар өкпесі жоқ шығар...

     Сонымен бірге «Ит пен мысықты осыншалық әспеттегенше, көшеде жұмыссыз, баспанасыз далада түнеп жүрген, сақалы-мұрттары өсіп ұсқынын жоғалтқан қаңғыбас адамдарымызға неге көмектеспейміз? Осыншама қаражатты ит пен мысыққа жұмсағанша сол тағдырдың тәлкегіне түсіп қалған, тұйықтан шыға алмай жүрген адамдарымызға жұмсасақ анағұрлым ұтымды болар еді. Адамдарымыздың ит құрлы қадірі қалмағаны ма?» деген сияқты ашық, өткір пікірлері де айтылуда.

Мысалы, Аслан Таштанов есімді азамат жануарды чиптеуге қарсы екендігін айтып, онлайн-петиция құрған. Асланның айтуынша, чиптеу қаңғыбас иттердің санын арттырмаса, кемітпейді.

– Чиптеуді міндеттеу кейбір тұрғындар үшін қиыншылық тудыруы мүмкін. Мәселен, чиптеу, ветеринарлық клиникаға барудың өзі қаражатты талап етеді. Кейбір жануарлардың егелері бір ғана жалақыға, зейнетақыға қарап отыр. Бұл ауыртпашылықты азайту үшін олар жануарларды көшеге шығарып жіберуі мүмкін, – дейді ол.

Петиция 4 күнде 8 654 өзін жақтаушылардың дауысын жинаған екен. Сол мыңдаған адамдыі тек қана 752-і петицияны қолдамайтынын білдірген.

          Ия,үй жануарларын қорғау мәселесі бүгінде қоғамда қызу талқыланатын тақырыптың бірі болып отыр. Дегенмен қандай шешім қабылдасақ та барлығы заң аясында жүзеге асырылғаны жөн. Сол заңды қабылдайтын өзіміз болғандықтан оның қолдануға қолайлы, санаға сыйымды болған абзал. Жануарларымызға әрдайым жауапкершілікпен қарап, қамқорлығымызды көрсету қажет. Итті жеті қазынаның бірі деп есептеген қазақ атамыз да оған ғасырлар бойы үлкен мән беріп келген. Мал-мүлкін күзетіп, өздерін жаулардан сақтандырып қорғаған иттің әрине адамдарға тигізер пайдасы мол. Сол сияқты ежелден келе жатқан аңыздарда айтылатындай, «Жамбасың жерге тимесін!» деп пайғамбардан бата алған мысықтың да адам өмірінде алар орны зор.

        Жануарларды қорғау туралы заңдардың артықшылығы жоқ, тіпті қажет те. Жануарларды адамдар қорғамаса ол өздігінен үкіметке бізді қорғаңдар деп ұсыныс жасай алмасы белгілі. Ең бастысы сол заңдардың уақтылы, нақты орындалуында емес пе? Біздегі қалыптасқан тәжірибе бойынша неше түрлі заңдар қабылданып, бастапқы кезде қызу қолдауға ие болып, үлкен науқанға айналғанмен соңы сиырқұйымшақтанып ұмытылатыны жасырын емес. Бұл заң да сол бұрынғылардың жолын құшатын түрі бар. Өйткені үй жануарлар чиптеу әр аймақта әртүрлі жүргізілуде. Әлеуметтік желіде таралған ақпараттарға қарасақ бұл іс Астана, Тараз қалалары мен Солтүстік Қазақстан облыстарында жақсы өтіп жатқанға ұқсайды. 

        СҚО облыстық ветеринария басқармасының баспасөз хатшысы Аманжол Нұртазиннің айтынша бүгінгі күннің өзінде 1550 ит пен мысық чиптелген. «Жалпы, чиптеу әлжуаз топқа жататын азаматтардың жануарлары үшін тегін жүргізіледі. Ол мемлекеттік тұрғыда қарастырылған. Жалпы, облысымызда чиптеуге 53,4 млн. теге бөлінген. Қосымша 1 мың чип сатып алынды. Кез келген тұрғын бұл қызметті арнайы ветеринариялық клиникалар мен станцияларда пайдалана алады» - дейді А. Нұртазин.

     Ал, еліміздегі алып қала Алматыда жағдай мүлдем басқаша. Осы күнге дейін осы қызметті көрсетуге тиісті кәсіпорындар арасында тендер де өткізілмеген. Редакциямызға хабарласқан алматылық оқырмандарымыздың өтініші бойынша біз де осы мәселеге ден қойп көрдік. Бірнеше ветеринарлық мекемлерге екі апта бойы телефон шалғанмен ештеңе өнбеді. Бәрі де бірауыздан тендер өтпегенін айтып құтылды. Тендерді өткізетін қалалық кәсіпкерлер басқармасына жүгінгуге тура келді. Басқарманың ветеринария бөліміндегілер (тел. 3902118) де тендердің әлі өтпегенін айтып қалалық әкімдіктегілерге сілтеді. Ал біздің Алматы қаласы әкімдігіндегі телефондар мүлдем жұмыс істемейтін сияқты. Таңертеңнен кешке дейін «Операторлар бос емес, кейінірек хабарласыңыз» дегеннен басқа жауап бермейді. Штаты жыртылып айырылатын әкімдіктегілер күні бойы не бітіретіні белгісіз. Әкімдік сайытынан да жөнді ақпарат ала алмайсыз. Дегенмен құдайға қараған бір бөлім бар екен телефон тұтқасын көтеретін. Ол әкімдіктің өзі емес, қоғамдық қабылдау бөлімі. Солардың берген телефонына (3903567)хабарлассақ ешкім жауап бермейді, немесе бос болмай шығады. Соған қарағанда телефон тұтқасын алып тастайтын болуы керек. Сонда олар қала тұрғындарына қандай қызмет көрсетіп жатыр? Телефондары жауап бермесе мыңдаған қалалықтар өз мәселесін шешу үшін арнайы барып әкімдіктің есігін күзету керек пе?.. 

