«Орысша сынып ашпасаңдар - Путинге айтамын» деген ата-аналардан не күтуге болады?!. - Қазыбек Иса
2023 ж. 11 қыркүйек
1547
4

«Орысша сынып ашпасаңдар - Путинге айтамын» деген ата-аналардан не күтуге болады?!. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса Түркістан қаласында өткен білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде сөйлеген сөзінде айтты, - деп хабарлайды «Қазақ үні» ақпарат агенттігі.
- Астанадағы жағдай – бірінші сыныпқа барған 25 мың баланың 40 пайызы орыс тіліне баруы, орыс сыныптарының басым бөлігі қазақ балалары болуы Тәуелсіздіктің 32 жылындағы Ұлттық идеологияның нөл екенін көрсетеді. Жаңа өздеріңіз куә болғандай, Тәуелсіз ел үкіметінің идеологиялық вице-премьері Ресей тілінде жасаса, қандай ұлттық идеология?!.
Қазақ балаларының орыс тіліндегі мектепке көптеп баруы -Ата-аналар таңдауы деген жалпақшешейлік пен босбелбеулікті тоқтату керек! Ең алдымен мемлекеттік мүдде - ұлттық мүдде болуы тиіс!
Былтыр парламент депутаттары, біз өзіміз куә болған Астанадағы “орысша сынып ашпасаңдар - Путинге айтамын” деген ата-аналардан не сұрауға, не күтуге болады?!. Осындай Тәуелсіз елді қорлаған сұмдық та, құлдық масқара сөзді айтып отырған әйелдің күйеуі Қорғаныс министрлігінде істейді екен! Яғни, бгл сөз олардың отбасында жиі айтылатын сөз болып тұр ғой?!. Бұндай ата-аналарды ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндірушілер деп қарап, Ұлттық қауіпсіздік комитеті айналысуы керек, тек ұлтшылдардың соңына түсе бермей, - деді Мәжіліс депутаты.
Еске сала кетейік, «Қазақ үні» ақпарат агенттігінде Мәжіліс депутаты, ақын Қазыбек Исаның Түркістан қаласында өткен білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде сөйлеген сөзі жарияланған болатын.
Сонымен қатар, былтыр сәуір айында Астана қаласындағы №93-мектебінің бір топ ата-анасы мектептен орыс тілінде оқытатын аралас сынып ашуға қатысты мәселе көтерген. Аталған мәселеге байланысты мектеп басшылығы ашық жиын өткізген. Жиынға Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса бастаған бір топ депутаттар мен зиялы қауым өкілдері қатысты (фотода).
Жиын соңында бір ата-ана жиынды толық видеоға түсіріп алғанын және оны Ресей президенті Путинге жолдайтынын айтып қорқытқанын жазған болатынбыз.