БҰЛ ЗАҢ ЖОБАСЫНЫҢ ҚАЗАҚШАСЫ - ҚАЗАҚША ЕМЕС - Қазыбек Иса

БҰЛ ЗАҢ ЖОБАСЫНЫҢ ҚАЗАҚШАСЫ - ҚАЗАҚША ЕМЕС - Қазыбек Иса

1 қыркүйектегі ҚР Парламенті Мәжілісі VIII шақырылымы екінші сессиясының жаңа жұмысы, бірінші жалпы отырысы Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Қазыбек Исаның қазақ тіліне байланысты наразылығымен басталды.

-Біз қабылдауға алып отырған мынау заң жобасы тақырыбының қазақшасы - қазақша емес! Соны айтайын деп едім -деді Қазыбек Иса.

-Қай тілде екен?-деп сұрақ қойды депутатқа Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

-Түсініксіз тілде! Бірақ қазақша емес!

-Жақсы! Еділ Терекбайұлы, комитетте заң жобасымен жұмыс істегенде, жұмыс тобында осы ұсынысты қарастырасыз.

-Мен өз ұсынысымды айтып жіберейін. «Халықаралық су ағындарын кеме жүрмейтін пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенцияны ратификациялау туралы» деген сөзден ешнәрсе түсінген жоқпыз.

Аударма қате, дұрыс емес. Негізі бұл заң жобасының аты қазақша: «Халықаралық су ағындарының кеме жүрмейтін түрлерінің пайдалану құқығы» туралы конвенцияны ратификациялау туралы» болуы тиіс. Соны жөндеп қоюын қалаймыз.

-Жалғыз сіздің айтқаныңыз ақиқат болмайды ғой?! Оны қарау керек жұмыс тобында.-деді спикер.

-Бұл менің өз ұсынысым. Талқылаймыз ғой.

-Жақсы. Мүмкін солай шығар. Негізі, шынында да «су ағындарының» дегенді дұрыс, түзеу керек.

Мәжілістің жаңа сессиясы басталған күннен алдымыздан шыққан заң жобаларының қазақшасының түсініксіз, нашарлығы «Парламентте заң жазу алдымен мемлекеттік тілде болуы керек» деп, талайдан бері көтеріліп келе жатқан ұсыныстың бекер емес екенінің дәлелі.

Өткен сессияда бұрынғы вице-премьер А. Көлгінов 2024 жылдан бастап, парламентке заңдар алдымен мемлекеттік тілде жазылатыны туралы айтқан болатын.

Мемлекеттік тіл туралы заң қабылданбай, көрген күніміз осы!?

Азамат Тасқараұлы, 

Қазақ үні