    Алдында айтқанымыздай үй жануарларына чип салынбаса айыппұл салынатыны ескертілді. Ал осыған жауапты мамандар істі шұғыл ұйымдастыратын түрі жоқ. Әлде бұл шара да әдеттегідей жемқорлардың қолына тиді ме? Мемлекеттен берілген ақшаны бөлісе алмай жатыр ма? Ал тұрғындар уақыт өткен сайын не істеу керектігін білмей дал. Ертеңгі күн айыппұл төлейміз бе деген қорқыныштары басым. Тендер қашан өткізіледі? Бюджеттен арнайы ақша бөлінсе ол неге тегін жасалмайды? Чип салу уақыты Алматыда ұзартыла ма?

    Сұрақ көп, жауап жоқ. Тажал тендер адамдарымыздың ғана емес, енді ит пен мысықтарға бөлінген қаржыға қол салғаны ма? «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңымыздың орындалу сиқы осы ма?...

 

ДҮБІРЛІ ДҮНИЕ

              

        ҮНДІСТАННЫҢ АТАУЫ ӨЗГЕРУІ МҮМКІН 

        Шетел басқыншыларының ыңғайына қарай Үндістан аталып кеткен үнді елі енді Бхарат деп аталуы мүмкін. Үнді үкіметі елдің тарихи атауын қайтармақ ниетте. Тіпті парламенттің арнайы сессиясына тиісті қарар дайындалыпты. «Ел Конституциясының 1-бабына Бхарат атауы енгізіледі» - деп Үндістан ұлттық конгресінің басшысы Джайрам Рамеш әлеуметтік желіде мәлімдеді. «Кезінде британдықтар Бхарат атауын Үндістанға ауыстырып еді. Біздің ел мыңдаған жыл бойы Бхарат атауымен танылған. Ал Үндістан атауы отаршылдықтың символы іспеттес, сондықтан Үндістан деген сөз ел конституциясынан алынып тасталуы керек» - дейді үкіметтегілер. G20 саммитінің ресми кешіне шақыру қағазына Бхарат Президентінің атынан қол қойылғанына қарағанда бұл жақын арада іске асатын шешімге ұқсайды.


                 ӨЗБЕКТЕР ЗАҢҒА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗДІ

    Өзбекстанның Олий Мәжілісі елдің Қылмыстық кодексіне және Әкімшілік жауапкершілік туралы кодекске өзгеріс пен толықтыру енгізетін заң жобасын мақұлдады. Құжатқа сәйкес, ұлты, нәсілі, этникалық және діни белгілері бойынша азаматтардың үстемдігін немесе толымсыздығын насихаттау, заң тәртібімен тіркелмеген некені діни рәсіммен қию, екі және одан көп әйелмен бірге тұруды насихаттау, әйелдер мен ерлердің тең құқығын ашық түрде мойындамау, азаматтың бет-бейнесін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орында киіп жүретіндерге тиым салынып, жауапкершілікке тартылатын болады.

        Айта кетейік, Қырғызстанда да қоғамдық орындарда бетті толығымен жасыратын паранжа киюге заңнамалық деңгейде тыйым салу ұсынылды. Бұл туралы 7 қыркүйек күні Қырғызстан Республикасы Жогорку Кенешінің отырысында депутат Шарапаткан Мәжитова мәлімдеді.

ТАБИҒАТТЫҢ ТОСЫН МІНЕЗІ ЖАЛҒАСУДА

        Соңғы жылдар төзімін тауысқан табиғат тосын мінез көрсетуде. Бір жерлерде аптап ыстық болса, енді бір жерлерді топан су басып жатыр. Қытайдың Фуджиан және Гуангу провинцияларында «Хайкуй» тайфуны соғып, 70-ке жуық қаланы су басты. Путянь қаласында тасқын кезінде үйлерінен шыға алмай қалған 90 адам құтқарылды. 1 тәулікке созылған нөсердің салдарынан үйлер қирап, жолдар жабылды. Қытай метеорологтарының мәлімдеуінше, бұл – осы жылдың 11-ші тайфуны. Сондай-ақ Қытайдың Канси өңірін орман өрт шарпып, 50-ден астам адам эвакуацияланды. Қазір ел үкіметі қауіптің қызыл деңгейін белгіледі.

Сол сияқты Түркияның екі бірдей өңірі топан сумен арпалысып жатыр. 2 мыңға тарта ғимарат зақымданып, 5 адам опат болған. Ағын судың да қатты болғаны сонша көлікке дейін ағызып әкеткен. Түркияның екі бірдей қаласында толассыз жауған нөсер селге ұласты. Материалдық шығын да орасан. Соңғы ақпарат бойынша 1 754 үй мен ғимарат зақымданған. 

Зейнолла Абажан, 

Қазақ үні