Тұрақты даму мақсаттарының бірі – сапалы білім
2023 ж. 01 қыркүйек
1246
0
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жолдаудың негізгі түйіні Қазақстанның жаңа экономикалық үлгіге көшуі, яғни бүкіл экономикалық жүйені түбегейлі қайта қарау. Қазақстанның басты мақсаты дамыған елдердің қатарына қосылу, халықаралық нарықта өз орнын қалыптастыру болып табылады. Қазақстан геосаяси жағдайы дамыған елдердің бірі. Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткендей, жаһандық экономика мен халықаралық еңбек нарығы өзгеріп жатыр. Сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер елге қауіп төндіргеніне қарамастан, Қазақстанның экономикалық жағдайы бірқатар жоғарғы көрсеткіштерге ие: ЖІӨ 104 трлн теңгені құрады және 28 млрд дол. шетелдік инвестициялар тартылды, сыртқы сауда 136 млрд дол., оның ішінде экспорт 84 млрд дол. құрап отыр.
Мемлекет басшысы Жолдауда Қазақстандағы бірқатар мәселелерді атап өтті. Олардың негізгілері шикізатқа тәуелділік, өңдеуші секторды дамыту, туристтік әлеуетті арттыру, бәсекелестік артықшылықтарды тиімді пайдалану, отандық кәсіпкерлікті дамыту, ішкі нарықты қорғау, сауда-саттық саясатын дамыту, АӨК дамыту, халық әлеуметтік жағдайын арттыру, кедейлікті жою, кірісті арттыру.
Қ.К.Тоқаев АӨК саласына ерекше тоқталып өтті. Себебі, алдағы 3 жылда Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты агронарыққа айналуы тиіс. Ауыл шаруашылығындағы кәсіпорындардың дамуына, ескірген техникаларды жаңартуға, инновациялар мен жоғары технологияларды пайдалануды қолға алу қажет. Егістік шаруашылығында жаңа реформаларды жасап, суды көп қажет ететін егістікті азайту, жаңа сұрыпты дәнді-дақылдарды шығару мәселелерін шешуді ұсынды.
Қазақстанда жасыл экономика соңғы жылдары 5%-ға өсті. Дамыған елдерде шикізатқа тәуелді емес, жаңартылған энергия көздеріне негізделген экономика қарқынды дамуда. Қазақстан жасыл экономикаға көшу қажет. Аталып өткен мәселелерді шешу жолы ретінде инновациялық экожүйелерді құру қажеттілігін көрсетті. Астана хабы тәжірибесін кеңінен пайдалануымыз қажет.
Бүгінгі таңда цифрлық трансформациялар мен цифрландыру процестері ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ғана емес, өмірдің барлық салаларын қамтитын жалпы әлемдік трендке айналуда. Цифрлық технологиялар мен цифрлық трансформациялар кез келген елдің бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыруда басым болып табылады. Қазақстан цифрландыру бойынша жақсы көрсеткіштерге ие. Президент жасанды интеллект мүмкіндіктерін толық пайдалануға шақырды.
Тұрақы даму мақсаттарының бірі сапалы білім беру. Осы мақсатта, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономика кафедрасында 2021 жылы енгізілген «Цифрлық экономика» жаңа білім беру бағдарламасын атап өтуге болады. Алдағы бес жылда әлемдік экономика мен жаһандық еңбек нарығының дамуы туралы болжамдарға сәйкес түлектер жергілікті және әлемдік еңбек нарығында сұранысқа ие болады. Білім бағдарламасын аяқтау туралы дипломдар еңбек нарығында тар бейінді мамандықтарды бітіргендерге қарағанда артықшылық береді. Сонымен қатар, бакалаврлар магистратурада оқуын жалғастыра алады.
Креативті индустрия құруда талантты жастарға назар аударуды, жұмыспен қамтуды, Үкіметке стратегиялық тұрғыдан маңызды саланы кешенді түрде дамыту жоспарын құруды тапсырды. Яғни ғылым, мәдениет және заманауи шығармашылық салалары бойынша еліміздің барлық өңіріндегі дарынды жастарды тартуға мүмкіндік ашу қажет. Осыған байланысты креативті жастарға бөлек қаржыландыруды жолға қою керек. Тек Алматы, Астана, Шымкент қалаларында ғана емес, Қазақстанның барлық өңірлерінде дарынды жастарға берілетін мүмкіндіктерді арттыру қажет.
Президент экономиканың тұрақты өсімін 6-7% деңгейінде, ұлттық экономиканы 2 есеге ұлғайту, яғни 450 млрд дол. құрау қажет деген тапсырма берді. Бұл, әрине, ұзақ уақыт пен қажырлы еңбекті талап етеді. Бірақ, соған қарамастан дамыған және бәсекеге қабілетті ел боламыз десек экономиканың ахуалын жақсартуға барынша атсалысу қажет.
Ғалия ДАУЛИЕВА,
экономика ғылымдарының кандидаты,
«Экономика» кафедрасының меңгерушісі