Әкімдік жөндеуіне 1,5 млн бөлген Лениннің ескерткішін тракторшы қиратып түсірді
2023 ж. 08 қыркүйек
7267
6

Әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстан облысы Алтай қаласында жөнделіп жатқан Ленин ескерткіші қирап қалғаны туралы видео тарады. Орын алған жайтты қала әкімдігі растады.
Белгілі болғандай Алтай қаласының орталығында орналасқан Лениннің ескерткішіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан. Тіпті бұл мақсатта аудан әкімдігінен қаражат бөлінген. 15 тамыз күні жұмыс барысында мердігер компанияның жүк тиегіш көлігі ескерткішті құлатып, қиратып алған.
Еске сала кетейік, Алтай қаласының орталық алаңында орналасқан Ленин ескерткішін жөндеуге аудандық бюджеттен 1,5 миллион теңгеге жуық қаржы қарастырылды. Бұл туралы yk-news.kz хабарлады.
Алтай өңірлік мәслихатының сессиясында 2023 жылға арналған бюджетті нақтылау кезінде ескерткішті жөндеу мәселесі көтерілген. Аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының айтуынша, оған 1 млн 449 мың теңге қарастырылған. Жөндеу биыл жүзеге асырылады деп жоспарланғанымен, мердігерлерді іздеу бойынша тендер әлі өткізілмеген.
"Ескерткіштің өзі емес, тұғыры жөнделеді. Ара-тұра жауын-шашын әсерінен бетон негізі құлай бастады. Ылғал, аяз және ауа-райының күрт өзгеруі гранитті плиталарды қозғап, тігістері ашылған. Жөндеу кезінде плиталар бөлшектеліп, негізді жаңа бетонмен құйып орнатамыз", – деп түсіндірді "Шығыс Строй Проект" ЖШС техникалық жетекшісі Сергей Оградов.
Атап өтейік, осы мәселеге қатысты Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса да әлеуметтік желіде пікір білдіріп, «Ескерткіш құлатқандарға ескерткіш тұрғызатын заман келеді» деген еді.